Риэлторлар ісі бітер ме?

Жаңа тәртіпке сәйкес, сертифи­кат­таудан өтіп, кәсіби біліктілі­гін растаған риэлторлар бірыңғай тізілімге енгізіледі. Осылайша, риэлторлардың рес­ми тізілімін дайындау – тұрғын үй на­ры­ғындағы алаяқтықты азайтып, клиент­тердің құқығын қорғауға бағытталып отыр­ған шара.

Елімізде риэлторлардың жұмысына қатысты шағымданатын тұрғындардың саны азаймай тұрғаны белгілі. Халық өзін риэлтормын деп таныстырғандар арасын­да алаяқтардың барын және келісімшартты өз пайдасына шешіп, жоғары комиссия алатындардың құрбаны болатынын үнемі айтып келеді. Pana Ұлттық риэлторлар па­латасының вице-президенті Әсет Айт­баев­тың айтуынша, бүгінде 30 мыңнан аса риэлтор бейресми жұмыс істейді, тіпті мұн­дай агенттердің санын дәл анықтау мүм­кін емес. Олар салық төлемейді, рес­ми түрде жұмыссыз деп тіркелген, со­ны­мен қоймай, екі тараптан да жоғары ақы талап етеді. Тек 2 мыңдай риэлтор ресми түрде тіркеліп, адал қызмет етіп жүр. Ха­лық­тың алаяқтардың құрбанына тап бол­дық дейтін уәжі осыдан келіп шығады. Нәтижесінде, қазір жалдау мәмілелерінің 67 пайыздан астамы ресми келісімшартсыз жасалып отыр. 

Қазір біртіндеп халықтың да сауатты­лы­ғы артып жатқандай, демек алда риэл­тор­дың көмегіне жүгінбес бұрын сертифи­кат талап етіле бастайтыны анық. Риэл­тор­ларды сертификаттау жүйесі Ұлттық риэл­торлар палатасының бастамасымен іске асып жатыр. Әсет Айтбаевтың сөзін­ше, сертификаттаудан өтуде риэлтордың кәсіби дайындығы, біліктілігі мен тә­жірибесі міндетті түрде тексеріледі. Со­ны­мен қатар ұйым 1000-нан аса сұрақтан тұратын база дайындап шыққан.

– Сұрақтардың шамамен 40-50 пайы­зы нақты тәжірибеге негізделген. Біздің ойымызша, сертификат маманның кәсіби дайын екенін және қызметті сапалы көр­се­тетінін дәлелдейді, – дейді Әсет Айт­баев.

Демек, емтиханды тапсыру да оңайға соқ­пайды және тестілеу мемлекеттік қыз­метке іріктеу кезінде қолданылатын прок­торинг технологиясы арқылы өтеді. Бұл жүйеде нәтижені сатып алу, көшіру не­ме­се басқа адамның орнына тапсыру мүмкін емес. Кейін бұл жүйе сертификатталған риэл­торлардың бірыңғай электрон тізі­лімін толықтырып отырады. Соның нә­ти­жесінде маман таңдау тұтынушы үшін ашық әрі қауіпсіз бола түседі. 

Тестілеуден pana-urp.kz сайты арқылы өту­ге болады. Риэлтор емтиханға тіркелу үшін 80 мың теңге көлемінде ақы төлеуге тиіс және үміткерге екі мүмкіндік беріледі. Сертификатқа ие болу үшін 60 сұрақтың кемінде 45-іне дұрыс жауап беру керек. Сертификат бір жылға жарамды болады. Бұл жүйенің риэлторлар үшін де пайдасы мол болмақ, алдымен, тұтынушылардың сеніміне ие болса, екіншіден, жоба серік­тес­терінің платформасында жарнамасын ілгерілетуге арналған бонустар да беріледі.

Дамыған елдердегі риэлторлық қыз­мет­тің жөні бөлек. Мәселен, АҚШ, Ұлы­бри­тания, Германия, Канада, Испания сияқ­ты Еуропа елдерінде риэлторлық қыз­метке қатысты нақты та­лаптар бел­гі­лен­ген. Елімізде де бұл тәр­тіп біртіндеп қа­лыптасып жатқанға ұқ­сайды. Серти­фи­кат­тау жүйесі де – ха­лық­аралық озық тә­жі­­рибенің үлгісі. Еуропа елдеріндегі тә­жірибе бойынша сатып алушы мен жал­ға алушы риэлтор қызметі үшін қосымша ақы төлемейді, мұнда онсыз да қаржы шы­ғындап жатқаны ескеріледі. Сонымен қа­тар бұл елдерде меншік иесi сататын үйiн тұтынушыға өзi көрсетпейді, риэл­тор­лар жұмыс атқарады. Сол себепті қыз­мет­ке ақыны табыс тауып отырған жақ төлейді. 

Қазір елімізде өзін-өзі реттеу жүйесі де қатар іске қосылып жатыр. Мұндай қа­дам көлеңкелі айналымды жойып, мем­лекеттік бюджетке салық түсімін арт­ты­рады. Бұл жүйеде ресми келісімшарт не­гі­зінде екі тараптың, артық шығыннан қор­ғалатын клиенттің де, риэлтордың да құқығы заңмен реттеледі. 

– Ақшаны алып, ізім-ғайым жоғалып кеткен жағдайлар аз болған жоқ. Мұндай кез­де клиент те, риэлтор да қорғалмайды, өйт­кені қызмет көрсету туралы ресми ке­лісімшарт жасалмаған. Біз барлық риэл­торды кінәламаймыз. Кейде клиент тара­пынан да заңсыз әрекеттер болады. Сон­дықтан екі тараптың да құқығын қор­ғайтын жүйе қалыптастырып жатыр­мыз, – дейді риэлторлар палатасының вице-президенті.

Дегенмен де бұл мамандық әлі де заң жүзінде нақты реттелмеген. Бұған дейін риэлторлық қызмет туралы заң жобасы тура­лы бірнеше рет талқылау болғанымен, әзір­ге заң қабылданған жоқ. 15 жылға жуық тәжірибесі бар риэлтор Дидар Тү­сіп­ханұлы саланы реттейтін заң жүйесінің болғанын асыға күтіп жүр. Себебі алаяқтар қарапайым халықпен қатар адал еңбек етіп жүрген риэлторларды да алдап соға­тынға ұқсайды.

– Әйелім екеуіміз алғашында флипер бо­лып жылжымайтын мүлік саласында ең­бек ете бастадық, кейінгі жылдары пә­терді жалға беру бойынша жұмыс істеп жүрміз. Осы жылдарда өзім де алаяқтардың кө­бін көрдім. Солардың кесірінен біздің де жұмысымызға зияны тиіп жатыр. Сол себепті де риэлторларды сертификаттау жүйесінің болғаны орынды, алда саланы реттейтін заңның тезірек қабылданғаны жөн, – дейді маман.

Оның ойынша, сертификаттау жүйе­сі­мен қатар риэлторларға арналған курс­тар мен оқу бағдарламасы да болуы керек. Тұтынушымен тіл табысу, қазақ және орыс тілін меңгеру де бүгінде басты талап қа­тарына жатуға тиіс. 

– Емтихан тапсырмастан бұрын риэл­тор­ларды дайындауға, кәсіби біліктілігін арт­тыруға арналған оқыту жүйесі болғаны дұ­рыс. Қазір жеке кәсіпкер ретінде тір­келу­ден бөлек, маманның біліктілігін дә­лел­дейтін де құжат керек. Тәжірибемде мы­надай да жағдай болған. Дін жолында жүр­ген адаммын деп тұмшаланып киініп ал­ған бір адам келді. Екі күнге үйді жалға алу­ға келіседі де, қызығы, кейін сол үйді ұзақ мерзімге жалға беріп, қулығын асы­рып кетті. Үйдің иесі кім, қандай келі­сім­шарт­тар болуға тиіс, мұның бәрін білмей, ал­данып қалатын тұрғындар өте көп, – дей­ді Дидар Түсіпханұлы. 

Қазір риэлторлардың тізілімін дайын­дау, сертификаттау жүйесі, өзін-өзі реттеу жүйесін ұйымдастыру іске асып жатыр. Алда заң тұрғысынан да бастамалар жал­ға­сар дейміз. Қолданыстағы заңдарда «риэлтор», «жылжымайтын мүлік делда­лы», «ақпараттық қызмет» деген тер­мин­дерге нақты анықтама жоқ. Сонымен қа­тар қаржылық қауіпсіздік те реттелуге тиіс. Егер риэлтордың әрекеті тұрғынға зиян келтірсе, сақтандыру компаниясы өте­мақы төлеуі керек. Мұндай тәжірибе көп­теген елде бар көрінеді. 

Қысқасы, ендігі кезекте риэлторлық қыз­мет туралы заң қабылданса, тұрғын үй на­ры­ғындағы алып-сату мен жалға беру­дегі көптеген мәселе шешімін табар еді. 

Айсұлу СЪЕЗХАН