Табиғатқа төнген қатер

Әсіресе, аса ірі өндіріс орындарының тиісті талаптарға пысқырып та қарамауы мәселенің тым күрделеніп, іс жүзінде асқына бастауына себепкер болып отыр. Түйткілдің тым ушығуы халықтың да әбден жүйкесін жұқартқан. Халықтың ащы жанайқайы әзірге құзырлы орындардың табалдырығынан әрі аспай тұр. Себебі табиғатқа да,  адам мен барша тіршілік иесінің денсаулығына да аса зор қауіп төндіретін зиянды заттар, зауыттардан шығатын ащы түтін мен қою шаң, қолқаны қабатын күлімсі иіс, шашылып-төгілген қоқыс пен мал өлекселері тым көбейіп кеткен. Өңірдің әр қиырындағы мұндай жағдайларды осыған дейін де жазғанбыз. Ақмола облысының Экологиялық департаменті жүргізген кезекті тексерістердің қорытындысы аймақтың экологиялық ахуалының бет-пердесін тағы бір мәрте сыпырып түсті… 

Құзырлы орган ұсынған ресми деректерге жүгінсек,  эко­логия­ның ластануына ықпал етіп, заң талап­тарын өрескел бұзған кә­сіпорын­дар миллиондаған теңге айыппұл арқалаған. Алайда түйт­кіл бұл айыппұлдардың көлемінде емес, іс жүзінде оның мәселені шешуге еш әсерін тигізе алмауын­да болса керек. Экологтар қан­шалықты айыппұл салып, дабыл қаққа­ны­мен, оны шыбын шаққан құрлы көрмейтін кәсіп­орындар­дың қатары қалың. Бей­берекет тірлік сол қалпы жалғасып жатыр. 

Мәселен, былтыр облыс аума­ғында 86 бірдей ірі кәсіпкерлік субъектісі тексеріліп, 93 заңбұзу­шылық анықталған. Қарапайым тілмен айтқанда, тексерілген әр­бір кәсіпорын дерлік экологиялық талаптарды елеп-ескермей, заңды белден басқан. Тек былтырдың өзінде ғана экологияға келтірген залалы үшін облыс аумағындағы кәсіпорындарға 65 нұсқау беріліп, 128 әкімшілік хаттама толтырыл­ған. Нәтижесінде, 111 іс қаралып, жалпы сомасы 41,7 миллион теңге сомасында айыппұл салынған. Ведомство дерегінше, күні бүгінге дейін салынған айыппұлдың  31,7 миллион теңге сомасы ғана өн­дірі­ліп, ал қалған 10 миллионға жуы­ғы бойынша іс сала маман­дарын әлі соттың табалдырығын тоздыруға мәжбүр еткен. 

Цифрлардың астарында не жатыр?

Экологиялық бақылау депар­таменті келтірген мәліметтерге қарағанда, айыппұл салу меха­низмі жүйелі түрде жұмыс істеп тұр. Алайда оның іс жүзіндегі тиімділігі күмән тудырады. Себебі заңбұзу­шы­лықтар саны азаймай, керісін­ше, жыл санап артып ке­леді. Де­мек, айыппұл кәсіп­орын­дарды тәртіпке шақыратын құрал емес, керісінше «жұмыс шығыны­ның» бір бабы ретінде қабылданып кет­кендей көрінеді.

Олай дейтініміз, тек биылғы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде сегіз кәсіпорын тексеріліп, барлығынан дерлік заңбұзушылық анықталған. Тағы да 40,9 миллион теңге сомасына айыппұл салын­ған. Алайда күні бүгінге дейін соның небәрі 3,7 миллион теңгесі ғана өн­дірілген. Қалғаны тағы да «орын­далу сатысында» қалған. Бұл нені білдіреді? Бұл – эко­логиялық заңнаманың орындалуы емес, оның нақты іс жүзінде фор­малды түрде атқарылып жатқанын айғақ­тайды. Яғни, жең ұшынан жалғасу бұл жерді де әбден шыр­мап алған сияқты. 

Қоқыс көзге көрінеді, жүйенің мәселесі көрінбейді…

Елорданың дәл іргесінде жат­қаны­мен, облыстың ең басты экологиялық дерті – бейберекет қоқыстан еш арыла алмауы десек қателеспеспіз. Мұны облыстық Экология департаменті де мойын­дады. Былтыр жүргізілген ғарыш­тық мониторинг арқылы 458 бір­дей заңсыз қоқыс орны анық­­­­­­­­­­тал­­ған. Күні бүгінге дейін оның тек 417-сі ғана жойылған. Ал қал­ғаны әлі мұрты бұзылмай тұр, – дейді Ақмола облысы Эко­логия де­партаменті басшысының мін­детін атқарушы Тұрар Қар­тамұлы.  Олар әлі де табиғатты улап, теріс­кейдің түгін тартсаң май шыққан құнарлы жері мен тұп-тұнық айды­нын бүл­діріп жат­қаны айтпаса да түсінікті.

Бұған жауапты  жергілікті әкім­­діктер екені даусыз. Бірақ олар­дың жауапкершілігі де «сим­воликалық» деңгейде қалып отыр­ғанға ұқсайды. Өйткені 23 шенеу­нікке небәрі 778 мың теңге айып­пұл салынған. Бұл бір кә­сіп­орынға салынатын айыппұлдың тек көлеңкесінде  қалатын сома екені түсінікті.

Тағы бір аса күрделі әрі негізгі мәселе  инфрақұрылымның жоғы болып тұр. Өңірдегі  130 жер телімінің тек 25-інде  қалдықтарды орналастыруға рұқсаты бар. Қал­ғаны  заңсыз, бақылаусыз, бей­бере­кет күйінде қалған. Мұны өңірдің белсенді тұрғындары да жиі айтады. 

– Степногорск қаласының ірге­сінде өндіріс орындары жетер­лік. Экологиялық ахуал ушығып тұр. Бұл мәселені жергілікті қала әкімдігінен бастап, облыстың құзыр­лы органдарына дейін талай рет жеткіздім. Зауыттардың қою түтіні мен шаңынан халық әбден қажыған. Мұнымен қоса, стихия­лық қоқыстардың да іс жүзінде көп болуы мәселені ушықтырып тұр. Бұл – аймақтың барлық жеріне тән аса өзекті мәселе, – дейді Бестөбе кентінің белсенді тұрғындарының бірі Николай Катчиев. 

Расында, бақылаудың жоғы­нан өңірдің бірқатар аймағындағы стихиялық заңсыз қоқыс үйінді­лерінің көлемі жыл санап ұлға­йып, экологиялық апат қаупін тудыруға таяу. Яғни, мемлекет алдымен жағдай жасамай, кейін соның сал­дары үшін жазалап отырғаны бай­қалады.

Кәріз жүйесі: тозған инфрақұрылым – экологиялық қауіп

Мамандардың пайымына қа­ра­ғанда,  өңірдің экологиялық ахуалына аса елеулі қатер төндіріп тұрған келелі мәселе  кәріз жүйе­сінің де әбден тозуы болып отыр. Өйткені шалғай аудандар мен ауылдарды айтпағанда, өңірдегі ең ірі қалалар – Көкшетау мен Степ­ногорскінің өзінде кәріз-тазарту құрылғылары 90 пайызға тозған. Бұл – тек техникалық мә­селе емес, бұл экологиялық апат­тың алдында тұрған аймаққа ай­нала бастағанын айғақтай түседі.

Елордадан таяқтастам қашық­та ғана орналасқан Қосшы қала­сында халық саны күрт өскенімен, инфра­құрылымы оған дайын бол­май шықты. Шаһардағы тазар­ту жүйесі жүктемені көтере алмай отыр. Ал тұмса табиғатымен тұтас әлем туристерін тартуға қабілетті – Бурабай ауданындағы тазарту құрылғыларында ультра­күлгін залалсыздандыру жүйесі мүлде жұмыс істемей келген. Яғни, құ­зырлы органдармен «жұмыс істеп тұр» деп есептеліп кеткен жүйе, шын мәнінде,  қағаз жүзінде ғана «мінсіз» болып шықты.

Ауа сапасы: бақылау бар, сенім жоқ

Ведомствоның мәліметінше, Сәкен ақын жырлаған Көкшенің саф ауасы да қазір біршама ласта­нып отыр. Оған жүргізілген сына­ма­лар тағы бір мәрте көз жеткізді. Департаменттің дерегінше, ма­ман­­дар атмосфералық ауаның са­па­сына қатысты 78 сынама ал­ған. Бірақ бұл көрсеткіш өңірдегі жүз­деген кәсіпорын үшін тым аз еке­нін атап өтпеске болмас. Жал­пы, өңірде қоршаған ортаға эмис­сия мониторингінің автоматтан­дыры­л­ған жүйесін енгізуге аса зор  көңіл бөлініп келеді. Мұндай жү­йені орнату талабы облыста «Степ­ногорск ЖЭО», «Көкше Це­мент», «Көкшетау Жылу», «АСИ қазан­дығы» және «Есіл қа­ла­лық комму­налдық шаруа­шылы­ғы» сияқты бес кәсіпорынға міндетте­ліпті. Дегенмен автомат­тан­дырыл­ған жүйе әзірге бұл кәсіпорындар­дың үшеуінде ғана орнатылған. Қалған екеуі әлі «орнату сатысын­да» қал­ған.  

Дегенмен департамент құр шөппен ауызды сүрте беруге де болмасын атап өтті. Департамент мәліметінше, аймақта шамамен І санатты эмиссияға жататын 96, ІІ са­натты 346 және ІІІ санатқа жа­та­тын 1 318 кәсіпорын бар. Был­­тыр қоршаған ортаға тас­талатын зиянды қалдықтардың көлемі жылына 21 249 тоннаға дейін азай­ғаны байқалған. Спи­кердің мәліметінше, бұл жоғары­дағы үш кәсіпорынның есебінен болған. Сол сияқты «Көкшетау Жылу» ком­муналдық кәсіп­орнын­да элек­тр сүзгілерінің жөн­деліп және жаңа­дан жеңдік сүз­гілердің ор­натылуы 1 530 тоннаға жуық қал­дықтың жойылуына себепкер бол­ған. 

Экология мәселесі айыппұлмен шешілмейді

Ақмола облысындағы жағдай бір нәрсені анық көрсетті: эко­логиялық бақылау жүйесі бар, бі­рақ ол тиімділігін көрсетер емес. Айыппұл бар, бірақ ол тәртіп орнатпай тұр. Жауапкершілік болғанымен, бірақ іс жүзінде іштей қамшылау басым. Бұл орай­да тұтас әлемді алаңдатып отырған экологиялық ахуалдың тек­серіс­пен емес, жүйемен түзелетіні ес­тен шығарылып қалғанға ұқсайды. Бүгінгі жағдай  сол жүйенің әлсіз­дігін айқын көрсетіп отыр. Егер осылай жалғаса берсе, ертең айып­­пұл көлемі өседі, бірақ таби­ғаттың жағдайы жақсармай­тыны даусыз. Ал бұл  ең қауіпті сценарий бол­мақ… 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы