Ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге өсуі мүмкін

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Министрдің айтуынша, 150 мың теңге – нақты бекітілген көрсеткіш емес, ел ұмтылатын мақсатты меже. Оның сөзінше, ең төменгі жалақы кезең-кезеңімен өсіріледі.

Сондай-ақ Қазақстанда ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесі бекітілген. Енді оны айқындау кезінде екі негізгі көрсеткіш – медиандық жалақы мен еңбек өнімділігі ескеріледі.

«Бұл тәсіл ең төменгі жалақының экономиканың нақты мүмкіндігіне сай өсуіне мүмкіндік береді», – деді министр.

Қазіргі уақытта жауапты мемлекеттік органдар есеп-қисап жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандар ең төменгі жалақыны екі есеге арттырған жағдайда оның бизнеске, мемлекеттік бюджетке, міндетті аударымдар мен әлеуметтік төлемдерге түсіретін ықпалын бағалауда.

Министрдің сөзінше, егер мұндай шешім қабылданса, қосымша шығын республикалық және жергілікті бюджеттермен қатар, жеке сектордағы жұмыс берушілерге де жүктеледі. Себебі олар қызметкерлерінің ең төменгі жалақысын жаңа деңгейге дейін көтеруге міндетті болады.