Биылдан бастап Қызылордаға келген «АЛСЕКО» компаниясы бір түбіртекке бірнеше коммуналдық қызметтің ақысын біріктіру арқылы халықтың уақытын үнемдеп, төлем жасауды жеңілдетуге тиіс еді. Бірақ Қызылордада жаңа жүйе қолданысқа енгеніне бірнеше ай өтпей жатып, түбіртектің өзінен гөрі ондағы коммуналдық қызметтің есебі көптің көкейінде күмәнді сұрақтар туғыза бастады.
Тұрғындарды толғантқан түбіртек
Алғашында бір түбіртек жүйесі бір қарағанда көпшілікке қолайлы болып көрінді. Ала таңнан қас қарайғанша күйбең тірліктің соңында жүрген қара халық үшін бір төлем жүйесінің тиімділігі жоғары екені айтылды. Бірақ Қызылордадағы жаңа жүйе тұрғындардың уақытын үнемдеудің орнына жауапсыз сұрақтардың тиегін ағытып, есепсіз шығынға батырып жіберді. Оған себеп, төленген ақшаның «қарыз» болып қайта келуі, үйде ешкім отырмаса да мыңдаған теңгелік түбіртектің жіберілуі тұрғындардың наразылығын арттырды. Ең қиыны, қателік кеткен жағдайда жауапкершіліктің кімге жүктелетіні бұлыңғыр.
Негізінен төлем жүйесін цифрландыру жобасы тұрғындардың уақытын тиімді пайдалануына сеп болуға тиіс еді. Бірақ жаңа технология ел арасында бұрынғыдан да көп түсініксіз жағдай туғыза бастады.
Тарқатып айтсақ, Қызылорда облысында 2026 жылдың қаңтар айынан бастап электр энергиясы, су, жылу, кәріз, қоқыс шығару және өзге де қызметтер бір төлем құжатына біріктіріліп отыр. Ал «АЛСЕКО» АҚ осы жүйенің операторы ретінде жұмыс істей бастады. Ресми мәлімет бойынша, бес қызмет көрсетуші ұйым компаниямен бірыңғай есеп айырысу орталығы қызметтерін көрсетуге келісімшарт жасаған.
Бұл жүйе Сыр халқы үшін әр мекеменің шотын бөлек іздемей, барлық коммуналдық төлемді бір жерден көріп, төлеуге негізделген. Алайда мақсат пен нәтиже арасындағы алшақтық көп ұзамай халықтың ашу-ызасын туғызды. Әсіресе әлеуметтік желілерде «Үйде ешкім болмаса да жарыққа қыруар төлем келіп тұр. Сонда бұл ақша қайдан шықты?», «Жарыққа төленетін ақы бірнеше есе қымбатқа шығып жүр. Бұрын 3000-5000 шамасында төлесек, соңғы кездері 25-30 мыңға түбіртек келетін болды» деген секілді шағымдар үдеп барады.
Елдің арыз-шағымына сәйкес, өңірлік коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг те ұйымдастырылып, сала мамандары мәселенің мән-маңызын кеңінен түсіндіруге тырысты. Әсіресе тұрғындар арасында коммуналдық қызметтердің тарифін белгілеу, түбіртектегі төлемді есептеуге қатысты түсініспеушіліктер қалыптасқан. Бұған облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин мынадай түсініктеме берді.
«АЛСЕКО» АҚ коммуналдық қызметтердің тарифін белгілемейді және тұрғындардың төлем сомасын өз бетінше есептемейді. Әр қызмет бойынша есептеуді сол қызметті көрсететін коммуналдық кәсіпорын жүргізеді. Ал «АЛСЕКО»-ның міндеті – кәсіпорындардан келіп түскен есептеулерді бір жүйеге біріктіріп, тұрғындарға бірыңғай төлем құжаты ретінде ұсыну. Егер тұрғынның түбіртектегі су, жылу немесе электр энергиясына қатысты есептеуге күмәні болса, алдымен сол қызметті көрсететін мекемеге жүгіну қажет, – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, түбіртектегі әр соманың артында нақты қызмет көрсетуші кәсіпорын тұр. Ал «АЛСЕКО» бұл есептерді бір құжатқа жинақтап, тұрғынға жеткізуші тарап. Сондықтан даулы төлемнің себебін анықтауда «есепті кім шығарды?» деген сұраққа жауап беру маңызды дегенді алға тартады.
Сонымен қатар кей жағдайда екі жүйенің арасында ақпарат алмасу кешігеді екен. Тұрғын үй иесі ақшасын уақытында төлегенімен, төлем туралы мәлімет жаңа түбіртек қалыптасқанға дейін базаға түспей қалуы мүмкін. Соның салдарынан бұрынғы қарыз қайта көрсетілетінін жеткізді.
Дей тұрғанмен, бұл жерде негізгі мәселенің ескерусіз қалып тұрғаны байқалады. Яғни қарапайым тұтынушының жағдайын қаперге алып, халықтың қате есептелген төлем бойынша бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыруы қаншалықты дұрыс деген сұрақтың туындауы да заңдылық. Өйткені цифрландырудың негізгі мәні осындай әурені азайтуға бағытталып отырғанын да ескеру керек сияқты. Егер тұтынушы ай сайын қате төлемді жауапты мекемелерге барып, қайта есептетуге мәжбүр болса, «АЛСЕКО» компаниясының қара халық үшін тиімділігі қандай болмақ деген сауал басы ашық күйінде қалып тұр.
Қарсы тараптың да айтары бар
Бұл тұрғыда «АЛСЕКО» АҚ өкілі тарапынан да мәселенің мәнін ашып көрсетуге тырысып бақты.
«Қазір бірыңғай төлем құжатын жетілдіру бағытында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтқанда, төлем құжаттарын әр ай ішінде қайта жаңарту, коммуналдық қызметтер бойынша тікелей төлемдерді бірыңғай төлем құжатына кезең-кезеңімен көшіру және тұтынушылардың мекенжай деректерін біріздендіру мәселелері қаралуда. Бұл бағытта барлық қызмет көрсетуші кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Негізгі мақсатымыз – тұрғындардың бірнеше жерден төлем жасап, әр коммуналдық қызмет бойынша бөлек есеп жүргізу қажеттілігін азайту. Тұтынушы барлық коммуналдық қызмет бойынша ақпаратты бір құжаттан көріп, төлемді де сол жерден жасай алуы керек. Сондықтан бірыңғай төлем құжатының басты міндеті – төлем процесін тұрғындар үшін барынша түсінікті, ыңғайлы әрі ашық ету», – дейді бұл жөнінде «АЛСЕКО» АҚ коммерциялық директоры Алексей Бозжанов.
Оның түсіндіруінше, «АЛСЕКО» коммуналдық тарифті өзі белгілемейді әрі электрдің, судың немесе жылудың бағасын өз бетінше өзгерте алмайды. Осы ретте компанияның негізгі міндеті – қызмет көрсетушілерден келіп түскен ақпаратты жинақтап, бір бірыңғай төлем құжатына біріктіру екенін алға тартады.
Сонымен қатар брифинг барысында тұрғындарға «Smart ЖКХ» мобильді және веб-қосымшасы іске қосылғаны да мәлім болды. Тегін қосымшада бірыңғай төлем құжатын, төлемдер тарихын және коммуналдық қызмет көрсетушілердің байланыс деректерін көруге болатыны айтылды.
Халық шағымынан туындаған мәселе брифингтен кейін облыс әкімдігі деңгейінде де қаралды. Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен 8 қыркүйекте өткен жиында сала мамандарымен бірлесіп, коммуналдық төлемдерді бір жүйеге шоғырландыру, есеп айырысуды орталықтандыру және қызмет көрсету ашықтығын арттыру мәселелері көтерілді.
Қызылордадағы «АЛСЕКО» компаниясына қатысты түйткіл әлеуметтік желілерде әлі де қызу талқыға түсіп жатыр. Жауапты сала мамандары тарапынан бірыңғай төлем құжатын жетілдіру бағытында тиісті шаралар атқарылып жатқаны айтылғанымен, әзірге нақты нәтиже болар емес. Мұны жарықпен қамтамасыз етуші КРЭК мекемесінде электр энергиясына қатысты төлем мөлшерін қайта есептетуге кезекке тұрған халықтың қарасынан аңғаруға болады.
Жалпы, халық жаңа жүйе бойынша ақы төлеуге қарсы емес. Алайда «АЛСЕКОҒА» «есепсіз» есептің қайдан келетінін түсінбей дал. Егер тариф өспесе, тұтыну көлемі өзгермесе, есептегіш көрсеткіші бұрынғы деңгейде болса, түбіртектегі соманың неге күрт өскенін, кей жағдайда төленген ақшаның қайтадан қарыз болып жазылу салдарын әр тұтынушы білуге құқылы.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы










