Ақ пен қара арасындағы сан мың бояу

 Демек, орта өзгерді, қоғам өзгерді. Ал «Өзгерген қоғамда балаға қандай тәрбие моделі қажет? Біз баланы өзіміздің балалық шағымыздың өлшемімен тәрбиелеп жүрген жоқпыз ба?» «Алаң» айдарында аталған сұраққа жауап іздеп көрдік. 

Балалық шақ цифрлық сипатқа көшті, бірақ…

– Қазіргі бала қандай? Ата-ана зумер және альфа ұрпақ деп аталып жүрген балаға не үйрете алады? 

Баян Бекетай, педагог, психолог, «Ұлттық құндылықтар академиясы» РҚБ Ақмола облысы филиалының директоры:

– Меніңше, бүгінгі баланы түсіну үшін алдымен оның қандай ортада өсіп келе жатқанын түсінуіміз керек. Соңғы 10-15 жылда баланың табиғаты түбегейлі өзгерген жоқ. Өзгергені – оның балалық шағы, ақпараттық ортасы, қарым-қатынас кеңістігі және өмір ырғағы. Мен мектепте жиырма жылға жуық уақыт жұмыс істедім. Әр кезеңнің баласын көрдім. Бұрын бала үшін мектеп, отбасы, аула, достары негізгі орта болатын. Қазір осы ортаға цифрлық әлем қосылды. Бала дүниені тек өзінің айналасындағы адамдар арқылы емес, экран арқылы да танып жатыр. Ол әлемнің кез келген нүктесіндегі ақпаратқа бірнеше секундта қол жеткізе алады. Бұл – үлкен мүмкіндік. Бірақ мүмкіндікпен бірге үлкен жауапкершілік те келді. Ол көп нәрсені көре алады, бірақ көргенінің бәрін түсіне бермейді. Кез келген сұрақтың жауабын интернеттен табуы мүмкін, бірақ адамның көңілін түсіну, сабыр сақтау, жауапкершілік алу, еңбек ету, қарым-қатынасты сақтап қалу сияқты қасиеттер дайын күйінде интер­неттен келмейді. 

Сондықтан бүгінгі ата-ананың міндеті – баланы технологиядан алыстату емес, оны технологияны дұрыс пайда­ланатын, бірақ технологияға тәуелді бол­майтын адам етіп тәрбиелеу. Яғни зумер немесе альфа ұрпағының баласына ең алдымен ақпараттық емес, өмірлік им­мунитет керек. Ол ақпаратты саралай білуі, жалған мен шынның арасын ажы­ратуы, әлеуметтік желідегі әдемі көріністі өмірдің толық шындығы деп қабылдамауы қажет. Оған еңбектің қадірін түсіндіру маңызды. Қазіргі бала көп нәрсенің тез келуіне үйреніп барады: ақпарат тез келеді, видео тез ауысады, тапсырыс тез жеткізіледі, жауап бірден табылады. Ал өмірдегі маңызды дүниелердің көбі уақытты талап етеді. Білім де, шеберлік те, сенім де, жақсы қарым-қатынас та бір күнде қалыптаспайды. Сондықтан баланы күте білуге, бастаған ісін аяқтауға, жеңілісті көтеруге, өз міндетін орындауға үйрету қажет. Одан бөлек, қазіргі балаға қарым-қатынас мәдениетін арнайы үйрету керек деп ойлаймын. Сәлемдесу, алғыс айту, кешірім сұрау, үлкенді сыйлау ғана емес, өз ойын ренжітпей жеткізу, өзгенің шекарасын құрметтеу, келіспеген кезде мәдениетті түрде пікір білдіру – бүгінгі балаға аса қажет дағдылар. Меніңше, қазіргі ата-ана баласы үшін өмірдің барлық қиындығын алып тастауға тырыспауы керек. Керісінше, баланы қиындықпен дұрыс кездесуге дайындауы қажет. Өйткені баланы өмірден қорғау мен оны өмірге дайындаудың арасында үлкен айырмашылық бар.

