Елорданың айналасын жағалай жатқан бұл өңір – егінінің берекесі мен төрт түлігінің ырысын қатар өрген өлке. Өңірде астық та, ет те, сүт те, картоп та, жұмыртқаға дейін өндіріледі. Берекелі тірлік пен көл-көсір мол өнім бар. Алайда сол өнім тұтынушыға жеткенше үстемеге үстеме қосылып, бастапқы құнынан әлдеқайда көп бағаға айналатынын қара халық күн сайын көріп жүр. Фермердің маңдай тері мен тұтынушының маңдайындағы әжімінің арасындағы айырма қай жерде пайда болды?
262 миллиард теңгенің өнімі
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында ғана облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 262 миллиард теңгеден асып жығылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4 пайызға жоғары. Демек, өндіріс тоқтаған жоқ. Керісінше, ұдайы өсіп келеді. Бүгінде облыста ауыл шаруашылығымен айналысатын 8 мыңнан астам агроқұрылым жұмыс істеп тұр. Мыңдаған шаруа қожалығы жердің бабын тауып, қойын құрттап, айранын ұрттап отыр. Шаруасы дөңгелеген салада 85 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Бірақ өңірде өндіріс көлемі артқанымен, бұл өсім дүкен сөресіндегі бағаға дәл сол күйінде көше қоймаған. Биылғы жылдың қаңтар-шілдесінде Ақмола облысында азық-түлік бағасы жыл басынан бері 6 пайызға өскен. Бір қарағанда, мұнда парадоксты жағдай тудыратын түсініксіз қайшылық бар. Жер емшегін сауып ішкен диқан мен мұрты майланған малсақ қауымның өнімі өсіп, ауыл шаруашылығының әлеуеті артып келеді. Алайда тұтынушының қалтасы жеңілдеп көрген жоқ. Керісінше күн санап тесік қалтасы одан сайын жұқарып барады. Демек, мәселе өнімнің жоқтығында емес. Мәселе – оның өндірушінің қолынан шыққаннан кейінгі тағдырында.
Бұл жерде болжам жасап, кінәліні сырттан іздеудің қажеті шамалы сияқты. Өйткені Ақмола облысының өзінде мемлекеттік органның жүргізген талдауы нақты мысалдарды тайға таңба басқандай етіп көрсетіп отыр. Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті азық-түлік нарығына жүргізген талдауы барысында бірқатар өнімге белгіленгеннен артық сауда үстемесін анықтаған.
Мәселен, 2,5 пайыздық сүт өндірушіден 310 теңгеден шыққанымен, көтерме жеткізуші оны 450 теңгеден өткізген. Үстеме 45,2 пайызға жетіп жығылған.
Тағы бір мысал одан кем емес. 5 пайыздық сүзбе өндірушіден 1 300 теңгеден шыққанымен, бөлшек сауда желісіне 1 560 теңгеден жеткізілген. Үстеме – 20 пайыз. Ал тағы бір 2,5 пайыздық сүттің өндірушіден шыққан бағасы 347 теңге болса, жеткізуші оны 405 теңгеден сатқан.
Мемлекеттік қаржылық мониторинг агенттігінің араласуынан кейін кейбір өнімдердің бағасы айтарлықтай төмендеген. Айталық, айранның бағасы 450 теңгеден 357 теңгеге, сүзбе 1 560 теңгеден 1 495 теңгеге, сүт 405 теңгеден 400 теңгеге дейін түскен. Ең қызығы, бағаның төмендеуі үшін жаңа зауыт салынған жоқ. Сырт жақтан басқа сиыр әкелініп, сүт өндіру технологиясы өзгерген жоқ. Тек баға тізбегіндегі үстеме қайта қаралды. Осы бір ғана мысалдың өзі азық-түлік бағасының қалай қалыптасатыны туралы көп нәрсені аңғартады.
Азық-түлік бағасы жайлы ойлағанда тұтынушы тек дүкендегі соңғы соманы көреді. Ал сол өнімді өндірушінің жағдайы мен оның нақты нарықтың тиісті бағасы көбіне көлеңкеде қалады. Өткен жылы Ақмола фермерлері астық өткізу кезінде де дәл осы жағдайды өткізіп, шақшадай бастары шарадай болған. Күзгі жауын-шашын салдарынан астықтың ылғалдылығы жоғарылап, оны кептіру мәселесі туындады. Нарықтағы әккі сатып алушылар бағаның одан әрі төмендеуін күткен. Ала жаздай тыным таппаған шаруалар бидайдың тоннасын 55-60 мың теңгеден аспай жатқанын айтып шырылдаған. Жыл бойы жанармай, техника, тыңайтқыш, жұмыс күші, электр энергиясы, несие, қойма, тасымал сияқты бітпейтін шығындардан бас көтермеген диқан шыққан бидайымен ақталмаған соң пұшайман халге түскен шаруада есеп болмады. Әрине, мұның бәрі өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Шаруа қажеттіліктері үшін алып қойған миллиондаған несиесі қос өкпеден қысқан соң арзан баға ұсынған делдалға бере салуға мәжбүр болады. Бірақ сонда тағы бір сауал көлденең шығады. Фермердің өнімін арзан алған келесі буын оны тұтынушыға қандай бағамен жеткізеді? Яғни өндірушінің арзан сатуы әрдайым оның арзан өндіргенін білдірмейді. Мәселенің ең түйінді тұсы да осында.
Жәрмеңкедегі жыр
Айырмашылықты ақмолалықтар ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінен де жиі байқап жүр. Көкшетауда ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде жұртшылық нарықтағы бағадан 10-20 пайызға дейін төмендетілген өнімдерді таласа-тармаса сатып алады. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, бір жәрмеңкенің өзінде 200 тоннадан астам өнім ұсынылып, оған 122 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі қатысады. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың ай-туынша, мұндай шаралардың негізгі мақсаты – азық-түлік бағасын тұрақтандыру және отандық өндірушіні қолдау көрсету.
Расында да, өндіруші мен тұтынушының арасы қысқарған сайын сауда да жеңілдейді. Қала тұрғыны Қымбат Сүйіндікованың пікірі де осыған саяды. Оның айтуынша, жұрт жәрмеңкеге бір жағынан сапалы әрі қолжетімді өнім іздеп келсе, екінші жағынан маңдай терімен еңбек етіп жүрген шаруаны тікелей қолдауға мүмкіндік алады.
Астанада өткен Ақмола облысының жәрмеңкелерінде де дәл осы көрініс қайталанды. Жәрмеңкелерде сиыр еті 2 300 теңгеден, жұмыртқа – 48 теңгеден, картоп 100 теңгеден сатылып, тауар бағасы нарықтағыдан 10-15 пайыз төмен болған. Осы жерде еріксіз бір сұрақ көлденең тұрады: егер өндіруші өнімін жәрмеңкеде осындай бағамен өткізе алса, сол тауар дүкен сөресіне жеткенде неге қымбаттайды? Жауаптың бір ұшы – делдалдық тізбекте екені айтпаса да түсінікті.
Фермерден шыққан өнім көтерме сатып алушыға өтеді. Одан кейін тасымал, қойма, тағы бір делдал, сауда орны қосылуы мүмкін. Әр буын өз шығынын жауып, онымен қоса үстемесін қосады. Тізбек ұзарған сайын соңғы баға да салмақтана түседі. Ал тұтынушы осы ұзын жолдың басын да, ортасын да көрмейді. Кассадағы соңғы соманы ғана көреді. Сол соманың ішінде фермерге қанша тигені, өнімді тасымалдауға қанша жұмсалғаны, қоймаға қанша кеткені, дүкеннің шығыны мен нақты сауда үстемесінің қанша екені қарапайым сатып алушыға беймәлім күйде қалады.
