Әсіресе АИ-95 және АИ-98 маркаларына қатысты шағымдар әлеуметтік желілерде көбейіп, бірқатар көлік иесі жанармай құйғаннан кейін қозғалтқышында ақау пайда болғанын жазып жатыр. Кейбірінің көлігінде жүргізушілер арасында Check Engine белгісі жанса, енді бірінің айтуынша, қозғалтқыштың жұмысы өзгеріп, көлігін жөндеу орталығына апаруға тура келген.
Алайда мәселенің нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Ақауға жанармайдың өзі себеп болды ма, әлде оның сапасы зауыттан шыққаннан кейін жолай өзгерді ме? Мәселе мұнай өңдеу зауытында ма, жанармай базасында ма, әлде автожанармай құю бекетінде ме? Қазір Энергетика министрлігі бастаған мемлекеттік органдар осы сұрақтардың жауабын іздеп әлек.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, қазір олардың қарауында автокөлік иелерінен түскен 12 өтініш бар. Оның тоғызы – Астана тұрғындарынан, біреуі – Павлодардан, тағы екеуі – Солтүстік Қазақстан облысынан. Осы шағымдардан кейін министрлік жанармай сапасын тексеруді күшейтіп, зерттеуді өнімнің бүкіл қозғалыс тізбегі бойынша жүргізуге кірісті.
Қазір тәуелсіз зертханаға Павлодар мұнай-химия зауытынан алынған бензиннің арбитраждық сынамалары жіберілді. Сонымен қатар құрамында қоспалары бар Sinoil, QazaqOil және Helios желілерінің жанармай үлгілері де жеке зерттеліп жатыр. Бұл зерттеулердің нәтижесі бір апта ішінде белгілі болып қалуы мүмкін.
Мамандар 17 автожанармай құю стансасынан бақылау мақсатында бензин сатып алған. Оның бесеуі – Алматы қаласында, бесеуі – Алматы облысында, алтауы – Абай облысында, біреуі Жамбыл облысында орналасқан. Қазір алынған сол барлық үлгі зертханалық сынақтан өтіп жатыр. Бұдан бөлек, тексеріс мұнай өңдеу зауыты мен ЖҚБ-лармен шектелмейді. Мамандар жанармайдың қозғалыс жолындағы басқа да буындардан, соның ішінде мұнай базаларынан сынама алуды жоспарлап отыр.
Бұл – өте маңызды қадам. Өйткені бензин зауыттан шыққан кезде талапқа толық сәйкес келуі мүмкін. Бірақ одан кейін ол сақталады, тасымалданады, мұнай базасына түседі, қайта тиеледі және соңында автокөліктің багына құйылады. Осы аралықтағы кез келген кезеңде сапаға әсер ететін фактор пайда болуы ықтимал.
Сондықтан қазір басты міндет – біреуді кінәлау емес, мәселенің нақты қай жерде туындағанын анықтау. Егер зертханалық талдау нәтижесінде бензиннің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталса, оны сатуға тыйым салынуы мүмкін. Ал сапасыз жанар-жағармай материалдары айналымнан алынады.
Мәселе мұнымен біткен жоқ
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 25 тамызда мамандардың Павлодар мұнай-химия зауытына барғанын хабарлаған болатын. Сол кезде мәселенің нақты қайдан шыққаны анықталмаған еді.
Жанармай құю желілері түйткілдің төркінін мұнай өңдеу зауытынан көрсе, зауыт өкілдері мәселе сол бекеттер жағында пайда болуы мүмкін деген болжамын айтып қалды. Екі тараптың да өз уәжі бар.
Кейін Павлодар мұнай-химия зауыты өзінің арбитраждық сынамаларына жүргізген зерттеу нәтижесін жариялады. Кәсіпорын мәліметінше, тексерілген бензин партиялары мемлекеттік стандарт пен техникалық регламент талаптарына сәйкес келген.
Бірақ бұл қорытынды мәселенің барлық сұрағына жауап беріп тұрған жоқ. Себебі зауыттағы өнімнің сапасы бір бөлек, оның тұтынушыға жеткен кездегі сапасы бір бөлек. Сондықтан Сауда және интеграция министрлігінің жанармайды бүкіл тізбек бойынша тексеруі – қазіргі даудың ең маңызды бөлігі.
Бұл мәселенің тағы бір елеулі қыры бар. Қазақстан жанармай нарығында тек өз ішкі сұранысын қамтамасыз ететін ел емес. Отандық мұнай өңдеу зауыттарынан шыққан өнімнің белгілі бір бөлігі Ресей нарығына да бағытталады.
Қазақстанның Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген бензинді шекаралас өңірлердегі ресейлік көлік жүргізушілері де пайдаланады. Демек, егер жанармай сапасына қатысты қандай да бір жүйелі проблема бар екені зерттеу барысында расталса, оның салдары Қазақстанмен ғана шектелмеуі мүмкін. Басқаша айтқанда, Қазақстанда өндірілген бензин тек біздің ішкі нарықтағы өнім емес. Оның сапасына қатысты кез келген мәселе көрші елдегі тұтынушыларға да әсер етуі ықтимал. Сондықтан қазір Қазақстандағы жанармай төңірегіндегі жағдайға сыртқы нарық та назар аударып жатса таңғалудың қажеті жоқ.
Жанармайдың Ресей нарығына шығуы өте өзекті болып тұрғанына тағы бір себеп бар. Биыл Қазақстанның Павлодар мен Атырау мұнай өңдеу зауыттары Ресейге шілде айына белгіленген АИ-92 бензинінің 35 мың тонна көлеміндегі экспорттық квотасын орындамағаны туралы ақпарат тарады. Мұндайда Еуропалық одақтың қайтара санкцияларына ілігу қаупі бар әрі ресейлік банктер арқылы төлем жүргізу қиын.
Бұл міндеттемені ішінара орындаған жалғыз кәсіпорын – Ақсай қаласындағы шағын «Конденсат» зауыты. Ол 17,5 мың тонна жіберетін мүмкіндігі бола тұра, оның орнына Ресейге шамамен 9 мың тонна бензин жөнелткен.
Reuters мәліметінше, шілде-тамыз айларында Қазақстан Ресейге гуманитарлық көмек ретінде 50 мың тонна бензин жіберуге келіскен. Дегенмен Қазақстанның жалпы өндірістік әлеуеті Ресейдің алып нарығына айтарлықтай ықпал ететіндей көлемде емес.
Мұнай саласының сарапшысы Олжас Байділдинов жанармай төңірегіндегі пікірталаста эмоциядан гөрі нақты дерекке сүйену қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, АЗС-тегі тауар сапасына тікелей жауапты орган Энергетика министрлігі емес. Жанармай және басқа да тауарлардың сапасына қатысты шағымдарды техникалық реттеу және метрология саласындағы комитет пен оның аумақтық бөлімшелері, яғни Сауда және интеграция министрлігінің жүйесі қарайды.
Бұл түсінікті болғанымен, қоғамдағы пікірталаста министрліктердің жауапкершілігі жиі араласып кетіп жатыр.
Сарапшы тағы бір маңызды мәселені көтерді. Қазақстанда шамамен 5 мың ЖҚБ бар, бірақ олардың барлығындағы жанармай сапасын күн сайын онлайн режимде бақылап отыратын бірыңғай жүйе жоқ. Демек, тұтынушы жанармайды құйып алған сәттен бастап оның сапасын автоматты түрде бақылап отыратын мүмкіндікке ие емес. Мәселе туындаған жағдайда сынама алынып, зертханаға жіберіледі. Нәтиже шыққаннан кейін ғана нақты қорытынды жасалады.
Әлеуметтік желідегі жазбаларға қарасақ, мәселе ауқымды сияқты көрінеді. Кейбір автосервистерде көлік көбейгені туралы ақпарат тарады. Бірақ мұның бәрі ресми статистика емес. Қазір нақты қанша автокөлік зардап шеккені, олардың қаншасында ақаудың себебі жанармай болғаны белгісіз. Сондықтан «мыңдаған көлік істен шықты» деген секілді тұжырымдарды нақты дәлелсіз таратуға болмайды.
Бір жүргізушінің көлігінде Check Engine белгісінің жануы міндетті түрде бензин сапасыз дегенді білдірмейді. Қозғалтқыштағы мұндай ескертуге ондаған басқа себеп әсер етуі мүмкін. Сондықтан әрбір жағдайды жеке диагностикалау қажет. Байділдинов те осыған назар аударып, ең алдымен верификацияланған цифрлар қажет екенін айтады.
Баға айырмасы да күмән туғызады
Сарапшы қазіргі жағдайға байланысты тағы бір нұсқаны назардан тыс қалдырмау керектігін айтады. АИ-92 мен АИ-95 бағасының арасындағы айырмашылық 25-30 пайызға жетсе, арзан бензинге қоспа қосып, оны жоғары октанды жанармай ретінде сатушылар да пайда болуы мүмкін. Алайда мұны дәл қазіргі жанармай дауының себебі деп қабылдауға әлі ерте. Зерттеу аяқталғанша Павлодар мұнай-химия зауытын да, қандай да бір жанармай желісін де кінәлау негізсіз.
Жанармайдың сапасына күмән туған кезде автокөлікке артық салмақ түсірмеген жөн. Күрт үдеу, қозғалтқышты жоғары айналымға шығару, ұзақ уақыт жоғары жылдамдықпен жүру сияқты әрекеттерден уақытша бас тартқан дұрыс. Сарапшы күмәнді жағдайда көлікті 80-100 шақырым/сағ-тан жоғары жүргізбеуге, шамадан тыс жүктеме түсірмеуге кеңес береді.
Ал турбокомпрессорлы көлік иелері үшін сақтық одан да маңызды. Мұндай жағдайда автокөлік өндірушісі ұсынған октан санын ұстану қажет. Сарапшының пікірінше, күмәнді жағдайда турбокомпрессорлы көлікке АИ-92 құйғаннан гөрі АИ-98 таңдаған дұрыс.
Бүгінгі бензин дауы бір ғана жанармай партиясының сапасы туралы мәселе емес. Ол Қазақстандағы жанармай сапасын бақылау жүйесінің тиімділігін, мемлекеттік органдардың коммуникациясын және тұтынушы құқығын қорғау тетіктерін де сынға салып отыр. Ең бастысы, кінәліні тез табу емес, шын себепті дәл анықтау.
Зауыттағы сынама талапқа сай болуы мүмкін. Бірақ одан кейінгі тасымалдау, сақтау және сату кезеңдерінің әрқайсысы зерттелмейінше, мәселенің түп-төркінін табу қиын. Оған қоса, Қазақстанда өндірілген бензиннің бір бөлігі Ресей нарығына да шығатынын ескерсек, бұл мәселенің шекара сыртындағы тұтынушыларға да қатысы болуы мүмкін. Сондықтан жанармай сапасына қатысты зерттеудің нәтижесі тек қазақстандық жүргізушілер үшін емес, көрші елдегі автокөлік иелері үшін де маңызды.
Қазір қоғамға қауесет емес, нақты дерек керек. Қанша шағым түсті? Қанша көлік тексерілді? Қай жерден алынған сынама талапқа сай болмады? Қай кезеңде жанармай сапасы өзгерді? Осы сұрақтардың жауабы анықталса, қазіргі ақпараттық даудың да беті қайтады.
Жанармай – күнделікті өмірдің көзге көрінбейтін күретамыры. Оның сапасы нашарласа, мәселе бір көліктің қозғалтқышымен шектелмейді. Сондықтан бұл жолы даулы мәселенің түйінін болжам емес, зертхана шешуге тиіс. Ал зертхананың қорытындысы қоғамға жасырмай айтылуы керек.
Ербол ТҰРЫМБЕТ