Балабек Сақтағанов, психолог, ғылым докторы, Қазақ ұлттық хореография академиясының доценті:

– Зумерлер мен альфа ұрпағы – смартфонсыз, интернетсіз дүниені көрмеген алғашқы ұрпақ. Бүгінгі балаға интернет жаңалық емес, ауа сияқты әрдайым бар нәрсе. Соңғы 10-15 жылда екі өзгеріс қатар жүрді: бала виртуалды әлемге кірді де, нағыз өмірі тарылды. Бұрынғы бала аулада, көшеде, бақылаусыз ойынмен бетпе-бет келсе, қазіргі қалалық бала мектеп, үйірме, репетитор, үй тапсырмасы мен экранның арасында өседі. Бала аулаға шықпайды. Бұл баланың тәуекелге бару, дауды өзі шешу, өз бетінше шешім қабылдау тәжірибесін азайтады. Қазақстанда қосымша екі ерекшелік бар: бала қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі мазмұнды қатар тұтынады және еңбек көші-қоны мен ата-ананың жұмыс жүктемесі салдарынан көп бала әже-атаның қолында немесе жалғыз өседі. Сонымен қатар бүгінгі бала өз пікірін айтуға, шекара­сын қорғауға бейім, бұл «үлкеннің сөзі заң» дәстүрімен жиі қақтығысады.

Ата-ана ең алдымен бес нәрсені үйретуі керек. Біріншісі, өзін-өзі реттеу: бұл тыйыммен емес, қиын сәтте баламен бірге болумен қалыптасады. Екіншісі, терең зейін мен жалығуға төзімділік: кітап оқу, сурет салу, ертегі мен жұмбақ айту дәстүрі осыған қызмет етеді. Үшіншісі, сыни ойлау мен медиа сауаттылық: жалған ақпарат пен алаяқтық көп болған соң, баламен бірге жаңалықты тексеріп көру «кірме» деп тыйым салудан тиімді. Төртіншісі, тікелей әлеуметтік дағдылар: келіспеушілікті шешу, жеңілуді көтеру, кешірім сұрау. Бесіншісі, өз бетінше болу: шамадан тыс қамқорлық баланың тәуелсіздігін тежейді.

Әлия Оспанова, «Цифрлық үкіметті қолдау орталығының» бас директоры:

– Мен ең алдымен бала өсіп жатқан әлем өзгерді деп айтар едім. Бүгінде технологиямен танысу мектепке дейін-ақ басталады. Отбасымен, мұғалімдермен және достармен қатар баланың өмір туралы түсінігіне блогерлер, әлеуметтік желілер, ұсыныс алгоритмдері, жасанды интеллект те әсер етеді. Қазір балалардың мүмкіндіктері көбейді: тілдер үйрену, ортақ мүддесі бар адамдарды табу, өз жобаларын жасау, кез келген сұраққа түсініктеме алу. Бірақ ақпаратқа қолжетімділік оны талдап, түсінуге дайын екенін білдірмейді. Бала өз сезімдерін түсінуді үйренбестен бұрын ересектерге арналған тақырыпқа тап болуы мүмкін. Сонымен қатар қазіргі балалар өте әртүрлі. Өмір жағдайын, отбасындағы қарым-қатынасты, білімге қолжетімділікті бір ұрпақтың сипаттамасымен шектеуге болмайды. Құрылғының болуы ғана емес, баланың экранға деген қызығушылығын білімге деген қызығушылыққа айналдыруға көмектесетін ересектің қасында болуы да маңызды. Балалық шақ цифрлық сипатқа ие болды, бірақ баланың сүйіспеншілікке, қауіпсіздікке және назарға деген қажеттілігі жойылған жоқ. 

Бәрін білетін емес, жауапкершілікті сезінетін бала тәрбиелеу маңызды

– Түсінгеніміздей, баланың табиғаты өзгерген жоқ. Оның балалық шағы, әдеттері мен дағдылары өзгерді. Дегенмен қазіргі бала мен бұрынғы баланы салыстырғанда қандай айырмашылық бар? 

Баян Бекетай:

– Бүгінгі баланың технологиялық ортаға бейімделуі де жоғары. Бұл – оның өмір сүріп отырған ортасына бейімделуінің нәтижесі. Бірақ жылдам қабылдау мен терең ойлау бір нәрсе емес. Қазіргі балаға ақпараттың көптігі кейде керісінше оның назарын шашыратып жіберуі мүмкін. Қысқа мәтіндерге, қысқа видеоларға, үнемі жаңарып тұратын контентке үйренген бала ұзақ уақыт бір іске шоғырлануда қиындық сезінуі ықтимал. Сондықтан бүгінгі баланың ойлау қабілетін дамытуда ата-ана мен мұғалімнің рөлі бұрынғыдан да маңызды. Балаға дайын ақпаратты бере бермей, оның ойлануына уақыт қалдыру керек. Бір сұрақтың бір ғана жауабы болмайтынын көрсету қажет. Оқып қана қоймай, талдауға, салыстыруға, себеп пен салдарды бай­ланыстыруға үйрету керек. 

Кітап оқу осы тұрғыда ерекше маңызды. Кітап баланы тек ақпаратпен қамтамасыз етпейді. Ол баланы тоқтауға, елестетуге, кейіпкердің ішкі дүниесіне үңілуге, оқиғаны асықпай қабылдауға үйретеді. Сонымен бірге баланың қол еңбегіне, табиғатпен байланысына, қозғалысына, шығарма­шылыққа уақыт қалдыру қажет. Себебі адамның ойлау қабілеті тек экран алдында қалыптаспайды. Бала көп нәрсені білуі мүмкін. Бірақ одан да маңыздысы – оның білгенін адамдық қасиетпен ұштастыра алуы. Сондықтан бүгінгі тәрбиенің мақсаты «балам бәрін білсін» деген деңгейде қалмауы керек. «Баламыз білгенін саралайтын, өз ойын қалыптастыратын, шешімінің жауапкершілігін түсінетін адам болсын» деген деңгейге көтерілуі қажет.

Балабек Сақтағанов:

– Баланың дүниетанымында зеректік біртұтас қасиет емес, қабілеттер жиынтығы. XX ғасырда IQ көрсеткіштері онжылдық сайын шамамен үш ұпайға өсті (Флинн эффектісі), ал 1990 жылдардан кейін кейбір елдерде, мысалы Норвегияда, өсім тоқтап, кері кетті. Норвегиялық зерттеу мұның бір отбасы ішіндегі ағалы-інілерде де байқалатынын көрсетті, яғни себебі гендерде емес, ортада.

Қазақстанда баланың зеректігіне қатысты нақты өлшем бар: PISA. 2022 жылы біздің оқушылар 81 елдің ішінде математикадан 46-шы, жаратылыстанудан 49-шы, оқудан 61-ші орынды алды, бұл 2018 жылдан жақсару. Сонымен қатар қала мен ауыл арасындағы алшақтық азайды. Бірақ оқушылардың 64%-ы оқу сауаттылығында тек бірінші деңгейде қалды (ОЭСР бойынша орташа көрсеткіш 26%). 2025 жылғы цикл бойынша математикадан балл 2022 жылмен салыстырғанда шамамен 12 ұпайға төмен­деді. Мұны тек экранға жауып қоюға бол­майды: пандемия, оқу бағдарламасының жаңаруы, мектептегі жүктеме, репетиторлық мәдениет те әсер етеді.

Бүгінгі баланың күшті жағы: визуалды ақпаратты жылдам өңдейді, жаңа құралды, қолданбаны, тілді тез меңгереді, өзін көрсетуден қорықпайды. Алаңдататын жағы: зейіннің бөлшектенуі, терең оқудың әлсіреуі, мультитаскингке әуестену, ақпаратты есте сақтаудың орнына құрылғыға сүйену. Бұрынғы бала ақпаратты сызықты қабылдаса (кітапты басынан аяғына дейін), қазіргі бала желілік қабылдайды: сілтемеден сілтемеге, үзіндіден үзіндіге. Бұл икемділік береді, бірақ тереңдікке қауіп төндіреді. Себептерге цифрлық орта мен жылдам сыйақы беретін қолданбалар, қозғалыс пен ойынның азаюы, ұйқының қысқаруы, сондай-ақ ата-ананың өзінің телефонға үңілуі («технофренция») кіреді. 

Әлия Оспанова:

– Қазіргі балалар қосымшаларды тез меңгергенімен және керекті бейнені табуымен немесе бейтаныс интерфейсті оңай түсінуімен жиі таңғалдырады. Дегенмен мен техникалық шеберлікті, хабардарлықты және ойлау тереңдігін ажыратар едім. Бұлар әртүрлі нәрсе. Бала жауапты тез таба алады, бірақ оның неге дұрыс екенін түсіндіре алмауы мүмкін. Әлеуметтік желіні сенімді пайдаланып, бірақ манипуляцияны байқамауы мүмкін. Бүгінгі оқу жағдайының өзі өзгерді: дайын жауап енді дерлік үнемі қасыңда. Ересектер балаға осы жауаппен тоқтап қалмауға көмектесуі маңызды. «Мұны қалай түсіндің?», «Бұл дереккөзге неге сенесің?», «Басқаша шешуге бола ма?» деп сұрау керек. Мұндай сұрақтар ойлаудың дербестігін қолдайды.

Бұл әсіресе жасанды интеллектінің пайда болуына байланысты өзекті. Ата-ана ретінде мен үшін баланың тапсырманы орындағаны ғана емес, нәтижеге қалай келгенін түсінгені де маңызды. Технология күрделі тақырыпты түсіндіріп, мысалдар келтіріп, жаттығуға көмектесе алады. Бірақ өз пікірін өзі қалыптастыру міндетін цифрлық көмекшіге толық тапсыруға болмайды. Мен балаларды жауап беру жылдамдығымен ғана емес, олар қоятын сұрақтардың тереңдігімен де баға­лағанымызды қалар едім. Әсіресе цифрлық ойын-сауық ұйқыны, оқуды, қозғалысты және тікелей қарым-қатынасты ығыстырған кезде баланың құрылғыны қалай пайда­ланатынын ажырата білу маңызды. Бала жаңа нәрсе үйренді ме әлде қысқа бей­нелердің арасында тынымсыз ауысып отыра ма? Тек ұзақтығы ғана емес, мазмұны, баланың жасы және отбасының әдеттері де маңызды. Осы тұрғыда жиі «клиптік ойлау» туралы айтады, яғни ақпаратты жеке жарқын үзінділер түрінде қабылдау. Мен бұл сөзді диагноз ретінде емес, мазмұнға тоқтамай, тез ауысуға дағдыланудың сипаттамасы ретінде қолданамын. Балаға қызықты нәрсені байқауға ғана емес, байланыстарды аңғаруға, себептерін түсінуге және өз тұжырымдарын жасауға көмектесу – біздің міндетіміз.

Қазіргі балалардың «ұзақмерзімді жады азаяды» деп айту тым асыра сілтеу болар еді. Үнемі алаңдау материалды меңгеруге және оны кейін қайталап айтуға кедергі келтіруі мүмкін. Ақпаратты тез көру оны түсіну және ұзақ уақыт есте сақтау дегенді білдірмейді. Сондықтан зейін қойып жұмыс істеуге, оқығанды талқылауға және өз сөзімен қайталауға уақыт қалдырған жөн.

Ана ретінде кітап жазуға немесе теле­фонның міндетті «пайдалы» алмастыру­шысына айналғанын қаламас едім. Оқуға қызығушылықты баланың жақын тақы­рыптарын таңдау, бірге талқылау және ересектердің үлгісі арқылы қолдау керек. Ал оқу немесе сабақ кезінде артық хабарлан­дыруларды өшіру қажет, сонда бала үнемі алаңдамайды. Мен үшін цифрлық сауат­тылық сонымен қатар өз зейінін басқара білу қабілеті мен құрылғыны пайдалана білу ғана емес, оны қашан қойып қою керегін түсінуі де маңызды.

Жүрекке үңілу: эмоционалды тұрақтылық ешқашан жыламау емес…

– Қазіргі балалардың арасында жалғыздық сезімі күшейіп бара жатқан жоқ па? Олардың эмоционалды жағдайын қалай тәрбиелеуге болады?

Баян Бекетай:

– Қазіргі баланың өмірінде адамдар азайған жоқ, бірақ шынайы эмоционалдық жақындыққа деген қажеттілік күшейді деп ойлаймын. Әлеуметтік желі баланың байланыс мүмкіндігін көбейтті. Бірақ экрандағы қарым-қатынас пен адамның жанында отырып сөйлесудің айырмашылығы бар. Балаға өзін біреуге маңызды сезіну үшін лайк пен пікірден гөрі, оның сөзін бөлмей тыңдайтын, сезімін жоққа шығармайтын жақын адамы қажет. Баланың эмоционалдық жағдайы бір күнде қалыптаспайды. Ол отбасындағы күнделікті қарым-қатынастан қалыптасады. Сондықтан эмоционалдық тәрбиені арнайы бір сабақ немесе ақыл айту арқылы ғана жүргізу мүмкін емес. Ол күнделікті қарым-қатынастың мәдениетіне айналуы керек. Біріншіден, ата-ана баланың сезімін жоққа шығармауы қажет. Бала ренжісе – ренішінің себебін түсінуге мүмкіндік беру, қорықса – қорқынышын кемсітпеу, ашуланса – ашудың астарындағы қажеттілікті түсіндіру маңызды. Екіншіден, балаға эмоцияны басқаруды үйрету керек. Бұл эмоцияны басып тастау деген сөз емес. Ашуланған кезде бірден әрекет етпей тоқтау, ойын сөзбен жеткізу, келіспеушілікті айқайсыз шешу, қажет кезде көмек сұрау – осының бәрі баланың эмоционалдық сауаттылығын қалыптастырады. Үшіншіден, ата-ана баламен сапалы уақыт өткізуге мән бергені дұрыс. Сапалы уақыт дегеніміз міндетті түрде қымбат жерге апару немесе арнайы мереке ұйымдастыру емес. Бірге тамақтану, серуендеу, жолда әңгімелесу, кітап оқу, баланың қызығушылығы туралы сөйлесу – осылардың өзі бала үшін үлкен эмоционалдық қор. Төртіншіден, отбасында баланың қателесуіне орын болуы керек. Үнемі салыстырылған, сынақтан қорқып өскен бала өз сезімін жасыруға бейім бо­лады. Ал өзін қауіпсіз сезінген бала қиын­дықты жасырмай айтып, көмек сұрай алады. Бесіншіден, ата-ана баланың өмірін толық бақылауда ұстаудан гөрі, оған біртіндеп жауапкершілік беруге үйретуі керек.

Эмоционалдық тұрғыдан мықты бала дегеніміз – ешқашан жыламайтын немесе ешқашан қиналмайтын бала емес. Ол қиындық келгенде өзінің не сезіп тұрғанын түсініп, одан шығудың жолын іздей алатын бала. Бұл жерде ата-ананың өз үлгісі ерекше маңызды. Бала біздің айтқанымызды ғана емес, біздің өмір сүру тәсілімізді қабылдайды. Үйде ашу қалай көрсетіледі, реніш қалай шешіледі, ерлі-зайыптылар бір-бірімен қалай сөйлеседі, қателікке қалай қарайды – мұның бәрі баланың болашақ қарым-қатынас мәдениетіне әсер етеді. Сондықтан баланың эмоционалдық тәрбиесін оның өзінен бастамай, алдымен отбасындағы қарым-қатынастан бастау керек. Менің жиырма жылдық педагогикалық тә­жірибемде байқағаным – балаға білім беруге мүмкіндік көп, ал баланың жүрегіне үңілуге уақыт азайып барады. Бүгінгі балаға бізден тек білім мен бақылау емес, байланыс, бағыт және сенім қажет. Ата-ана баланың әр қадамын бақылаушы емес, өмір жолында бағыт беруші болғаны жөн. Оның орнына шешім қабылдай бермей, шешім қабылдауға үйретуі керек. Барлық қателігін түзете бермей, қателіктен сабақ алуға мүмкіндік беруі керек. Егер бала үйінде өзін қадірлі, мектепте өзін қажет, қоғамда өзін жауапты адам ретінде сезінсе, оның ішкі тірегі қалыптасады. Ал ішкі тірегі бар бала өзгермелі әлемнен қорықпайды. Біз қазіргі баланы өзгертуге емес, оның өзгерген әлемінде дұрыс бағыт табуына көмектесуге тиіспіз.

Балабек Сақтағанов:

– Психологияда жалғыздық жалғыз қалу емес, қалаған және нақты қарым-қатынас арасындағы алшақтық. 37 елдегі оқушыларды зерттеген Твенге мен әріптестері (2021) 2012 жылдан кейін мектептегі жалғыздық сезімінің өскенін көрсетті, бұл смартфонның таралуымен сәйкес келеді. Алайда себеп-салдар толық анықталмаған: жалғыз бала экранға көбірек кіруі де, экран баланы жалғыз қалдыруы да мүмкін.

Қазақстан бойынша салыстырмалы зерттеулер әлі аз, ал жасөспірімдердің өзіне қол жұмсау мәселесінің өзектілігі эмоциялық әл-ауқатқа ерекше назар аударуды талап етеді. Біздің мәдениетте жалғыздықты тереңдететін фактор бар: «ұят» және «жұрт не дейді» қысымы. Ер балаға «жыламайды», қыз балаға «жақсы қыз болу» қалпы таңылады, ал бала қиындығын айтуға ұялады. Үнсіздік жалғыздықты күшейтеді. Эмоциялық тәрбие үшін алдымен қауіпсіз байланыс керек: ата-ана мінсіз болмай-ақ, қолжетімді болса жеткілікті. Күнде 15-20 минут телефонсыз, баланың қалауымен ойнау немесе сөйлесу қымбат үйірмеден артық пайда береді. Екіншіден, сезімді қабылдап, атай білу (Готтманның эмоциялық коучингі): «жылама, ештеңе болған жоқ» дегеннің орнына «ренжідің ғой» деп айту. Нейрозерттеулер сезімді сөзбен атау қозуды төмендететінін көрсетеді; шектеу сақталады: «ашулануға болады, ұруға болмайды». Үшіншіден, жылулық пен нақты шектеуді ұштастыратын беделді тәрбие стилі. Төртіншіден, шартсыз қабылдау: ҰБТ мен олимпиада қысымы жағдайында «жақсы оқысаң да, оқымасаң да сен маған қымбатсың» деген хабар аса маңызды. Бесіншіден, цифрлық шекара­лар және ережелер ата-анаға да ортақ болуы керек: ас үстінде, ұйқы алдында телефон жоқ.

Біздің мәдениеттің ең үлкен ресурсы: кең туыстық желі. Әже, ата, нағашы жұрты, ауыл, той-томалақ баланы әулеттің мүшесі ретінде қабылдайды, ал ата-анадан тыс сенімді бір ересектің болуы психика­лық төзімділіктің күшті қорғаныс факторы. Қалалық өмірде бұл байланыс әлсіреп барады, сондықтан оны саналы түрде сақтау керек. Спорт, ұлттық ойындар (асық, тоғызқұмалақ), ұжымдық шаралар да нағыз қарым-қатынасты арттырады. Ұйқы мен қозғалыс эмоциялық тұрақты­лықтың биологиялық негізі екенін де ұмытпаған жөн.

Ақырында, бала біршама уақыт көңіл-күйі төмен болып, достарынан алыстап, ұйқысы мен тәбеті бұзылып, оқуы нашарласа, бұл мінез емес, маман көмегін қажет ететін белгі болуы мүмкін. Пси­хологқа жүгіну әлсіздік емес, жауапты ата-анаға тән қадам екенін қоғамдық санада орнықтыру – біздің мамандардың да, БАҚ-тың да міндеті.

Әлия Оспанова:

– Байланыстар саны қарым-қатынас сапасын әрдайым көрсете бермейді. Бірнеше чатта тұрып, өз уайымыңды кімге айтарыңды білмеуің мүмкін. Дегенмен нақты деректерсіз барлық қазіргі бала жалғыз болып кетті деп айтпас едім. Цифрлық қарым-қатынас қолдау мен достықтың көзі де бола алады. ДДСҰ материалдарында әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланатын, бірақ проб­лемалық мінез-құлық белгілері жоқ жас­өспірімдердің құрдастарының қолдауын күштірек сезінетіні айтылған. Сондықтан баланың күйін тек телефонда өткізетін уақытына қарап емес, нақты баланың басында не болып жатқанына қарап бағалау маңызды. Ата-ананың міндеті баланың әр қадамын білу емес, қиын сәтте сенімін сақтап, оның өзіңе келе алуына жағдай жасау.

Эмоционалдық төзімділікті «уайым­дама» деген үндеумен тәрбиелеуге бол­майды. Балаға сезімдерін атауға, көмек сұрауға, жанжалдарды басқа адамды қорламай шешуге көмектесу маңызды. «Бұл ештеңе емес» дегеннің орнына: «Бұл сені ренжіткенін көріп тұрмын. Айтып берші», деп айтуға болады. Біз, ересектер, өзімізге де сұрақ қоюымыз керек: бала сөйлесуге келгенде, шынымен теле­фонымызды қоя аламыз ба? Сенім осын­дай күнделікті сәттерден қалыптасады. Ал егер уайым, көңіл-күйдің түсуі немесе тұйықталу ұзаққа созылып, күнделікті өмірге кедергі келтірсе, мұны жасқа не­месе гаджеттерге жаппай, білікті маманға жүгіну керек.

Әрине, адами қарым-қатынастар: жанашырлық, жауапкершілік, тыңдай білу, келісе білу және қателікті мойындау. Балалар өздерінің құндылығы бағаға, жазылушылар санына немесе басқалармен салыстыруға байланысты емес екенін түсінгені маған маңызды. Қателесуге, сұрақ қоюға, қайта байқап көруге және қолдау сұрауға болады. Сонымен қатар барлық жауапкершілікті отбасына жүктеуге болмайды. Мектеп, мемлекет және технологиялық компаниялар да қауіпсіз орта мен оқуға қолжетімді мүмкіндіктер жасауға тиіс. Цифрлық дағдылардың дамуы балаларды қорғаумен және ересектерді қолдаумен қатар жүруі керек, ЮНИСЕФ те осыған екпін жасайды. 

Біздің міндетіміз – баланы барлық қосымшаға үйрету емес, оған үйрене алатын, шешім қабылдай алатын дербес тұлға болуға көмектесу.

Дайындаған Тілекгүл Есдәулет