Орта державалар дәуірі

Оның ішінде орта санатты ойыншыларды «өз-өзін толық асырай алатын, сыртқы басқыншылыққа төтеп беретін, бірақ көршілеріне көз алартпайтын ең тұрақты мемлекеттер» деп сипаттаған. Бұл тақырыпты текке сөз етпедік, «Әділет» партиясының негізгі басымдықтарының қатарында «Жауапкершілігі мол орта держава» бөлімі бар. Осы орайда «орта держава?» деген не деген сұрақ туындауы мүмкін.

Бергі заманда орта дер­жавалардың беделі күрт төмендеп кетті. Наполеон соғыстарынан кейін Еуропаның саяси картасын қайта қараған 1815 жылғы Вена конгресінде Швеция, Дания, Ни­дерланд т.б. елдермен ешкім санас­пай, әлем тағдырын ірі империялар жеке-дара шешті. Сөйтіп, орта дең­гейлі мемлекеттердің халық­аралық жүйедегі орны ойсырап қалды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң орта держава түсінігі жаңадан жаңғырды. 1945 жылы БҰҰ Жар­ғысы жазылған Сан-Франциско конференциясында Канада пре­мьер-министрі Маккензи Кинг «Функциялық принцип» деген ұғым ұсынып, алпауыттардың шексіз монополиясына қарсы шықты. Аустралия да Қауіпсіздік Кеңесіндегі бес ұлы державаның үстемдігіне наразылық білдіріп: «Мем­лекеттің жаһандық шешім қа­был­даудағы ықпалы оның әс­кери қуатына немесе жан санына ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігі, бейбітшілік, гуманитарлық көмек тәрізді нақты салаларда қосатын үлесіне қарай бағалануы керек!» – деген талап қойды. Осының ар­қасында орта державалар БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінің құрамына кірді.

Қырғи-қабақ соғыс кезінде Канада, Аустралия, Норвегия, Швеция секілді елдер «жақсы халықаралық азамат» (Good International Citizen) ретінде танылып, АҚШ пен КСРО арасындағы шиеленісті жұмсартуға, БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына қатысуға, халықаралық құқықты нығайтуға тырысты. Сонымен қатар Үндістан, Мысыр, Юго­славия бастаған баяғы колониялар да бас көтеріп, 1961 жылы «Бей­тараптар қозғалысын» құрды; екі дөкейдің ешқайсысына қосылмай, қосполярлы тәртіптен тыс өз жол­дарын таңдауға талпынды.

КСРО ыдырап, бірполярлы АҚШ гегемониясы орныққан 1990-2010 жылдары орта держава­лар­дың тактикасы мүлде басқа арнаға бұрылды. Бүкіл салада бірдей мықты бола алмайтынын түсінген олар «нишалық дипло­матия» тәсілін қолдануға көшті. Жалпақ тілмен айтқанда, ресурсты жан-жаққа шашпай, тек бір-екі саланы терең меңгеруге, мысалы, ядролық қарусыздану, климат, бітімгершілік сияқты белгілі бір бағытта көшбасшы рөлін ием­денуге тырысты. Осы кезеңде орта державалардың бастамасымен жаяу әскерге қарсы миналарға ты­йым салатын Оттава келісімі жа­салды, Халықаралық қылмыстық сот құрылды, «Қорғау жауапкер­шілігі» тұжырымдамасы бекітілді.

Қазіргі таңда жағдай тағы да өзгерген. БҰҰ дағдарысқа ұшырап, алпауыттар алауыздығы өршіген тұста орта державалар қайтадан қақ жарылды. Біреуі либералды Батыс блогына жақын топ болса, екіншісі – егемендікті артық көретін, стратегиялық авто­номияға ұмтылатын Жаһандық Оңтүстік пен Еуразия кеңістігіндегі жаңа ойыншылар. Chatham House және SWP орталықтарының сараптамасына сенсек, бұл екінші топтағылар халықаралық ереже­лерді қорғаймыз деп ұрандатпай, көбінесе өз ұлттық мүддесіне сай саудаласу саясатын ұстанады. Мұндай елдерді «свинг-мемле­кеттер» деп те атайды. Өйткені олар АҚШ, Қытай, Ресей арасын­дағы текетіресте қандай да бір та­рапқа біржола таңылмай, барлы­ғымен тиімді келіссөз жүргізіп, өз шарттарын ұсынуға қауқарлы. Бұрын орта державалар БҰҰ, НАТО сынды үлкен ұйымдарға арқа сүйесе, бүгін өздеріне ыңғай­лы өңірлік форматтарға иек ар­тады.

Әйтсе де, халықаралық саясат теориясында «кімді орта держава деп танимыз?» деген сыңайдағы дау-дамай әлі толастаған жоқ. Ға­лымдар бұған үш түрлі пайыммен қарайды. «Материалдық әлеует маңызды» дейтін реалистердің пікірінше, ЖІӨ немесе әскери қуаты жағынан әлемде 10-нан 30-орынға дейінгі аралықта тұрған елдер орта державаға жатады. Өз кезегінде либералдар: «Ең бастысы – елдің іс-әрекеті, коалиция құру, бейбітшілікке дәнекер болу, БҰҰ-да бастама көтеру қабілеті», – дейді. Ал конструктивистер: «Орта держава атанудың бірден-бір шарты – ішкі саяси элитаның «біз орта держава­мыз» деген ортақ ұстанымы және оны ұлы держа­валардың мойын­дауы», – дейді. Ол үшін жұмсақ күш, халықаралық абырой, кәсіби дипломатиялық корпус қажет. Реалистер «әскери-экономикалық қуатың болмаса, дипломатияң бос әурешілік» десе, либералдар «шақтаулы ресурстың өзін шебер дипломатиямен сал­мақты қылуға болады» деп есеп­тейді.

Жалпы, саясаттануда «шағын мемлекет жүйеге бағынады, орта держава жүйеге ықпал етеді, ұлы держава жүйені өзі айқындайды» деген анық формула бар. Яғни ұсақ ұлттар дайын ережелерді көзсіз қабылдауға мәжбүр, себебі аума­лы-төкпелі дүниеде қалайда аман қалуды мақсат тұтады. Ал орта державалар әлемге бірнеше тетік­тің көмегімен ықпал ете алады. Бiрiншiден, өңірлік ұйымдар құрып, соның басында тұрады. Мысалы, Индонезия АСЕАН-ға көлденең көк аттыларды аралас­тырмай, ұйымды өз күшімен ұстап отыр. Польша Балтық теңізі, Қара теңіз һәм Адриат теңіздері арасын­дағы 13 елді біріктіріп, «Үш теңіз бастамасын» дамытуға кіріскен. Сондай-ақ орта державалар түрлі қақтығыстарда бітімгерлік мис­сия­сын атқарады. Мәселен, кіш­кен­тай ғана Катар – Ливан, Судан, Йемен, Палестина дауларындағы маңызды медиатор. Түркия Кавказ бен Қара теңіздегі мәселелерді аймақ ішінде шешейік деп «3+3» форматын алға тартады. Үшiн­шiден, орта державалар геосаяси тепе-теңдікті сақтайды. Сауд Ара­биясы мен БАӘ «Әл-Ула декла­рациясы» арқылы Парсы шығана­ғында жылдар бойы созылған араздықты тоқтатты. Бразилия Оңтүстік Американы әскери блок­тардан таза, ядролық қарусыз аймақ ретінде көргісі келеді. Төртiншiден, орта державалар өңірлік күн тәртібін белгілейді. Нигерия Африкадағы төңкерістер мен терроризмге қарсы ECOWAS ұйымының бейбітшілік күштерін қаржыландырып, жауапкершілікті өз мойнына алған.

