Жасырын «эпидемияның» залалы

Сарапшылар елде 700 мыңға жуық адам тұрақты түрде бәс тігетінін, ал ойын­ға тәуелді азаматтардың саны 350-700 мың аралығында болуы мүмкін екенін ай­та­ды. Соған қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігінің ресми есебінде ем қа­был­дап, диагноз қойылғандардың саны небәрі ондаған адаммен ғана шектеледі. Ал 2026 жылдың басындағы мәліметке сәйкес, ойын тәуелділігі бойынша ем қа­былдаған ересектер саны – 98 адам. Олардың барлығы медициналық көмекке өз ер­кімен жүгінген. Бұл айырмашылық лудоманияның қоғамдағы ең жасырын тәуел­діліктердің бірі екенін көрсетеді.

Құмар ойындарға қызығушылық адамзатпен бірге жасасып келеді. Дегенмен лудомания жеке пси­хикалық дерт ретінде өткен ғасырда ғана мойын­далды. 1980 жылы америкалық Психиатриялық қауым­дастық оны психикалық бұзылыс ретінде тір­кеді. Соңыра Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы халықаралық аурулар жіктемесінің (ICD-11) жаңа редакциясында лудомания «патологиялық ойын мінез-құлқы» деп енгізілген. 

Психиатрлардың айтуынша, лудомания – адам­ның ойынға деген құмарлығын басқара ал­мауы. Ол адам уақыт өте келе қаржылық қиындық­тар­ға, психикалық күйзелістерге ұшырап, отбасылық жан­жалдарды бастан кешіп, қарызға батып, тіпті ең соңын­да суицид жасауы да мүмкін.

Лудомания туралы заңда не өзгерді?

2024 жылы 8 шілдеде Мемлекет басшысы «Қа­зақ­­стан Республикасының кейбір заңнамалық ак­тілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақ­тау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік ба­қылау және артық заңнамалық регламенттеуді бол­ғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл құ­жат лудоманиямен күресті күшейтуге бағытталған бір­қатар маңызды норманы енгізді.

Жаңа заңға сәйкес, 21 жасқа толмаған азаматтарға және Бірыңғай борышкерлер тізілімінде тұрған адам­дарға құмар ойындарға қатысуға тыйым са­лын­ды. Мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуына толық тыйым енгізілді. Сон­дай-ақ әрбір азамат eGov mobile қосымшасы ар­қылы электрондық цифрлық қолтаңбаның кө­мегі­мен өзін 6 айдан 1 жылға дейін құмар ойындардан ерік­ті түрде шектей алады. Ал букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың сыртқы және интернеттегі жар­намасына тыйым салынды. Тек спорт ны­сан­дар­дарында, спортшылардың киімінде және спорт фе­­­дерацияларының ресми сайттарында ғана жар­на­маға рұқсат берілген. Заңсыз ойын бизнесін ұйым­дас­тырғандар Қылмыстық кодекстің 307-бабына сәй­кес айыппұлдан бастап қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына тартылуы, мүлкі тәркілене отырып 7 жыл­ға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ма­мандардың пікірінше, заңдағы бұл өзгерістер ойын­ға тәуелділіктің алдын алуға, әсіресе жастар мен әлеуметтік осал топтарды қорғауға бағытталған маңыз­ды қадамдардың бірі болып саналады.

Психологиялық тарихтың да әсері бар

Соңғы жылдары лудоманияның әлеуметтік проб­л­емаға айналуына қандай қоғамдық фак­торлар әсер етті? Қазақстан қоғамындағы негізгі себептерді қалай түсіндірер едіңіз деген сауалдарды Qazaq Expert Club эксперті, психолог Жадыра Са­бирова­ға қойған болатынбыз. Оның айтуынша, лу­доманияның таралуына бірнеше фактор қатар әсер етеді. Біріншіден, онлайн-букмекерлік плат­фор­малардың тәулік бойы қолжетімді болуы. Екін­шіден, әлеуметтік желілерде «оңай ақша табу» идея­сын насихаттайтын контенттің көбеюі. Үшін­ші­ден, қаржылық қысым, созылмалы стресс және бел­гісіз болашақ. 

«Психолог ретінде мен тағы бір маңызды фак­тор­ға назар аударар едім. Кейбір адамдарда тәуелді мі­нез-құлықтың қалыптасуына ерте балалық шақ­тағы эмоционалдық жарақаттар, әсіресе өмірдің ал­­­ғаш­қы кезеңінде қауіпсіздік сезімінің, тұрақты эмо­ционалдық байланыстың жеткіліксіз болуы әсер етуі мүмкін. Мұндай тәжірибе адамның күйзелісті рет­теу механизмдеріне ықпал етіп, кейін эмоциялық ауырт­палықтан қашудың әртүрлі жолын іздеуге бейім­деуі мүмкін. Құмар ойын уақытша жеңілдік не­месе үміт сыйлағандай көрінгенімен, уақыт өте ке­ле бұл тәуелділікке айналу қаупін арттырады. Сон­дықтан лудоманияны тек қаржылық немесе әлеу­мет­тік мәселе емес, адамның психологиялық тари­хы­мен де байланысты кешенді құбылыс ретінде қа­рас­тырған жөн», – дейді Жадыра Сабирова.

Бұрын құмар ойындарға қатысу үшін арнайы казиноға бару қажет болса, бүгінде бірнеше секунд ішінде телефон арқылы кез келген бук­мекер­лік сайтқа кіруге болады. Дәл осы қолжетімділік те тәуелділіктің негізгі себептерінің біріне айналған болуы мүмкін. Құмарпаз алғашқыда аз мөлшерде ақ­ша тігеді. Кейін ұтылған қаржысын қайтаруға ты­рысып, қайта-қайта бәс тігеді. Осылайша, тұйық­қа тіреле береді.

Әлеуметтанушылардың айтуынша, лудомания – ең жасырын тәуелділіктердің бірі. Нашақорлық не­месе алкоголизмнен айырмашылығы, ойынға тәуел­ді адам ұзақ уақыт бойы қалыпты өмір сүріп жүр­гендей көрінеді. Сондықтан тәуелділікпен күрес тек тыйым салумен шектелмеуі тиіс. Халықтың қар­жылық сауаттылығын арттыру, психологиялық кө­мекті қолжетімді ету, жастардың бос уақытын тиімді ұйым­дастыру және тәуелділікке ерте диагностика жүр­гізу сынды әрекеттер әрдайым қосарланып отыруы маңызды.

Иә, ол көп жағдайда көмек сұрамайды. Себебі өзін аурумын деп есептемейді, екінші жағынан, он­дай адам өмірді шынайы қабылдамайды. Үнемі жал­ған сенімнің жетегінде жүреді. Сөзіміз құрғақ бол­масын, бір танысымыздың қызы былтыр ғана тұр­мысқа шыққан болатын. Жылдың басында ажы­расып кетті. Себеп – күйеудің казинодан шықпауы. Бас­тапқыда келіншегіне білдірмеген, бір айдан соң үйге апталап қонбауды шығарған. Екі айдан соң 50 млн теңге шамасында қарызы бар екенін айтқан… Бірақ екі-үш рет «ойнап» қарызды жабам деп әйелін сен­дірген. Нәтижесінде тағы 2-3 айдан соң қарыз 100 млн-нан асып кеткен. Емделу туралы кеңестерді мүл­де тыңдамаған соң жас әйел амалсыздан ажырасу қа­дамына барған. Бұл – бір отбасының ғана тағ­дыры…

Qazaq Expert Club эксперті, психолог Жадыра Сабированың пікірінше,  қаржылық қиындықтар, жұмыссыздық және әлеуметтік теңсіздік сияқты факторлар құмар ойын ойнауға тәуекелді  арттыруы мүм­кін, бірақ өздігінен лудоманияның себебі бол­майды. «Қаржылық қиындыққа тап болған адам құ­мар ойынды мәселеден шығудың жолы ретінде қа­былдауы мүмкін. Алайда мұндай шешім көп жағ­дайда жағдайды одан әрі қиындатып, қарыздың өсуі­не және психологиялық күйзелістің күшеюіне әке­леді. Дегенмен лудомания салдарынан ажырасу, қа­рызға бату, қылмыс сияқты әлеуметтік мәселелер­дің артып келе жатқаны да жасырын емес. Лудомания тек адамның өзіне емес, оның отбасына, қаржылық жағдайына және әлеуметтік қатынастарына әсер етеді. Сенімнің жоғалуы, қарыздың көбеюі, жасы­рын әрекеттер, эмоционалдық тұрақсыздық отбасы­лық жанжалдардың жиілеуіне себеп болуы мүмкін. Кейбір адамдар қарызды жабу үшін заңсыз әре­кеттерге де баруы ықтимал. Сондықтан лудоманияны тек жеке мәселе емес, қоғамдық денсаулық мәселесі ре­­тінде қарастыру қажет», – дейді ол.

Иә, мамандардың пікірінше, лудоманиямен кү­рес­тің ең тиімді жолы – оны тек құқықтық немесе ме­­­дициналық мәселе ретінде емес, қоғамның әл-ау­қаты мен психикалық денсаулығына тікелей әсер ете­тін кешенді әлеуметтік проблема ретінде қарас­тыру. Тек сонда ғана ресми есеп пен шынайы өмір арасындағы үлкен алшақтықты азайтуға мүмкіндік туа­ды.

Айгүл Сейіл