Жасөспірім жұмысқа жегілсе…

Әрине, ата-анасының жанында еңбек ететіндерге ешқандай қауіп жоқ. Ал өз бетінше жұмыс істегісі келетін, бірақ кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты әлі де шешілмеген мәселелер бар екені рас. Дегенмен елімізде жасөспірімдерді жұмыспен қамту мәселесі соңғы жылдары ерекше назарға алына бастағаны байқалады. Өйткені жасөспірімнің еңбек етуі – тек қосымша табыс табудың жолы ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың еңбекке бейімделуі, алғашқы кәсіби дағдыларды игеруі және болашақ мамандығын саналы таңдауы үшін маңызды кезең. 

1,7 миллион жасөспірім: әлеует пен шынайы көрініс

Ұлттық статистика бю­ро­сы­ның деректеріне сәй­кес, елімізде еңбек етуге рұқ­сат бе­рілген 14 пен 18 жас ара­лы­ғын­да­ғы балалар саны 1 мил­­­лион 700 мыңнан асады. Алай­да олардың тек 5 мың  300-і ғана ресми түрде жұ­­мыс­пен қамтылған. Бұл – жас­тар еңбегінің басым бөлігі әлі де бейресми секторда екенін көр­­се­тетін маңызды көрсеткіш. Яғ­­ни,  бейресми түрде еш жер­де тір­­келмей, мүмкін жұмыс беру­ші­мен келісімшарт та жа­саспай қаншама жастар еңбек етіп жүр деген сөз.  

Жасөспірімдер көбіне сау­­­да, қоғамдық тамақ­тану, ойын-сауық және демалыс сала­ла­рын­да еңбек ететінін бай­қай­мыз. Көгалдандыру жұ­­­­­мыс­та­ры­нан бастап, курьер­лік қыз­мет, дая­шы, сатушы-кеңес­ші, ас­паз­дың көмекшісі, ани­матор сынды мамандықтар – олардың алғашқы еңбек тә­­жі­рибесін қа­лыптас­тыра­тын негізгі бағыттар екені даусыз.

Өңірлік ерекшелік: мегаполистер алда

Жасөспірімдердің ең көп шоғырланған ай­мақ­тары – Түркістан, Алматы, Жам­был облыстары мен Алма­ты, Астана, Шымкент қала­лары. Әсі­ресе, жұмыспен қам­тыл­ған оқу­шылардың 59 пайы­­­зы мега­по­листерде тір­кел­ген. Мұның басты се­бебі – ірі сау­да және ойын-сауық орта­лықтарының дәл осы қа­лалар­да орналасуы.

Бұл үрдіс урбанизацияның ең­бек нарығына әсерін айқын көр­сетеді. Қалада мүмкіндіктер кө­бірек, бірақ жасөспірімдерді бақылау да күрделі.

Бүгінде жасөспірімдерді қауіп­сіз әрі ресми жұмыспен қам­­ту үшін бірқатар жүйелі шара іске асырылуда. Соның бірі – Электрондық еңбек бир­жа­сын­дағы «Менің жазғы ка­ни­кулым» платформасы. Бұл жоба бойын­ша платформаға 14 жас­тан асқан оқушылар тір­ке­ліп, түйіндемесін орналас­ты­рып, бос жұмыс орын­дарын өз бетінше іздей алады. 2026 жыл­дың басынан бері осы плат­форма арқылы 1 024 оқу­шы жұ­мыс тапса, 2025 жылы бұл көр­сеткіш 4 552-ге жеткен.

Сонымен қатар мемлекет та­ра­пынан жастарды жұмыс­пен қамтудың белсенді шара­лары да қолға алынған. Был­тыр­дан бері 8,5 мыңнан астам жас азамат осындай бағдарла­ма­ларға тар­тыл­ды. Олардың ба­сым бөлігі қоғамдық жұмыс­тар­ға қатысуда. Бұл бағытта ай сайын­ғы ең тө­мен­гі жалақы 24 АЕК-ті, яғни 2026 жылы 103 800 теңгені құрай­ды.

Тағы бір маңызды құрал –  Enbek.kz платформасы. Мұнда оқушылар түрлі бағытта он­лайн курстардан өтіп, жаңа дағдылар­ды меңгере алады. Соңғы бір жылда 500 мыңнан астам жас жұ­мыс іздеу дағ­ды­ларын игерген. Ал «Мансап ком­пасы» плат­фор­масы арқы­лы 136 мыңнан астам оқушы кә­сіптік бағдарлау тесті­ле­рінен өтіп, өз болашағын жос­пар­лау­ға мүмкіндік алған.

Ащы шындық: бейресми еңбек пен құқықбұзушылықтар

Үкімет отырысында Ең­бек жә­не халықты әлеу­мет­тік қор­ғау министрі Ас­қарбек Ертаев жасөспірім­дер­дің еңбек етуіне қатысты бір­қатар өзекті мәсе­ленің бар еке­нін айтты.  

Министрдің айтуынша, кә­мелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауды кү­шейту мақ­сатында биылғы жылдан бастап ведомствоара­лық іс-ша­ра­лар жоспары іске асы­рылуда. Жоспардың шең­бе­рінде Еңбек кодексіне және «Қызметкерді еңбек (қызмет­тік) міндеттерін ат­қару кезінде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру ту­ралы» заң­ға заңнамалық өз­герістер енгізу пысықталуда.

Жаңа түзетулер жұмыс берушілердің жауап­кер­­шілігін күшейтуді, жасөс­пі­­­рім­­дердің құқықтарын нақ­ты бе­кітуді және олардың ең­­бек ету шарт­тарын айқын­дау­ды көз­дей­ді. Бұл өзгерістер Халықаралық еңбек ұйымы­ның талаптарына толық сәй­кес келеді. Сонымен қа­тар ба­­­­­қылау тетіктері де кү­шей­­ті­леді: кәсіпорындарда цифр­­лық мониторинг енгізіледі; құры­лыс, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларын­да тексерістер артады; ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүйеленеді.

Жасөспірімдердің еңбекке ара­ласуындағы негізгі моти­ва­ция – өз қажетіне ақша табу жә­не ата-анасына көмектесу. Яғ­­ни, бұл әлеуметтік-эко­но­ми­калық факторлармен тығыз бай­ланысты. Ал жасөспірім­дер­ді жұ­мыспен қамту – бұл тек табыс табу мүмкіндігі  емес. Бұл – ең­бек мәдениетін қа­­лыптастыру, жауапкер­шілік­ті сезіну, өмірлік бағытты ай­қын­дау. Алайда бұл процесс мін­детті түрде қауіпсіз, заң­ды жә­не қорғалған болуы тиіс. Мем­лекеттің басты мақсаты – жа­сөспірім еңбегін көлеңкеден шы­­ғарып, оны өркениетті ар­наға бағыттау. Өйткені бүгінгі жас жұ­мысшы – ертеңгі білікті маман. Ал оның алғашқы ең­бек тәжіри­бесі әділ әрі қауіпсіз болуы ке­рек. 

Жанболат МҰҚЫШЕВ,

ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы 

комитетінің басқарма басшысы:

Қауіпсіздік пен құқықты басты орынға қоюымыз керек

Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің еңбекке араласуы – уақыт талабына сай дұрыс қадам. Бұл олардың жауапкершілігін арттырып, өмірлік тәжірибе жинауына мүмкіндік береді. Алайда  олардың қауіпсіздігі мен құқықтарының толық сақталуы ескерілуі қажет.

Қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес, еңбек шартын негізінен 16 жастан бастап жасасуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар белгілі бір жағдайларда 15 жастағы немесе 14 жастағы оқушылар да жұмыс істей алады, бірақ тек оқуынан тыс уақытта және денсаулығына зиян келтірмейтін жеңіл жұмыстарға ғана тартылуы ескеріледі. Ал 14 жасқа толмаған балалар тек мәдениет және өнер саласында, мы­салы, театр, кино немесе концерттік ұйымдарда ға­на жұмыс істей ала­ды. Бұл жерде ата-аналардың рөлі ерекше маңызды. Өйткені мұн­дай жағдайларда еңбек шарты жасөс­піріммен қатар оның заңды өкілінің келісімімен рәсімделуі қажет. Яғни, ата-ана баласының қай­да, қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанын толық бақылауда ұс­тауға тиіс.

Сондай-ақ заңда кәмелетке толмағандарға қатысты бірқатар нақты шектеу бар. Оларды ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыс­тарға тартуға болмайды. Мәселен, ойын-сауық орындары, түнгі клубтар, алко­голь немесе темекі өнімдеріне қатысты жұмыстар, сондай-ақ ден­саулығы мен адамгершілік дамуына кері әсер ететін қызмет түрлері жасөспірімдер үшін қатаң тыйым салынған. Жұ­мыс уақыты да шектелген: 14-16 жас аралығындағы балалар апта­сына 24 сағаттан, ал 16-18 жас аралығындағылар 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. 

Айгүл СЕЙІЛ