«Ғылым Talks»: отандық зияткерлік ортаны дамытуға бағытталған алаң

Партия филиалының өңірлік Әйелдер қанаты ұйымдастырған іргелі іс-шара «Ғылым Talks» кейс-платформасы форматында өткізілді. Кездесу барысында өңірдегі жетекші әйел-ғалымдар бас қосып, кәсіби диалог құруға, тәжірибе алмасуға және отандық зияткерлік ортаны дамытуға, тиімді шешімдер іздеуге бағытталған беделді алаңға айналды.

Конференция жұмысын ашқан «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова ғылым саласына жүйелі мемлекеттік қолдау көрсетудің маңызын атап өтіп, ашық ақпарат көздерінде жарияланып, халық тарапынан қызу қолдау тауып жатқан кейбір ғылыми зерттеулерге тоқталды. Сонымен қатар ол партиялас депутаттардың ғылымға қатысты заңнаманы жетілдіру мәселелеріне назар аударды. Жиналған ғылым саласы қызмет­керлеріне Әйелдер қанаты жүзеге асырып жатқан жобалар және олардың әсері жайлы мағлұмат берді. Оның айтуынша, бүгінде цифр­лық құзырет аясын кеңейту және әйел­дердің академиялық ортада өзін танытуына қажет жаңа мүмкіндіктерге жол ашу – аса маңызды.

– «AMANAT» партиясы ғылымды да­мытуға, цифрлық құзыреттерді арттыруға және зерттеу ортасында әйелдердің мүмкін­діктерін кеңейтуге бағытталған бастамаларға жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді, – деді партия Хатшысы.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы «Ғылымдағы әйелдер» бағытының тең төрағасы Вера Ким отандық ғалымдардың кейбір ғылыми жетістіктеріне, заңнамада ғылымды қолдауға бағытталған бастамаларға тоқталды. Кездесудің негізгі идеясы – ғылыми әлеуетті біріктіру және көшбасшылық құ­зыреттерді дамыту. Сарапшылар цифрландыру мен ғылымның жаһандық трансформациясы жағдайындағы заманауи сын-қатерлерге жедел жауап бере алатын тұрақты зерттеушілер қауымдастығын қалыптастыру мәселесіне баса назар аударды.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Вера Ким жас кадрларға институционалдық қолдау көрсету мен тәлімгерлік етудің маңызын ерекше атап өтті.

– Бүгінде ғылымдағы әйелдер – тек жоғары кәсіби шеберлер ғана емес, сонымен қатар ел дамуының қуатты ресурсы. Біздің міндетіміз – зерттеуші қыз-келіншектер өздерінің жарқын болашағына сеніммен қарай алатын, академиялық мансап құра алатын тұрақты қолдау экожүйесін қалып­тастыру, – деді Вера Ким. 

Конференция барысында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова қыз-келіншектер тек ғылымда ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесінде де өздерін танытып отырғанын атап өтті.

– Әйелдер тек ғылым саласында ғана емес, сонымен қатар стратегиялық шешімдер қабылдайтын, әлеуметтік және білім беру күн тәртібін қалыптастыратын, өңірлер мен тұтас мемлекеттің дамуына үлес қосатын мемлекеттік қызметте де барған сайын ма­ңызды рөл атқаруда. Әйелдер көшбасшылығын қолдау – қоғамның тұрақты болашағына салынған инвестиция, – деді Айгүл Маликова.

Конференцияның сарапшылар блогы жаһандық өзгерістер жағдайында мемлекетті­лікті нығайту мәселесінен бастап, ғылыми дипломатия мен халықаралық әріптестікті дамытуға дейінгі кеңауқымды өзекті бағыт­тарды қамтыды. Қатысушылар ғылыми са­ланы цифрлық трансформациялау қадамда­рын, білім беру мен денсаулық сақтау жүйе­ле­ріне жасанды интеллектіні енгізу перспек­тив­а­ларын, сондай-ақ жас кадрлардың акаде­мия­лық бағыт-бағдарын қалыптастыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар гуманитарлық зерттеулердің болашағына және әйелдердің инженерлік әрі STEM бағыттарға кеңінен араласуына ерекше назар аударылды.

Margulan University, Инновациялық Еуразия университеті, Торайғыров универ­ситеті, Семей медициналық университеті және Екібастұз инженерлік-техникалық институты сарапшылары қазіргі сын-қатерлерге терең талдау жүргізілген мазмұнды баяндамалар жасады. Спикерлер қатарында Margulan University профессоры Айгүл Садықова, Инновациялық Еуразия универ­ситетінің экономика ғылымдарының докторы, профессоры Айна Нарынбаева, Margulan University филология ғылымдарының докторы, профессоры Зифа Темірғазина, сондай-ақ Торайғыров университетінің Басқарма мүше­сі – стратегиялық даму, халықаралық ынтымақ­тастық және цифрландыру жөніндегі проректоры, PhD докторы, қауымдастырылған профессор Салтанат Аубакирова және академиялық қауымдастықтың өзге де өкілдері болды. Кәсіби қауымдастық отандық ғылымды әлемдік зерттеу кеңістігіне инте­грациялау және білім беру ортасын жедел цифрландыру мәселелерін назарға алды. Сарапшылар жас зерттеуші қыз-келіншектерге қолдау көрсетудің тиімді тетіктерін әзірлеу және академиялық ортада мансап жолымен жоғарылау мүмкіндіктерін қалыптастыру қажет екенін ерекше атап өтті.

Қатысушылар мұндай диалог платфор­малары тек пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар әйелдердің ғылыми қа­уымдастығын ұйыстырудың және заман талабына сай инновацияларды ілгерілетудің қуатты құралына айналғанын атап өтті.

Бағдарламаның тәжірибелік жалғасы – Margulan University қабырғасында өткен Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның «Цифрлық ортадағы адам құқығы» тақыры­бындағы дәрісі. Бұл баяндама студенттер мен оқытушылардың қызығушылығын оятып, жаппай цифрландыру жағдайындағы құқықтық аспектілерді талқылаудың маңызды кезеңіне айналды.

Тілек ҚАБЫЛ