Жастар ісін жүйелеген кезең

Жақында өткен өңірдің  15 мың студенті қатысқан Қарағанды облысы  прокуратурасы мен әкімдіктің бірлесіп ұйымдастыруымен, экономикалық тергеу және полиция департаменттерінің қатысуымен оқу жылының басталуына арналған «Жастар – Заң мен тәртіптің тірегі» атты форум да соның бірі. 

Форум жұмысына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Ішкі істер министрлігінің комитет төрағасы Арман Саданов, Бас прокуратураның Кадрлық жұмыс департаментінің бастығы Аида Ануар, Экономикалық тергеу департаментінің бастығы Дархан Құрақбаев, сондай-ақ жастар ұйымдарының өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Форум аясында жас жеткіншектерге есірткі саудасынан, интернет-алаяқтықтан және дропперліктен ақша таппақ болған өз құрдастарының қылмыстық жауапкершілікке тартылған нақты оқиғалары көрсетілді. Соңғы бес жылда Қазақстанда осындай қылмыстар жасағаны үшін 21 жасқа толмаған 800 адам сотталған.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын насихаттау аясында өткізіліп, жастардың құқықтық мәдениетін көтеруге, құқықбұзушылықтың алдын алуға және қабылданатын шешімдерге деген жауаптылық сезімін қалыптастыруға бағытталған.

Форум жоғары және арнайы орта оқу орындарының 15 мыңнан астам студенттерін біріктірді (офлайн және онлайн форматта).

Форумның басты тақырыптарының бірі – қабыл­даған шешімдері үшін жауапкершілік. Сонымен қатар студенттерге құқықтық сауаттылықты арттыру, есірткі қылмыстарының, алаяқтық пен киберқылмыстың алдын алу мәселелері түсіндірілді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жастардың құқықтық санасын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінде жастардың көзқарасы мен мінез-құлқының қалыптасуына цифрлық орта, әсіресе әлеуметтік желілер барған сайын көбірек ықпал етіп келеді. Бұған жасөспірімдер айрықша бейім: тез ақша табуға деген ұмтылыс кейде оларды өрескел қателіктерге, тіпті қылмысқа дейін жетелейді. Сондықтан Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің міндетіміз – жас ұрпақпен жауапкершілік, адалдық және заңды құрметтеу туралы олар түсінетін тілде әрі заманауи форматта сөйлесу, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қылмыстың интернет кеңістігіне барған сайын белсенді түрде ауысуы туралы облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев те айтты. Оның сөзінше, құқық қорғау органдарына мұндай қылмыстармен күресудің жаңа тәсілдерін меңгеріп, жұмыс әдістерін жетілдіруге тура келеді. Ал жас мамандар бұл іске тың идеялар мен жаңа көзқарас әкеле алады.

– Қылмыстық орта ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін өз мақсатына пайдаланып отыр. Алаяқтық жасау, есірткі сату сияқты қылмыстар интернет кеңістігіне ауысты. Құқық қорғау органдары өз жұмысын қайта қарап, қылмыстарды ашудың жаңа әдістерін әзірлеп жатыр. Бұл ретте тың көзқарас пен жаңашыл тәсілдің маңызы орасан. Шығармашылық ойлау, зеректік, жаңа шешімдер таба білу – жастар­ға тән қасиеттер. Сондықтан сіздерге артылар үміт зор, – деді Мұрат Тілеубердиев.

Сонымен бірге форумда тек тыйым мен жаза туралы ғана сөз болған жоқ. Студенттерге жастардың түрлі дағдысын дамытуға, жұмыс іздеуге және өз бастамаларын жүзеге асыруға көмектесетін NextUrpaq, Jas Fund және «Өзіңнен баста» жобалары таныстырылды.

– Мұндай форумдар қажет, өйткені олар жастар мен билік өкілдері арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік береді. Біз үшін бір-бірімізді тыңдау ғана емес, жастардың пікірі шын мәнінде маңызды екенін түсіну де қажет. Біз – еліміздің болашағын қалып­тастыратын келесі ұрпақпыз. Сондықтан жауапты шешім қабылдауды бүгіннен бастап үйренуіміз керек. Жастармен заң, тәртіп және жауапкершілік туралы сөйлесу аса маңызды. Заң біз оны өзіміз құрметтеп, сақтаған кезде ғана толыққанды жұмыс істейді, – дейді Қарағанды медицина университетінің студенті Шапағат Құрманғазықызы.

Форум аясында Қарағанды ұлттық университетінің заң факультетінде болашақ прокурор аудиториясы ашылды. 

Мұнда «Прокурорлық қадағалау» пәні бойынша сабақтар прокуратураның қазіргі қызметкерлерінің қатысуымен өтеді.

Форум ашық әрі интерактивті форматта ұйым­дастырылды. Студенттер түрлі ойынға, ашық пікірта­ластар мен панельдік кездесулерге қатысып, сарап­шыларға сұрақ қойды, нақты жағдайларды талқылап, өз шешімдерін ұсынды.

Форум барысында қоғамдық өмірге белсенді араласқаны, азаматтық ұстанымы, заң мен тәртіп қағидаттарын құрметтегені үшін бірқатар жасқа облыс әкімі мен прокурорының алғыс хаттары табысталды.

Сондай-ақ балаларын лайықты тәрбиелеп, елдің жауапты азаматтарын қалыптастыруға үлес қосқан ата-аналарға да алғыс білдірілді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы