Көп жылдар бойы еліміз «жас мемлекет» ретінде сипатталып келді. Расында да, туу деңгейі жоғары, жастар үлесі басым ел ретінде біз демографиялық артықшылыққа ие болдық. Бірақ кейінгі жылдары бұл теңгерім біртіндеп өзгере бастады. Сарапшылардың айтуынша, бүгін байқалып отырған үрдістер алдағы онжылдықтарда еңбек нарығына да, зейнетақы жүйесіне де, жалпы экономикалық өсімге де тікелей әсер етеді.
Демографиялық қартаю – бұл ең алдымен жетістік. Адамдар ұзақ өмір сүре бастады. Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты. Әйелдер 79 жасқа дейін, ерлер 71 жасқа дейін өмір сүреді. Алайда осы жетістіктің екінші жағы бар. Туу деңгейі баяу төмендеп келеді. Мысалы, 2021 жылы елімізде 446,5 мың сәби дүниеге келген болса, бұл көрсеткіш 2022 жылы 403, 9 мыңға дейін азайып, 2023 жылы тіпті 388,4 мыңға дейін төмендеген. Ал 2024 жылы 365,9 мыңға дейін күрт азайған. Әрине, бұған жастардың отбасын кеш құруы, әлеуметтік-экономикалық жағдайлар да себеп болуы мүмкін. Қайткен күнде де қоғамдағы жас құрылым біртіндеп «ауырлап» барады.
Бүгінде елімізде халық саны 20 миллионнан асты. Оның шамамен 1,9 миллионы – 65 жастан асқан азаматтар. Бұл – жалпы халықтың 9 пайыздан астамы. Ал қартаю индексі 31-ге жетті. Яғни, әрбір 100 балаға шаққанда 31 егде адамнан келеді. Бір қарағанда аса үлкен көрсеткіш емес. Бірақ мәселе оның қарқынды өсіп келе жатқанында. Халықаралық болжамдарға сүйенсек, 2050 жылға қарай Қазақстанда егде жастағылардың үлесі 14 пайызға жуықтайды.
Әзірге Қазақстан Еуропа елдерімен немесе Жапониямен салыстырғанда жас мемлекет болып қала береді. Мысалы, Жапонияда 65 жастан асқандар 30 пайызға жуық. Германия мен Италияда әрбір төртінші адам егде жаста. Бірақ айырмашылық біреу. Олар бұл кезеңге біртіндеп жетті. Ал Қазақстанда қартаю үрдісі әлдеқайда жылдам жүруі мүмкін.
Қартаюдың ең бірінші соққысы еңбек нарығына тиеді. Қазір Қазақстанда жұмыс күшінің үлесі жоғары. Бірақ уақыт өте келе бұл көрсеткіш төмендейді, яғни жұмыс істейтіндер азаяды. Зейнеткерлер саны көбейеді, кадр тапшылығы күшейеді. Бұл экономиканың өсу қарқынын баяулатуы мүмкін. Өйткені кез келген өсімнің негізі – еңбек ресурсы.
Демографиялық құрылымның өзгеруі зейнетақы жүйесіне де қысым түсіреді. Сараптамалық деректерге сәйкес, 2012 жылы Қазақстанда бір зейнеткерге шаққанда шамамен еңбекке қабілетті адам 7,7 болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 5,5-ке дейін төмендеген. Ал 2050 жылға қарай 4 адамға дейін азаюы мүмкін. Бұл еңбек ететін халыққа түсетін жүктеменің арта түсетінін білдіреді. Бұл зейнетақы жүйесіне қосымша жүктеме түсіретіні анық.
Қартаюды тек санмен емес, сапа мәселесі арқылы анықтау керек. Егде жаста созылмалы аурулар көбейеді. Жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, онкология – мұның бәрі медициналық жүйеге ұзақмерзімді қысым түсіреді. Демек, Қазақстанға енді тек ауруды емдеу емес, ұзақ өмір сапасын арттыру мәселесіне басымдық беру керек болады.
Бір қызығы, қартаю ел ішінде біркелкі жүріп жатқан жоқ. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында халық құрылымы айтарлықтай қартаю үстінде. Бұл өңірлерде егде жастағы тұрғындардың үлесі жоғары, ал туу деңгейі төмен. Керісінше, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласы елдегі ең жас демографиялық құрылымға ие аймақтар қатарында. Орташа жас көрсеткіштеріндегі айырмашылық кей өңірлер арасында 10-12 жасқа дейін жетеді. Жалпы, бұл алшақтық болашақта еңбек ресурстарының теңсіздігіне алып келуі мүмкін.
Qazaq Expert Club-тың әлеуметтік саладағы сарапшысы, әлеуметтанушы Толқын Сәметованың пікірінше, қазақстандағы қартаю үдерісі ең алдымен экономикаға әсерін тигізеді. Салық төлеушілер азайып, әлеуметтік бюджет өседі, бұл мемлекеттің даму жобаларына бөлетін инвестициясын шектейді. Экономика белсенді тұтынудан (инновация, гаджеттер, ойын-сауық) пассивті тұтынуға (медицина, дәрі-дәрмек) көшеді. Салдарынан стартаптар мен жаңа бизнес секторы баяулайды.
Сол үшін еліміз дәстүрлі зейнеткерлік моделінен бас тартуға тиіс. «Батыс елдері сияқты қарттарды тек әлеуметтік көмек алушы емес, белсенді экономикалық субъект ретінде қарастыру қажет. Олардың интеллектуалды капиталын менторлық пен кеңесшілік бағытта сақтап қалатын жаңа еңбек заңнамасын енгізу керек. Қазақстан үшін тек бір елдің емес, әлемдік үздік кейстердің синтезі қажет», – дейді ол.
Мысалы, Германия және Жапония үлгісі («Күміс стартаптар»): Бұл елдерде зейнеткерлерді тек демалушы емес, жаңа бизнес көзі ретінде көреді. Жапонияда қарттарға арналған экзоқаңқалар (еңбекті жеңілдететін робот-костюмдер) жасалып, олар қоймаларда, ауыл шаруашылығында жұмысын жалғастыруда. Германияда 55 жастан асқан азамататрға өз бизнесін ашу үшін арнайы мемлекеттік гранттар беріледі.
Сингапур үлгісі («Ұрпақтар интеграциясы»): Балалар бақшасы мен қарттар үйін бір ғимаратқа біріктіру. Егде адамдар балаларға тәлімгер, тәрбиеші болады, бұл мемлекеттің әлеуметтік шығындарын азайтып, қарттардың депрессияға түсуінің алдын алады.
Оңтүстік Корея үлгісі («Цифрлық қарттық»): Қарттарды IT-технологияларға, маркетплейстерде жұмыс істеуге, курьерлік және онлайн-кеңесшілікке жаппай қайта оқыту. Бұл жұмыс күшінің тапшылығын ішінара жабады.
Канада үлгісі («Селективті иммиграция»): Өз халқының қартаюын тоқтату үшін Канада жыл сайын нақты мамандықтар (IT, медицина, инженерия) бойынша әлемнің түкпір-түкпірінен тек 25-35 жас аралығындағы дайын мамандарды қабылдайды. Қазақстанға да солтүстік аймақтарды толтыру үшін Орталық Азиядан немесе шетелдегі қандастар есебінен осындай нүктелі миграциялық сүзгі керек.
Жалпы, сарапшылардың пікірінше, бұл үрдісті тоқтату мүмкін емес. Бірақ оған елімізде белсенді ұзақ өмір сүру саясатын дамыту, егде жастағы адамдарды еңбекке тарту және жас отбасыларды қолдау арқылы бейімделуге болады.
Қазақстанның қартая бастағаны шындап келгенде дабыл қағатын жағдай емес. Бірақ назар аударуды талап ететін кезең. Бүгін қабылданған шешімдер ертеңгі қоғамның бейнесін айқындайды. Ал демографиялық көрсеткіш – жай статистика емес, елдің болашағының айнасы.
Айгүл СЕЙІЛ









