2025-2026 оқу жылында еліміздің мектептерінде 4,1 миллионнан астам оқушы білім алған болса, олардың 240 мыңға жуығы 11 сыныпты аяқтайды. Табалдырығын «тарыдай» болып аттаған алтын ұя мектебімен қоштасады. Құлын-тайдай тебісіп бірге өскен парталас достар үшін көктем күнімен күлімдей атқан әр таң қимас сәттерге толы қымбат уақыт. Әйтсе де, биыл түлектер кеші қалай өткізіледі деген сауал әркімді де қызықтыратыны анық.
Елімізде мектеп бітіруші түлектер кешін ерекше сән-салтанатпен атап өту дәстүрге айналған. Десек те, кейінгі жылдары қалыптасқан дәстүрдің мәні өзгеріп, мазмұны ауысып барады. Қымбат мейрамханалар, кортеждер, шетелдік сапарлар мен бренд киімдер – кейбір ата-аналар үшін әлеуметтік мәртебе жарысына ұқсайтын секілді. Ал ата-аналар үшін «апайға» естелік сыйлық беру керек деген жазылмаған заң бар.
Заң не дейді?
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген тұлғаларға қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты сыйлық қабылдауға шектеу қойылған. Мемлекеттік мектеп мұғалімдері мен өзге де педагогтар осы санатқа жатады.
Қолданыстағы норма бойынша, мемлекеттік қызметшілер 2 айлық есептік көрсеткіштен (2 АЕК) асатын сыйлықты қабылдай алмайды. 2026 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3 932 теңгені құрайды. Демек, заң бойынша шекті сома – 7 864 теңге. Бұл межеден асатын сыйлық заң талаптарына қайшы деп бағалануы мүмкін. Аталған талаптар мемлекеттік мектеп мұғалімдеріне, мемлекеттік балабақша тәрбиешілеріне, колледждер мен өзге де мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтарына қатысты. Жеке білім беру ұйымдарында ішкі ережелер бөлек белгіленуі мүмкін. Дегенмен көп жағдайда олар да қымбат сыйлыққа шектеу қояды. Сондай-ақ заң талаптарында ұжымдық сыйлық берудің жеке нормасы қарастырылмаған. Мысалы, практикада ата-аналар, көбінесе, сынып болып ақша жинап, мұғалімге ортақ сыйлық ұсынады. Алайда заң нормасы сыйлықтың кімнен берілгеніне емес, оның жалпы құнына қарайды. Яғни, бірнеше ата-ана бірігіп қымбат техника немесе зергерлік бұйым алса, оның нарықтық бағасы 2 АЕК-тен асқан жағдайда заң талаптары бұзылуы мүмкін. Егер педагог заңда белгіленген шектен асатын сыйлықты қабылдаса, ол тәртіптік жауапкершілікке тартылуы ықтимал. Сондықтан көптеген мектеп мереке қарсаңында ата-аналарға ресми ескерту жасап, ірі көлемде ақша жинаудан бас тартуды сұрайды. Сарапшылардың пікірінше, мұғалім еңбегіне алғыс білдіру символикалық әрі қарапайым форматта болғаны дұрыс. Мысалы, гүл шоғы, кітап, балалардың қолымен жасалған құттықтау, шағын сыйлық сертификаты, шығармашылық бейнеқұттықтау. Мұндай нұсқалар заң талаптарына да, әдеп нормаларына да сәйкес келеді. Ал егер алғыс ретінде берілетін сыйлықтың көлемі 5 АЕК-тен көп болса, ол арнайы қор арқылы аударылуы керек. Бірақ мұндай заңнамалық шектеу сыйластықты аса жоғары бағалайтын ата-аналар үшін тіпті күлкілі көрінуі мүмкін. Себебі қазір ата-аналар чатында ақша жинау науқаны асқан бір белсенділікпен жүзеге асырылып жатқанына өзіміз де куәміз. Бір ата-ана «Туыла біткен казак деген атымыз бар ғой. Ешкімді мәжбүрлемеймиз берсе берер. Бермесе кинамаймыз. Барлығымыз кішкентай бала емеспіз. Апайымызга зиянымыз тиіп кетбесин. Аман-есен бастауышты битирип апаймен кошиасайык. Әлі алда балаларымыз арпйымен кауышады. 10 жылдык та, 20 жылдык та, 30 жылдык та дегендей» (жазба еш өзгеріссіз алынды) деп жазса, тағы бір ата-ана «Осы әдеттен қашан арылады екенбіз, министрлік ақша жинауға тыйым салды емес пе» деп қынжылады. Біз келтіріп отырған бұл мысал бастауыш бітіретін сынып чатынан алынғанын ескерсек, 11 мен 9 бітіретіндердің чаттарындағы «қызу талқының қызығын» айтып жеткізу мүмкін емес. Мәселен, биыл Астана қаласында 9 сыныпты 24 462 оқушы бітіретін болса, 11 сыныпты 16 196 түлек аяқтайды. Яғни, елорда мектептерін қанша түлек аяқтайтын болса, сонша ата-ана ақша жинау және мектеп бітіру науқанының «қызу талқысынан» тыс қалып жатпағаны анық.
Оқу-ағарту министрлігі ескертті, бірақ…
Мектеп бітіру кештерін қарапайым әрі қауіпсіз форматта өткізу мәселесі биыл да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Сала мамандары соңғы қоңыраудың негізгі мәні мен мағынасы – сән көрсету мен әлеуметтік мәртебе жарысы емес, мектеппен қоштасып, ұстазға құрмет білдіру, балаға өмірдің жаңа кезеңіне жауапкершілікпен қадам басуды ұғындыру дейді.
– Қанша бұйрық қабылданса да, нәтиже жоқ деп айтуға болады. Бұл – жыл сайын қайталанатын мәселе. Мұғалімдер ешқашан лимузин жалдаңдар немесе қымбат мейрамхана таңдаңдар деп айтпайды. Керісінше, мектеп ішінде қарапайым форматта өткізуді ұсынады, – деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Биыл Оқу-ағарту министрлігі мен Ішкі істер министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мектеп бітіру кешін ұйымдастыру тәртібіне нақты өзгерістер енгізді. Ведомствоның мәліметінше, қабылданған шаралар білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, олардың құқықтарын қорғауды және құқықбұзушылықтардың алдын алуды қарастырады.
– Аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында ұйымдастырылады. Білім алушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен қаражат және өзге де материалдық құндылықтарды жинауға қатаң тыйым салынады. Белгіленген талаптарға сәйкес, бітіру кештерін білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде ұйымдастыруға жол берілмейді, – деп жазылған Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдемесінде.
Сонымен қатар министрлік тарапынан жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығындарды талап етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылған.
Астана қаласының Білім басқармасының хабарлауынша, Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес, мектеп бітіруші түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласының Білім басқармасы мен Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы «Заң және тәртіп» жобасы аясында Астана қаласының полиция департаментімен бірлескен профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
«Осыған байланысты мектеп бітірушілермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздік талаптарын орындау және құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша арнайы жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ құқық қорғау органдары тарапынан бақылау күшейтіліп, түлектердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады.
Оқу жылының аяқталуына байланысты жалпы орта білім беру ұйымдарында бірқатар шектеу енгізілді. Атап айтқанда, мектептерде және мектептен тыс жерлерде салтанатты кештер мен банкеттер өткізуге, автокортеж ұйымдастыруға, таңды қарсы алу іс-шараларын өткізуге, алау жағу шараларын ұйымдастыруға, мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, асханаларда, демалыс базаларында және табиғат аясында мектеп бітіру кештерін өткізуге тыйым салынады. Сонымен қатар мектеп бітіру іс-шараларын ұйымдастыруға байланысты оқушылардан, ата-аналардан немесе заңды өкілдерден ақша жинауға жол берілмейді.
Астанада 2025-2026 оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Бұл күні жалпы білім беретін мектептерде «Білімім – Отаныма» атты республикалық сынып сағаты өткізіледі. Аталған тәрбие сағатында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі құндылықтарына басымдық беріліп, оқушыларға патриотизм, жауапкершілік, заңға құрмет және қауіпсіз мінез-құлық қағидалары кеңінен түсіндіріледі. Аттестаттар 9 және 11 сынып оқушыларына мектеп қабырғасында табысталады. Қалалық Білім басқармасы мектептен тыс бейресми кештердің алдын алу, түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында ата-аналармен, педагогтармен және құқық қорғау органдарымен бірлескен бақылау жұмыстарын күшейтeді», – деп хабарлады Астана қаласының Білім басқармасы бізге берген жауабында.
«Қайғысыздың бәрі асау»
Жоғарыда айтқанымыздай, бейінді министрлік шектеу қойып, ескерту жасағанымен, ата-аналар мен түлектер бітіру кештерін сән-салтанатымен өткізу және мұғалімге, мектеп басшылығына сыйлық беру райынан қайтты ма? Біз әуелі кештер өтеді-ау деген мейрамханаларға хабарласып, маусым айларында бос күндер бар ма екенін сұрап көрдік.
«Қазір мен маусым айының бос даталарын айтайын. 25-сі мен 28-іне ғана бос күн бар. Сол екі күн ғана, басқасы бос емес», – дейді біз хабарласқан мейрамхана қызметкері. Яғни, қазір бос тойхана табудың да өз қиындықтары бар деген сөз. Оның сөзінше, дастарқанның өзіне адам басына кемі 20 мың теңгеден келсе, одан бөлек қосымша шығындарға әжептәуір қаржы керек болады.
Сонымен қатар атын атамауды өтінген ата-ананың айтуынша, биыл қыздар күрең қызыл көйлек, ұлдар қоңыр костюм киюді жоспарлап, оған да қаражат қажет болып жатқан көрінеді. Бұл қаражатқа тағы виньетка үшін 3 түрлі киім алу мен әнші-биші жалдау, аниматорлар мен ивент-агенттіктерді тарту, көлікпен серуендеу, қыздар үшін боянып-сылану шығынын қосыңыз… Біз өз тарапымыздан басқаның қалтасындағы қаржысын санаудан аулақпыз. Не десек те, біз, баласы үшін қолынан келгеннің бәрін жасайтын қазақтың, әсіресе «баламның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма қадалсын» дейтін қазақтың баласымыз. Бірақ бұрынғы ата-ана баласына «балық емес, қармақ беруді» дұрыс санаса, қазіргі кейбір ата-ана шамасы келсе, бәрін беруді дұрыс санайды. Тіпті бүгінгі қоғам «Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда» деген Абай хакімнің ащы ызасының тонын айналдырып, өзіне ыңғайлап алғандай көрінетіні бар. Өзін сондай жанашыр, жомарт, мейірбан санайтын бір ата-ана ватсап чатында «Бермесениз бермиякойныз. Ар Ата-ана Оз баласын ушин береди» деп «сыпайы» ғана жазды. Мұндайда «Жомарттың қолын жоқ байлайтынын» айтқанмен, «Қайғысыздың бәрі асау» (Абай хакім) емес пе?!
– Барлық бітіру кештері мектепте емес, түрлі кафеде, мейрамханаларда өтеді. Үй жалдап тойлайды. Онда не болып жатқанына мектеп жауап бермейді. Оның үстіне аттестат алып қойғандықтан, енді олар оқушы емес. Олардың балалық шағы аяқталды. Мектеп әкімшілігінің оларға ешқандай құзыреті жоқ. Полиция да тыйым сала алмайды, – деді заңгер Б.Мәліков.
Алайда заңгер 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта қоғамдық орындарда ересектердің қарауынсыз жүруіне рұқсат жоқ екенін еске салды.
– Ата-ана міндетті түрде бірге жүруі қажет. Бір оқушының қасында бір ата-ана болуы керек. Әдетте, бізде 3-5 сыныптар бірлесіп, мейрамханаларды брондап жатады. Қонақ саны 120-дан 200-ге дейін, кейде одан да көп болады, – дейді біз хабарласқан мейрамхана әкімшісі.
P.S.
Балабақшамен қоштасып жатқан бүлдіршіндердің ата-аналары да баласы үшін, «апайға» алтын алып, «даже, кафеге акша жинап, ойыны бар кафеге апаргалы жатыр» (чаттағы жазбадан алынды). Біз орта білім саласында жаппай сипат алған «сыйластық» пен «жомарттықтың» соңы қандай болуы мүмкін деп бал ашып жүргенімізде, балабақшаға дейін жеткен «дәстүрдің» тамыры тым тереңдеп кеткен сыңайлы. Ал «заман қандай, біз қандаймыз» деп, бірен-саран қарсы уәж айтқандарды ата-аналар комитеті чаттан шығарып, жазалай салады.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ










