The Wall Street Journal ақпараты негізінде Aikyn.kz 60 млн долларға жуық бағаланған үйдің ерекшеліктерін баяндайды.
Стэнли Миддлман мен оның жұбайы Рослин Миддлман Флорида штатының Палм-Бич округіндегі Оушен-Ридж қалашығында орналасқан үйді шамамен сегіз жыл бұрын сатып алған. Жер реестрінің мәліметінше, 2018 жылы ерлі-зайыпты жылжымайтын мүлікке шамамен 19,9 млн доллар төлеген. Қазір оның сұралып отырған баға – 59,95 млн доллар.
Үй Атлант мұхитының жағалауындағы 0,63 га жер телімінде орналасқан. Оның ішкі тұрғын ауданы 980 шаршы метр. Бес жатын бөлмелі резиденцияның интерьерінде қабырғалар ағаш панельдер мен матамен әрленген. Толық жабдықталған бары мен камині бар демалыс бөлмесі, бірнеше терраса және ашық аспан астындағы асүй бар.
Миддлмандар үйді құрылыс салушыдан сатып алғаннан бері оған айтарлықтай өзгеріс енгізбеген. Нысанды сатумен айналысып жатқан Douglas Elliman агенті Николас Малиноскидің айтуынша, меншік иесі осы маңнан басқа жылжымайтын мүлік сатып алғандықтан үйін сатуға шешім қабылдаған.
Оушен-Ридж – пандемиядан кейін ауқатты сатып алушылардың қызығушылығы айтарлықтай артқан Палм-Бич округіндегі шағын жағалаудағы елді мекендердің бірі. Мұхит жағасындағы жеке үйлер санының аз болуы ұсынысты шектеп, жылжымайтын мүлік құнының күрт өсуіне әсер еткен.Сатушының өкілі 59,95 млн долларлық баға нарықтағы қазіргі жағдайға сәйкес келеді деп есептейді.
«Олар қол жетпейтін бағаны көздеп отырған жоқ. Үйді осы маусымда сатуға мүмкіндік беретін деңгейде бағалап отыр», – дейді Малиноски.
Үйдің 2018 жылғы мәмілесі де сол кезде назар аудартқан еді. Миддлман оны шамамен 19,9 млн долларға сатып алған. Ол кезде нысанның бастапқы сұралған бағасы 24,9 млн доллар болғанымен, мәміле шамамен 20% жеңілдікпен жасалған.
Қазіргі 59,95 млн долларлық баға сегіз жыл бұрынғы сатып алу құнынан шамамен 40 млн долларға жоғары. Бұндай өсім Миддлмандардың үйге ауқымды өзгеріс енгізбеуіне қарамастан қалыптасып отыр. Осының өзі Палм-Бич округіндегі мұхит жағалауындағы шектеулі ұсыныс пен қымбат жылжымайтын мүлікке сұраныстың қаншалықты күшейгенін көрсетеді.









