Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ-нің мәліметіне сәйкес, түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері қоныстанған Сыр өңірінде де қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің белсенділігін айрықша атап өтуге болады.
Атап айтқанда, бүгінде өңірде 9 Аналар кеңесінде 157 ана қоғамдағы тәрбиелік, рухани құндылықтарды дәріптеуге үлес қосса, 10 Ақсақалдар кеңесінің құрамындағы 160 ардагер ел бірлігін сақтауда және ұрпақ тәрбиесіне бағыт-бағдар беруде ықпал етіп жүр. Сол сияқты «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі аясында 80 көшбасшы қалыптасып, оның 50-і өңірлік активте тұрақты жұмыс атқарып жүргенін алға тартады.
Қайырымдылық пен ізгілік бағытында өңірдегі «Жомарт жан» орталығы да маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар 24 өкілден тұратын ғылыми-сарапшылық топ қоғамдық пікір қалыптастырса, ақпараттық кеңістікте 20 БАҚ өкілін біріктірген журналистер клубы қоғамдағы бірлік пен келісім тақырыбын кеңінен насихаттап келеді.
Жалпы, бүгінде аймақта 11 этномәдени бірлестік пен 1 Достық үйі жұмыс істейді. Бұл құрылымдар түрлі этнос өкілінің мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтап қана қоймай, оларды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіруге қызмет етуде.
«2025 жылдан бастап этносаралық қатынастар саласында ауқымды жұмыс атқарылды. Қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің қатысуымен 543 іс-шара өткізіліп, оған 33 250 адам қамтылды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бұл – халықтың бірлік мәселесіне деген қызығушылығы мен белсенділігінің артқанын көрсетеді», – деп мәлімдеді Қоғамдық келісім және тіл орталығы КММ баспасөз қызметі.
Сыр өңірінде бірлік пен келісімнің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген аудан орталықтары мен елді мекендер қатары аз емес. Соның ішінде облыс орталығына іргелес қоныстан Сырдария ауданы айрықша маңызға ие.
Бүгінде аудандағы түрлі этнос өкілі, оның ішінде орыс, кәріс, неміс, татар, өзбек, украин, қырғыз, молдаван, башқұрт, түрікмен, белорус ұлт өкілдері ауызбіршілікпен тұрып жатыр. Ауданда жалпы саны – 453 түрлі ұлт өкілі тұрмыс кешеді. Этнос өкілдері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына белсене қатысып, елдің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр. Бұл бірінші кезекте көпұлтты қоғамдағы бірліктің нақты көрінісі десек қателеспейміз.
– Біздің ауданда 11 түрлі ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Барлығымыз бір атаның балаларындай бір-бірімізге бауырмалмыз. Бұл – біздің ең үлкен байлығымыз. Ең алдымен, қоғамда өзара құрмет пен түсіністік қалыптасу керек. Яғни, әр ұлттың тіліне, мәдениетіне, дәстүріне сыйластықпен қарау – қоғамдағы тұрақтылықтың басты кепілі. Біз осы құндылықтарды берік ұстанамыз. Әрдайым осындай татулық пен бірліктің кереметтей үлгісін жастарға да өнеге етіп, көрсетіп жүреміз. Осы арқылы жастарды елжандылыққа, бірлікке, толеранттылыққа тәрбиелеуді мақсат тұтамыз. Алдағы уақытта да бірлігімізді нығайтып, түрлі мәдени іс-шара арқылы халықтар достығын арттыруды жалғастырамыз, – дейді шешен ұлтының өкілі Люба Махмурзаева.
Жалпы, аудан орталығындағы «Достық үйі» маңызды рухани әрі қоғамдық орталыққа айналған. Онда этносаралық қатынастарды үйлестіруде және ұлттық құндылықтарды дәріптеуде Қазақстан халқы Ассамблеясы қағидаттарына негізделген жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
Мұнда заманауи талапқа сай мәжіліс залы, арнайы кабинеттер жабдықталған. Сонымен қатар 15 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана, түрлі форматтағы іс-шараға арналған «Қазақстан халқы Ассамблеясы» залы жұмыс істейді. Бұл орталық тек мәдени емес, қоғамдық ұйымдардың да басын біріктіретін маңызды алаң саналады. Сонымен қатар аталған ғимаратта аудандық ардагерлер кеңесі, әйелдер кеңесі, мүгедектер қоғамы және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалы орналасқан. Сонымен қатар қолөнершілер мен суретшілердің шеберханалары ұлттық өнерді дамытуға өз үлесін қосуда.
Осы орайда мәдени өмірдің айрықша көрінісі ретінде «Достық» вокалдық ансамблін атауға болады. Оның құрамында кәріс, шешен, орыс, украин, молдаван, армян, татар этностарының өкілдері бар. Ұжым аудан көлеміндегі барлық мерекелік шараға белсенді қатысып, көпшілікті өз өнерлерімен сусындатып келеді.
– Тереңөзек кентінде тұратын этнос өкілдері татулықтың туын жықпай, ауызбіршілікпен тұрмыс кешіп жатырмыз. Анам ұзақ жылдар ұстаздық қызметті абыроймен атқарды. Жолдасым медициналық сақтандыру қорында табысты еңбек етіп жүр. Өзім бала тәрбиесіне мән беремін. Осы орайда Қызылордада өткен «Ассамблея аруы» байқауының жеңімпазы атанғанымды мақтанышпен жеткізгім келеді. Отбасымызбен қазақ және орыс тілінде еркін сөйлейміз. Дастарқанымызға қазақтың ұлттық тағамдарын қоямыз. Әсіресе, пасха мерекесінде қазақтың ет тағамын әзірлеуді дәстүрге айналдырғанбыз. Тағы бір айта кететін жайт, отбасылық «Мясцова» триосын құрып, ауданда өткізілетін түрлі іс-шарада белсенді өнер көрсетіп тұрамыз. Өнеріміз бағаланып, түрлі шарадан алғысхаттар, республикалық байқаулардан марапаттар алып жүрміз. Тыныштық пен бірлікті ту еткен қазақ халқына алғысымыз шексіз, – дейді Тереңөзек кентінде тұратын орыс ұлтының өкілі Лидия Мясцова.
Осы ретте ауданда этнос өкілдері арасынан өнер мен мәдениетте жетістікке жеткен азаматтар қарасы қалың. Мәселен, республикалық деңгейде аудан абыройын асқақтатып жүрген Константин Луца мен ән байқауларының жеңімпазы Мясцов Никитаның еңбегі ерен. Сонымен қатар «Достық үйінің» белсенділері облыстық және аудандық сахналарда өнер көрсетіп, халық ықыласына бөленіп жүр.
Қоғамдық келісімді нығайтуда Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің де рөлі ерекше. Апта сайын мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылып, этнос өкілдерінің балаларына арналған қайырымдылық акциялары өткізіледі екен. Сондай-ақ Наурыз, Масленица, Пасха сынды түрлі халықтың мерекелерінің бірлесе өткізілуі, достық пен татулықтың мәнін тереңдете түседі.
Қай кезде де бірлік пен келісім – қоғамның ең басты байлығы. Бұл қағида Сырдария ауданында нақты іс арқылы дәлелденіп келеді. Ең бастысы, алақандай ауылдағы тіршілік бірлігі бекем елдің тірлігі берекелі болатынын айғақтаса керек.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы










