Оқыған робот адамзаттан озар

Олар енді техноалпауыттарға, жасанды интеллект пен роботты техниканы әзірлеушілерге қызмет етеді. Бұл үшін адамнан маңдайына GoPro сияқты экшн-камераны немесе қарапайым смартфонды бекітіп, жұмысын – қолының әрбір қимылын цифрлық форматта түсіру ғана талап етіледі. Жаңа заманның жаңа кәсібінің мәнісі неде? Адамзатқа пайдасы мен зияны қандай?

Ұстаздық қылған жалықпас…

Бір қарағанда, мұнысы XXI ғасырдың ең оғаш кәсі­бін­дей көрінеді. Үйбике маң­дайы­на смартфон байлап, көкө­ніс турайды, тамақ пісіреді. Қа­сап­шы қан-жынын шашыратып, мал сойып, ет мүшелеп жатқанын бейнетаспаға жазады. Қонақүй кли­нері асықпай төсек жинайды. Зауыт жұмысшылары камера ал­дында таңнан кешке дейінгі күн­делікті күрделі жұмысын ат­қара­ды. Бірақ мұны олар кейінгі ұр­паққа естелікке қалу үшін іс­те­мейді. Немесе ғаламторға салмайды: мысалы, аққан қан бейнеленген видеоны онлайн-платформалар бұғаттап тастар еді. Ал ұзаққа, бірнеше сағатқа созылатын күйкі тірлік көрінісінің ға­лам­тор қараушыларды қызық­тыруы неғайбыл.

Бұл бейнежазбалардың түпкі мақ­саты басқа: олар жасанды ин­тел­лект жүйелеріне, ең бастысы, адам тәрізді роботтарға арналған «үйрету материалына» айналады. Яғ­ни адам өз еңбегін цифрға кө­шіріп, сол арқылы болашақтағы өзі­нің орнын басатын машинаны оқытып жатыр. Мұндай жаңа тұр­патты ұстаздық – жақсы табыс кө­зі ме, әлде еңбек нарығына қа­тысу­шылардың өзіне-өзі қазған ор ма?

Кейінгі жылдары Үндістан мен Қытайда басталып, өзге өңір­лерге тараған жаңа кәсіп түрінің мәні қарапайым: адам күнделікті жұ­мысын өзі бейнетаспаға түсі­ре­ді. Оның қасына жеке оператор еріп жүрмейді. Соның нәтиже­сін­де жиналған материалдар тех­нология тілінде «эгoцентрлік де­­­ректер» деп аталады. Камера адам­ның көзі қайда қарағанын, қо­лының қалай қозғалғанын, зат­ты қалай ұстағанын, қандай рет­пен әрекет жасағанын тоқ­тау­сыз тіркейді. Кей жағдайда жұ­мысшылардың қолы мен аяғына қоз­ғалысын толық тіркейтін арнайы датчиктері бар білезік тағы­ла­ды немесе арнайы костюм киі­­леді. 

Алпауыт технологиялық ком­панияларға мұндай машақаттың қа­жеті қанша? YouTube, ТикТок те­гін туториалға – қадам-қада­мы­мен, кезең-кезеңімен бері­ле­тін нұсқаулыққа немесе онлайн-оқыту құралына толып тұр ғой. Солар арқылы робот нақты бір іс­ті қалай жасау керегін біліп, мә­­­­селені шешуге үйреніп, жаңа дағ­­дыны меңгере алмай ма? Шынында, қарапайым мәтін немесе үшінші тұлға тұрғысынан түсі­ріл­ген видеоролик арқылы «плита құлағын бұра», «сүлгіні бүкте», «ман­гоны тура» деп түсіндіру – ро­бот үшін жеткіліксіз. Машина адам қолының затпен нақты қа­лай әрекеттесетінін көруі керек.

Қол қимылының жаңа құны

Франс Пресс агенттігінің (AFP) жуырдағы ре­пор­та­жының кейіпкері, үндістандық Чен­най қаласының тұрғыны, 25 жастағы үй шаруасындағы әйел Нагиредди Шрирамьячандра маңдайына смартфон тағып, ас үйдегі қарапайым әрекеттерін түсіру арқылы нәпақа тауып жүр. Ол бір сағаттық видео үшін шама­мен 250 үнді рупийін, яғни 1 мың теңгедей табыс табады. Қа­зақ­стандықтар мұны азсынар. Бір­ақ ша­мамен 30-35 миллионнан ас­там тұрғыны ресми түрде жұ­мыс­сыз ретінде тіркелген, тағы 490 мил­лионнан астамы тұрақты ең­­бек шарты жоқ, көлеңкелі эко­номикада немесе ауыл шаруа­шы­лығында маусымдық жұмыспен күн көріп жүрген Үндістанда бұл со­ма – жанбағыс үшін қажет кә­сіп. 

Сонымен бірге Нагиредди ха­­­­н­ымның сөзі жаңа «бизнестің» па­радоксын дәл көрсетеді: «Күн­де­лікті үй шаруасымен айна­лыс­қа­­ныңыз үшін сағатына 250 ру­пий­ді басқа кім сізге тө­лей­ді? Әри­не, осы арқылы адам пі­шін­дес ро­боттарды үйретіп жат­қанымды білемін. Ол туралы ке­лісімшартта ай­тылған. Бұл нақ­ты мені алаң­дат­пайды. Мүмкін, байып, бола­шақ­та роботты өзім де сатып алар­мын», – деп күлді Шрирамья­чандра. Бәлкім, бұл әзілі шығар. Бір­ақ оның астарында тұтас дәуір­дің зілі және қай­шы­лығы жатыр.

Осы үйбикесі сияқты роботқа ұс­­таздық етушілерді шетелдік жұ­­мыс берушілермен байланыс­ты­ратын делдал – Objectways ком­­паниясының басшысы Рави Шан­кар тапсырыс берушілерге нақты қандай әрекет қызық еке­нін санамалады: киім бүктеу, ко­­фе пісіру, ұлттық немесе экзо­ти­­калық тағамдар, қарапайым сэндвич жасау және басқасы. 

AFP агенттігі: «Кейбір жұ­мыс­­тарды гуманоидті роботтарға тап­сыру керек. Сонда адамдардың қолы босайды, әлдеқайда пайдалы істермен айналыса алады, ден­саулығына көңіл бөлуге мүм­кін­дігі болады», – деген Шанкар­дың дәйектемесін таратты. Ау­қатты еуропалықтар үшін бұл жақ­сы айғақтай көрінер. Бірақ Азия, Африка, Латын Амери­ка­сы­ның екі қолға бір күрек таппай, қайыр­шылық күй кешкен жүз­де­ген миллион тұрғыны мұны тү­сі­не қоймас.

Би-Би-Си Бангладештегі то­қы­­ма фабрикасында маңдайына ка­­мера тағып, көзіне смарт-кө­зіл­­дірік киген жұмысшыларды су­­ретке түсірді. Сондай-ақ ком­па­­ниялардың тұтас студияларды іс­ке қосқанын хабарлады: ондағы кең­сеге, пәтерге немесе қона­қүй­ге ұқсатып жабдықталған бөл­ме­лерде персонал төсек жинайды, сүл­гі бүктейді, асүйде тамақ іс­тей­ді, бөтелке ашады, тіпті үс­тел­дегі түрлі түсті қарындаштарды бел­гілі бір тәртіппен орналас­тыра­ды.

21 жастағы инженер Рани Н. күніне шамамен 90 видео тү­сіре­ді екен. Әр роликтің ұзақтығы – төрт минуттай. Ал Qanat Consulting Servi­ces компаниясының бас ди­ре­к­торы Таслим Паттанның айтуынша, бағдарламаға қаты­са­тын 2000 адамның кейбірі қолы мен аяғына қозғалыс датчиктері бе­кітілген білезіктер тағып жүре­ді. Күні бойы оны шешіп, дамыл­дау­ға тыйым салынған. 

Бұл да қазіргі заманғы «құл­дық­тың» бір түрі болса керек. Қа­лай болғанда, роботтар бүгінде адам­затты тануда. Тиісінше, адам­ның күнделікті тіршілігі олар үшін енді жай өмір мен еңбек емес. Ол – дерек. Ал дерек – жаңа эко­номиканың шикізаты.

Үйретудің «арғы жағы, бергі жағы»

Жаңа кәсіп сарапшыларды екіге жарды. Time Use Survey сарапшылары үйби­ке­лері­нің түрлі шаруаны онсыз да тегін жасауға мәжбүр екенін алға тар­тады. Зерттеуге сәйкес, өткен бір жылда азиялық әйелдер ақы­сы төленбейтін үй шаруасына кү­­­­­­ніне орта есеппен бес саға­тын жұмсаған. Бұл ерлер­ді­кі­нен 7,6 есе көп көрінеді. Демек, асүйде тамақ істегенін смарт­фон­ға түсіріп, сол үшін ақы алуды – «жай ғана үй жұмысы» саналатын әре­кеттің цифрлық капиталға ай­­налуының белгісі ретінде ұсы­на­ды. 

Сонымен, сарапшылардың бір бөлігінің пайымдауынша, бұл жаңа жұмыс түрінің жақсы жағы аз емес. Біріншіден, бұрын на­рық­та бағаланбаған еңбекке бұ­дан бы­лай ақы төленеді. Үй шаруа­сын­дағы әйел, бала, немесе мүм­кін­дігі шектеулі жан табыс таба алады.

Екіншіден, Үндістан, Қытай, Африка елдері сияқты еңбек күші шектен тыс көп өңірлерде бұл ке­дей адамдарға жаңа мүмкіндік береді. Үшіншіден, роботтарды нақты өмірге бейімдеу қауіпті, ауыр немесе өнімділігі тым төмен жұмыстарды автоматтандыруға жол ашады. Шахтадағы жарылыс қаупі бар жұмыс, кеңседегі бір­сарын­ды операция, өндірістегі ауыр еңбек роботқа тапсырылса, адамдар қауіпсіздеу әрі шы­ғар­машылық еңбекке ауыса алады деген теория бар.

Сонымен бірге бұл кәсіптің те­ріс жағы да толып жатыр. Ең бас­тысы, адам осы «кәсіп» ар­қы­лы өз орнын өзі босатып бермек. Ең үлкен үрей де сонымен байланысты. Қарапайым жұмысшыдан бас­тап, ісі күрделі дәрігер, инженер, өнер адамдары роботты жап­пай үйретіп жатыр. Робот үйрен­ген сайын адамның сол еңбегіне қажеттілік азаюы мүмкін.

Morgan Stanley болжамы бойын­ша, 2050 жылға қарай әлем­де адам тәрізді роботтардың саны бір миллиардтан асуы ық­ти­мал. Негізгі қолдану салалары – өнеркәсіп, кеңсе және коммерция. Бұл ретте бір роботтың бір­не­ше жүз адамды ауыстыра алатыны туралы жорамал бар. Жаһан­да әри­не, жүздеген миллиард жұ­мыс­шы жоқ. Барының бәрін – Жер шарының бүкіл 8 миллиард тұрғынын осы миллиард андроид еңбек нарығынан ығыстырып шы­ғаруға қауқарлы. 

Бұл жерде қауіп-қатер тек «робот жұмысшыны ал­мас­­тырады» деген қарапайым фор­муламен шектелмейді. Мә­селе – адамның кәсіби тәжірибесі цифр­лық дерекке айналып, кейін сол деректің негізінде жасалған жүйе адамның еңбегін арзан ете ала­тынында. Ендеше тіпті жұмыс орнында қалатын қызмет­кер­лер­дің де табысы азайып, тұр­мысы құл­дырауы ықтимал. 

Тағы бір алаңдаушылық – роботтардың жауапкершілікті се­зінбейтінімен, аяушылықты біл­мейтінімен байланысты. Tech Xplore маманданған басылымы Ка­рурдегі Objectways кәсіпор­ны­ның қызметкері Кавиннің сөзін кел­тіреді: «Роботтарды үйрету қиын­ға түсіп тұр. Олар көлік не ком­пьютер құрастыру сияқты нақ­ты бағытталған әрі тұрақты қай­таланатын қызметті қапысыз атқара алады. Алайда жан-жақты білімді, өзгеретін қоршаған ор­та­ға ден қоюды немесе адамға тән қи­мыл-қарым мен машық-дағ­дыны қажет ететін жұмыста жиі жаңылады. Айталық, роботты киім­ді дұрыс бүктеуге үйрете алмай жатырмыз. Кейде жинау ке­зінде ақырғы нәтиже бағдар­ла­маланғандай дұрыс шықпаса ты­ғырыққа тіреліп, үйіндіні шашып жібереді. Бұл ашуланғаны емес. Бірақ қауіпті. Ол киім жи­нау­­шы емес, стоматолог-робот бол­са ше?» – деп мазасызданды 27 жастағы инженер.

Әйткенмен, қара аспанды төндіру де да жарамас. Hu­myn Labs компаниясының сарапшылары роботтар адам орнын те­гіс басады деген пікірмен ке­ліс­пейді: «Болашақта олар қоян-қол­тық, бірге жұмыс істейтін жүйе қалыптасуы мүмкін», – деген тұжырымға келді. Мәселен, Үн­дістандағы адам-дәнекерлеуші Пра­гадағы дәнекерлеуші-ро­бот­ты басқара алады. Соның нә­ти­жесінде адамдарға Еуропаға және бас­қа ауқатты елдерге үдере кө­шу­­дің, миграцияның мәні қалмауы мүмкін. 

Қалай болғанда, жаңа тех­но­ло­гияның ең үлкен сабағы – жаңа за­манда адамды машинадан қор­ғау, замана үрдісінен оқшаулану емес, машина үстемдігі күшейер дәуірде адамның қадірін жоғалт­пау, халықтың ауқатын арттыру­дың жаңа жолдарын іздеу болмақ.

Жасанды интеллект адамның уа­қытын үнемдеп, ауыр еңбегін жеңілдетіп, табысын көбейтсе, бұл – өркениеттің жеңісі. Ал адам­­ды төл қимылын цифр­лан­дыруға жалдап, кейін оның жұ­мы­сын тартып алса, бұл –әлеу­мет­тік нәубет. Сондықтан бүгінгі маң­дайдағы камераға тек жаңа кә­сіптің нышаны деп қарауға бол­майды. Ол – адамзат алдында тұр­ған үлкен сын-тегеурін. Ол сы­нақтан қалай өтетіні адамдар мен мемлекеттердің пәрменді тір­лігіне, жауапты ісіне, ақылмен қа­былданған шараларына байланысты болмақ.

Айхан ШӘРІП