Ең қызығы, ұлы державалар бір-бірімен егескенде ресурсы шектеулі тараптар көпе-көрнеу «хеджирлеу» стратегиясын қолда­на­ды. Хеджирлеу дегеніміз – біреуіне басыбайлы бас ұрмай, екіншісімен де ашық жауласпау әдісі. Мысалы, Түркия НАТО мүшесі болса да, Ресейден С-400 әуе қорғаныс жүйесін сатып алды, Вашингтонның қысымына қа­рамас­тан, райынан қайтпады, Ре­сейге санкция салмады. Керісін­ше, Украина мен Ресейдің астық келісімін ұйымдастырып берді. Үн­дістан да солай: Қытайдан сақтанып АҚШ, Жапония, Аус­тралия­мен бірге QUAD тобына кіргенімен, Ресейден арзан мұнай сатып алу көрсеткішін еселеп өсірді, БРИКС+ пен ШЫҰ жиындарына белсенді қатысып жүр. Вьетнам да Қытайдан қауіп төнгенде АҚШ-пен жақындасып, стратегиялық серіктес болды, бірақ Қытаймен де экономикалық байланысын үзбеді. Өздері оны «бабмук димпломатиясы» деп әспеттейді. Сауд Арабиясы мен БАӘ де АҚШ-қа жүгіне бермей, Қытайдың араласуымен Иранмен қарым-қатынасын реттеді, Мәс­кеумен ОПЕК+ келісімін сақтап, мұнай өндірісін азайтты.

Орта державалар халықаралық ұйымдарды өз үнін зорайтатын мінбер есебінде пайдаланады. Гарвард зерттеушілері мұны «көп­жақтылықты күш тұтқасына ай­налдыру» дейді. Мәселен, 2013 жылы Мексика, Индонезия, Оңтүстік Корея, Түркия, Австралия құрған MIKTA форматы G7 мен БРИКС+ арасын жақсар­туға біршама септігін тигізген. Климаттық саммиттерде Бра­зилия, БАӘ, Барбадос өнеркәсіптік державалардың қарсылығын еңсеріп, зардап шеккен елдерге арналған «Шығындар мен залалдар қорын» құрғызды. Канада мен Норвегия Оттава келісімін өткізді. Шап-шағын Сингапур БҰҰ-ның Теңіз құқығы конвенциясын әзірлеуде басты модератор болды. ДСҰ жүйесінде АҚШ Апелляция­лық органға судья тағайындауды бұғаттағанда Канада, Швейцария, Сингапур, Чили, Еуропалық Одақ тағы басқалары келісім жасап, қалыптасқан жүйені күйреуден сақтап калды.

Бұл тұрғыда Қазақстанның да орны жиі талқыланады. Герма­­нияның Халықаралық саясат және қауіпсіздік институты 2023 жылғы есебінде Қазақстанды Түркия, Индонезия, Бразилия, Үндістан, Сауд Арабиясымен қатар «қалып­тасып келе жатқан орта держава­лар» қатарына қосты. Себебі де Қазақстан – жер көлемі бойынша 9-орында, мұхитқа шыға алмайтын ең үлкен ел, Еуразияның қақ ортасында тұр. Жаһандық уран өндірісінің 40 пайызға жуығын біз бақылаймыз, көл-көсір мұнай-газымыз өз алдына. Қазақстан экономикасы Орталық Азиядағы төрт елді қосқандағыдан да үлкен. Еуропа мен Қытайды төте жалғай­тын «Орта дәліз» де геосаяси салмағымызды арттырады. Сырт­қы саясатта Семей полигонын жабу, төмен байытылған уран банкін ашу, «Астана процесі» т.б. бейбіт бастамалармен танылдық. Орталық Азияда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болған жалғыз мемлекетпіз. АӨСШК-ні құрдық, ЕАЭО, ШЫҰ, ҰҚШҰ, Түркі мемлекеттері ұйымында белсен­діміз. Қысқасы, Қазақстан өз салмағын әскермен емес, сындар­лы дипломатиямен, диалог алаң­дарын ұсынумен дәлелдеп келеді.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