Мемлекет жүгенсіз кеткен асау бағаны ауыздықтау үшін тырмысып-ақ жатыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек саудадағы үстемеге 15 пайыздық шектеу қойылған. Бұл тізімде ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, өсімдік майы, сиыр және тауық еті, сүт, айран, сары май, жұмыртқа, сүзбе сияқты халық күн сайын тұтынатын негізгі өнімдер бар.
Ақмола облысында мемлекеттік органдар бұл талаптың сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіп, заңбұзушылық анықталған жағдайда кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартып келеді. Алайда қағаздағы талап пен сөредегі бағаның арасы кейде көңілге күдік ұялатады.
Бағаны кім көтереді?
Өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолы қысқа болған сайын бағаның да төмендеуіне мүмкіндік көбейеді. Экономист Арман Байғановтың пікірінше, әсіресе шағын шаруашылықтар өнімін тікелей сауда орындарына шығара алмай, делдалдарға тәуелді болған жағдайда баға тізбегі ұзартып, түпкі құнды өсіреді. Сарапшы бұл жерде мәселені барлық делдалды кінәлаумен шектеуге болмайтынын, керісінше өндіруші мен тұтынушы арасындағы артық буындарды азайтып, шаруалардың өнімін тікелей өткізу мүмкіндігін кеңейту маңызды екенін атап өтеді.
Бұл пікір Ақмоладағы жәрмеңкелердің тәжірибесімен де үндеседі. Өндіруші мен тұтынушының арасы қысқарған кезде бірқатар өнімнің бағасы нарықтағыдан 10-20 пайызға төмендеп отыр. Демек, мәселе тек өнімнің қанша тұратынында емес, оның соңғы бағаға дейін қандай жолдан өтетінінде. Әрине, азық-түлік құнына әсер ететін факторлар көп. Өнімнің өзіндік құнында жанармай, электр энергиясы, техника, тыңайтқыш, еңбек ақысы, несие, сақтау мен тасымалдау шығындары бар. Сауда орындарының жалдау ақысы, қойма мен тоңазытқыш жабдықтарын ұстау шығыны да түпкі бағаға қосылады. Мұның бәрі – нарықтағы нақты шығындар.
Мәселен, сөреде 450 теңгеден тұрған сүттің өндірушіден қандай бағамен шыққаны, өңдеуге қанша жұмсалғаны, көтерме жеткізушінің қанша қосқаны, логистика мен сақтауға қанша кеткені және дүкеннің нақты сауда үстемесі қандай болғаны анық көрінсе, түпкі бағаның қалыптасуы да түсінікті болар еді. Мұндай ашықтық тұтынушының күдігін сейілтіп қана қоймай, нарықтағы әр буынның өз шығыны мен табысына жауапкершілігін күшейтер еді.
Ақмола – ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары өңір. Мұнда өнім өндіріледі, бірақ оның молдығы дүкендегі бағаның автоматты түрде төмендеуіне әкелмейді. Себебі өнім егістіктен не фермадан тұтынушыға жеткенше жинау, сақтау, өңдеу, тасымалдау, көтерме және бөлшек сауда секілді бірнеше кезеңнен өтеді. Әр буынның шығыны мен үстемесі түпкі бағаға әсер етеді.
Сондықтан мәселені тек фермерден немесе дүкеннен іздеу жеткіліксіз сияқты көрінеді. Нақты жауап өнімнің бүкіл жолын салыстырғанда ғана байқалады. Ақмоланың түйткілі – өнімнің аздығында емес, оның тұтынушыға дейінгі жолында. Сондықтан ауыл шаруашылығының нәтижесін өндірілген өнім көлемімен ғана емес, сол өнімнің халыққа қаншалықты қолжетімді бағамен жеткенін де бағалау қажет.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы









