Бұл ретте Шымкент қаласының географиялық орналасуы, тарихи-мәдени ортасы мен демографиялық әлеуеті өңірдегі көші-қон үдерістеріне айрықша сипат береді.
Көші-қон – тек халықтың бір аумақтан екінші аумаққа қоныс аударуы емес. Оның астарында адам тағдыры, тарихи жады, ұлттық болмыс, әлеуметтік бейімделу және экономикалық даму секілді өзара сабақтас мәселелер жатыр. Әсіресе шетелде өмір сүріп жатқан этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуы мемлекеттің демографиялық саясатымен қатар ұлттық тұтастықты сақтау міндетімен де тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкент қаласындағы көші-қон саясатын тек әкімшілік рәсімдер мен қоныстандыру шараларының жиынтығы ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – елге оралған азаматтардың жаңа ортаға бейімделуіне, әлеуетін іске асыруына, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретін кешенді бағыт.
Шымкентте шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған «Киелі Қазақстан» танымдық экскурсиясы аясындағы дөңгелек үстел осы мәселенің рухани және гуманитарлық қырын айқындай түсті. Басқосуда тарихи Отанмен байланысты нығайту, ұлттық тарих пен мәдени мұраны насихаттау, шетелдегі қандастармен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Ырысқали Дәуренбек, қор қызметкерлері және шетелден келген қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан Сәрсен Абайұлы тарихи Отан мен шетелдегі қандастар арасындағы байланысты сақтаудың маңызын атап өтіп, мұндай басқосулардың тек ресми сипаттағы шара емес, рухани жақындастықты нығайтатын маңызды алаң екенін жеткізді.
– Бүгінгі басқосу – алыста жүрсе де жүрегі Атажұрт деп соғатын бауырларымызбен қауышудың, ой бөлісудің, бір-бірімізді жақынырақ танудың алтын көпірі. Қазақ халқы қашанда алыста жүрсең де, атажұртыңды ұмытпауды өсиет еткен. Сіздердің бүгін Шымкентке келіп, «Киелі Қазақстан» бағдарламасына қатысып отырғандарыңыз сол өсиеттің жалғасы, туған елге деген сағыныштың, перзенттік махаббаттың дәлелі, – деді Сәрсен Құранбек.
Бұл сөздің астарында көші-қон саясатының тек демографиялық көрсеткіштермен өлшенбейтін терең мазмұны жатыр. Өйткені тарихи Отанмен байланысты сақтау ең алдымен ұлттық сана мен рухани сабақтастықты үзбеу. Ал елге оралған немесе шетелде өмір сүріп жатқан қазақтардың өз тамырынан ажырамауы үшін мәдени, тілдік және қоғамдық байланыстарды жүйелі түрде дамыту қажет. Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары «Отандастар қоры» жүзеге асырып отырған «Киелі Қазақстан» жобасының рухани маңызына тоқталды. Экскурсияның мақсаты тек тарихи орындарды аралаумен шектелмейді. Бұл – ата-баба мұрасын танып, ұлттық тарих пен мәдениетті тереңірек сезінуге мүмкіндік беретін тағылымды бастама.
Қазақстан үшін этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуы ұзақмерзімді мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі болып саналады. Алайда елге оралған азаматтарды қабылдау көші-қон саясатының алғашқы кезеңі ғана. Одан кейінгі маңызды міндет – олардың тұрақты қоныстануына, жұмыспен қамтылуына, білім алуына, кәсіпкерлікпен айналысуына және қоғамдық ортаға толыққанды араласуына жағдай жасау. Бұл жерде әлеуметтік бейімделу мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Қоныс аударған азамат үшін жаңа ортаға үйрену, құжат рәсімдеу, тұрғын үй мәселесін шешу, балаларын білім беру ұйымдарына орналастыру, еңбек нарығына бейімделу бір-бірімен тығыз байланысты міндеттер. Осы мәселелердің әрқайсысы жүйелі сүйемелдеуді қажет етеді.
Сондықтан көші-қон саясатының тиімділігі қоныс аударған азаматтардың санымен ғана өлшенбеуі тиіс. Оның нәтижесі адамдардың жаңа қоғамда қаншалықты орныққаны, тұрақты табысқа қол жеткізгені, кәсіби әлеуетін жүзеге асырғаны және қоғамдық өмірге араласу деңгейі арқылы бағаланғаны жөн.
Шымкент секілді халқы тығыз, экономикалық және әлеуметтік байланыстары қарқынды қалада бұл бағыттың өзіндік маңызы бар. Қаладағы білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, сауда және қызмет көрсету салалары жаңа қоныстанушылардың әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін бағыттар ретінде қарастырылуы мүмкін. Дегенмен мұндай мүмкіндіктерді нақты нәтижеге айналдыру үшін тұрғын үй, жұмыспен қамту, кәсіби даярлау және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі өзара үйлесімді болуы қажет.
Шымкенттің тарихи және географиялық ерекшелігі көші-қон мәселесіне кеңірек қарауды талап етеді. Қала – оңтүстік өңірдің ірі экономикалық, мәдени және білім беру орталықтарының бірі. Оның әлеуметтік-экономикалық құрылымы, кәсіпкерлік ортасы және өңірлік байланыстары ішкі және сыртқы көші-қон үдерістерінің өзара ықпалдасуына негіз қалыптастырады. Мұндай жағдайда көші-қон саясаты демографиялық өсімді басқарумен ғана шектелмеуі керек. Қалаға келген азаматтардың адами капиталын дамыту, еңбек нарығына бейімдеу, кәсіби біліктілігін пайдалану және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету де маңызды.
Әсіресе тарихи Отанына оралған қандастардың арасында түрлі кәсіп иелері, білімді мамандар, кәсіпкерлер мен жастар бар. Олардың жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби дағдылары жергілікті экономиканың дамуына үлес қоса алады. Бұл үшін азаматтардың қабілеті мен сұранысын ескеретін жұмыспен қамту тетіктерін жетілдіру, кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету және біліктілікті тану рәсімдерін жеңілдету мәселелері назарда болуы қажет.
Көші-қон саясаты тек елге оралған қандастармен жұмыс істеумен шектелмейді. Шетелде тұратын қазақ диаспорасымен тұрақты байланыс орнату да стратегиялық мәнге ие. Өйткені шетелдегі отандастар Қазақстанның мәдени және рухани кеңістігінің ажырамас бөлігі. Бұл бағытта ана тілін үйрету, ұлттық тарихты насихаттау, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, жастар алмасуын дамыту және білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту маңызды. Әсіресе шетелде дүниеге келген жас буынның Қазақстан туралы танымын қалыптастыру, олардың қазақ тілін меңгеруіне және ұлттық мәдениетпен байланысын сақтауына мүмкіндік жасау қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, «Отандастар қоры» жүзеге асырып отырған жобалардың маңызы зор. Шымкенттегі дөңгелек үстелде қордың қызмет бағыттары, жүзеге асырылып жатқан жобалары мен алдағы жоспарларының таныстырылуы да осы байланыстың институционалдық негізін кеңейтуге бағытталған.
Қатысушылардың шетелдегі қазақ жастарының ана тіліне, ұлттық салт-дәстүрге қызығушылығын арттыру, тарихи-мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу және гуманитарлық байланыстарды кеңейту жөніндегі пікір алмасуы мәселенің өзектілігін көрсетті.
Шымкентте өткен дөңгелек үстел осы міндеттердің өзара байланысын тағы бір мәрте аңғартты. Бір жағынан, тарихи Отанына оралған азаматтардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау қажет болса, екінші жағынан, шетелде тұратын қазақтардың ұлттық құндылықтармен байланысын үзбеу маңызды. Бұл екі бағыттың түпкі мақсаты ортақ – қазақтың рухани тұтастығын сақтау және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы









