Статистикаға сенсек, бүгін қайырымдылықпен 350 мыңнан астам адам айналысады. Сонымен қатар кейінгі бірнеше жылда волонтерлікпен айналысатын ұйымдардың да саны өскен. Егер 2020 жылы елімізде 224 ұйым болса, 2025 жылы олардың саны 810-ға жеткен. Осы деректер Қазақстан халқының қоғамдық іс-шараларға деген қызығушылығының өсіп келе жатқанын көрсетеді. Бұл тек қайырымдылықпен шектелмей, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, қоғамдағы адамгершілік қасиеттерді дамытуға ықпал етеді.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл Волонтер жылы болып жарияланды. Бұл шешім еліміздегі еріктілер қозғалысының дамуына тың серпін берді. Соның нәтижесінде волонтерлік ұйымдардың жұмысы жанданып, еріктілер саны артты. Пандемия кезеңін айтар болсақ, 500 мыңға жуық азамат волонтерлік қызметке қатысып, 1 миллионнан астам мұқтаж жанға көмектесті. Сондай-ақ табиғи апаттар кезінде де волонтерлер қоғамның маңызды тірегіне айналды. 2024 жылы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету мақсатында еріктілердің қатысуымен 3 440 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналып, оның 2 410 тоннадан астамы апат аймақтарына жеткізілді. Бұл мысалдар волентерлердің қоғамдағы орны тек көмек көрсетумен шектелмейтінін, ел үшін маңызды әлеуметтік күшке айналғанын дәлелдейді.
Сонымен қатар 2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды. Осы тұста волонтерлік қауымдастық «Мәдени мұраны бірге сақтайық» және «Таза жағалауларды сақтайық» сияқты ауқымды акциялар өткізді. Еріктілер Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясының қозғаушы күштерінің біріне айналды. Аталған акцияға жыл сайын 800 мың адам қатысып келеді. Сонымен қоса, биыл Волонтерлікті дамытудың ұлттық индексі мен волонтердің цифрлы паспорты енгізілмек.
Рухани пайда
Ал қазір еліміздегі танымал волонтерлік ұйымдардың қатарына ЮНИСЕФ волонтерлер қозғалысы, «Қазақстан Студенттер Альянсы» республикалық студенттік қозғалысы» Қоғамдық бірлестігі немесе «Жас ұлан» сынды тағы басқа еріктілер орталықтары кіреді. Сондай-ақ корпоративтік және белгілі бір салаға бағытталған волонтерлік жобалардың қатары да тез артып келеді. Мұндай ұйымдар жастарға уақытты қызықты әрі тиімді өткізіп, қарым-қатынас жасау дағдыларын, жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерін жақсартуға және ең бастысы, мұқтаж адамға көмек беріп, белгілі бір жағдайларға немқұрайды қарамауға үйретеді.
Бізге «Қазақстан Студенттер Альянсы» республикалық студенттік қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің волонтері Елдара Обайдулина бұл үдерістің адами дамуы да маңызды рөл атқаратынын айтты.
– ЕҰУ-дегі Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғарғы мектебінің ҚСА төрағасымын. Негізінен, волонтерлікпен мектеп кезінен бастап айналыса бастадым. Мектепте оқып жүрген кезде де белсенді болдым, қоршаған ортаға көмектескім келіп тұратын. Мектеп президенті де болдым. Университетке түскенде де дамуымды тоқтатқым келмеді. Сол үшін осындай ұйымдардың жұмысына қызығушылық танытып, белсенді араластым. Кейіннен факультетімізде мұндай орталық болмағандықтан, деканат және жоғары курс студенттерінен сұрастырып, осы ұйымды аштық. Осы жылы біз 60 шақты іс-шара өткіздік. Соның нәтижесінде үздік факультет атандық.
Сонымен қатар биыл қарттар мен балаларға көмек көрсеттік. Балаларға көмектесу үшін арнайы қаражат жинау акциясын ұйымдастырдық, демеушілер мен кәсіпкерлердің қолдауына жүгіндік. Жиналған қаражатқа балалар үйі сұратқан А4 қағазы, папкалар сияқты қажетті кеңсе тауарларын, дамытуға арналған ойыншықтар сатып алып, табыстадық», – дейді Елдара Обайдулина.
Оның айтуынша, волонтерлік қызмет барысында адам жаңа тәжірибе жинап, түрлі ортада өзін сынап көреді. Кейіпкеріміз бұл қызметтің өзіне берген басты мүмкіндіктері мен артықшылықтарын атап берді.
– Қазір «волонтер» дегеннен гөрі «ерікті» немесе «белсенді» деген сөздерді қолданған дұрыс шығар. Яғни еріктілер өз еркімен белгілі бір іс-шараларда, жобаларда көмектесіп, өз ойындағы идеяларды іске асыруға және өзін дамытуға тырысады. Бұл материалдық табыс әкелетін дүние болмаса да, рухани тұрғыдан үлкен пайда береді деп ойлаймын. Жан-жақты адамдармен сөйлесесің, тәжірибе жинайсың. Адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы коммуникациялық қабілетің дамиды, таныстарың көбейеді.
Осының барлығы адамды дамуға жетелейді, ортасын кеңейтеді. Көптеген адаммен араласуға мүмкіндік береді. Тіпті шетелдік азаматтармен де танысып, тәжірибе алмасуға болады», – дейді кейіпкеріміз.
Сонымен қатар қоғамдық іс-шараларды, оның ішінде мәдени-шығармашылық кештер мен концерттерді ұйымдастыратын ерікті орталықтар көп. Солардың бірі – ауқымды музыкалық фестивальдерді ұйымдастырушы, «Molodost» жастар жобасының волонтері Жансая Сламова. Ол бұл орталыққа қалай кіргені жайлы айтып берді.
– Қазір «Molodost»-та жүргеніме бір жарым жыл болды. Мен ұйымға кірер кезде медиа командасына адам қажет болды. Сол кезде мобилограф әрі жүргізуші болып қосылдым. Осы уақыт ішінде оннан астам концертке қатыстым. Концерттерден бөлек түрлі іс-шараға да бардық. Әлі күнге дейін жүргізуші болып, Instagram аккаунтына стористер түсіріп, әр концерттен тікелей ақпарат беріп жүремін. Маған бұл жерде жаңа адамдармен танысып, коммуникация орнатып, жақсы орта қалыптастырғаным ұнайды.
Ең ұнайтыны – өзім жақсы көретін іспен айналысу. Өз қызметім арқылы әр концерт сайын жаңа нәрселерді көріп, тәжірибе жинақтаймын. Сонымен қатар түрлі іс-шараға тегін қатысып, ерекше эмоциялар аламын. Мұның бәрі мен үшін үлкен мүмкіндік деп есептеймін, – дейді кейіпкеріміз.
Ерікті болу – мүмкіндік
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Мәжіліс депутаттарына берген жауабына сенсек, болашақта волонтерлік тәжірибе мемлекеттік және азаматтық қызметке қабылдау кезінде де есепке алынуы мүмкін. Сонымен қоса, мұндай тәжірибе шетелдің көптеген алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнында кеңінен қолданылады. Мысалы, Ресейде волонтерлік қызмет оқу орнына түсер кезде артықшылық беріп, емтихан нәтижесіне 1-ден 10 балға дейін қосымша ұпай қосуға мүмкіндік береді. Ал еліміздің үздің оқу орындарының бірі – Назарбаев университетінде волонтерлік тәжірибе талапкердің эссесінде көшбасшылық қабілетін, қоғамдық белсенділігін және әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесін көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сұхбат барысында қабылдау комиссиясы еріктілікке қатысты сұрақтар қойып, талапкердің коммуникация, эмпатия және бастамашылдық сияқты дағдыларын бағалай алады. Университет кешенді бағалау қағидатын ұстанатындықтан, волонтерлік тәжірибе жоғары IELTS нәтижелері мен академиялық үлгерімі бар үміткерлер арасында ерекшеленуге көмектеседі.
Өзінің тәжірибесі мен волонтерліктің оқуға түсер кездегі көмегі туралы Орталық Азиядағы Америка университеті мен Хангук шет тілдер университетінің грант иегері, қазір Германиядағы Дуйсбург-Эссен университетінің магистратура студенті Алексей Пак айтып берді.
– Менің де алғашқы волонтерлік тәжірибем көп адам сияқты жасөспірім кезде басталды. Ол кезде мен Dreamlight атты би тобының жетекшісі болдым. Біз әртүрлі сапарлық іс-шара аясында балалар үйлеріне барып, балаларға заманауи хореография үйретіп, оларды спорттық белсенділікке тартатынбыз. Кейін біз онкологиялық ауруы бар балаларға да барып, олармен ойын ойнап, саламатты өмір салтын насихаттау компанияларына қатыстық. Содан кейін Корей елшілігі мен Корей мәдени орталығының іс-шараларына белсенді қатыса бастадық. Осылайша, волонтерлік тәжірибем мәдени бағыт алды. Біз фестивальдарға, ұлттық мерекелерге және түрлі мәдени іс-шараға қатыстық. Ал бакалавриатта оқып жүрген кезде студенттік кеңестің президенті болдым. Біз әкімшілікпен бірге әлеуметтік мәселелерді көтеріп, студенттік бастамаларды дамытқан болатынбыз», – дейді Алексей Пак.
Жоғарғы оқу орнына түсер кезде волонтерліктің көмегі тиетінін, бірақ ол толық грант иегері атанудың кепілі емес екенін кейіпкеріміз атап өтті. Оның пікірінше, қабылдау комиссиясы, не дегенмен, академиялық жетістіктерді волонтерліктен жоғары бағалайды.
– Менің академиялық және жеке жетістіктерім өзара байланысты болды. Мәдениетке, оқуға және зерттеуге қызығушылығым оқуымда көрініс тауып, қиындықтарды жеңуге және маман ретінде дамуға көмектесті. Комиссия менің мотивациямды академиялық және шығармашылық жетістіктерім арқылы көре алды деп ойлаймын. Дегенмен волонтерлік қызмет әрқашан үлкен артықшылық бермейді, ең алдымен, академиялық жетістіктер маңызды. Бірақ екі үміткердің деңгейі ұқсас болса, ол шешуші рөл атқара алады.
Ең бастысы – сапа, саны емес. Волонтерліктің қызығушылықтармен байланысы және жалпы тәжірибе балансы маңызды. Сондықтан профильді жан-жақты дамыту керек: оқу, жобалар, жұмыс немесе ұйымдарға қатысу арқылы. Волонтерлікке саналы түрде қарау қажет және шамадан тыс жүктемеден аулақ болған дұрыс. Ең тиімді бағыттардың бірі – оқытуға байланысты волонтерлік (SAT, IELTS), ол әрі тәжірибе, әрі дағдыны дамытады. Ең бастысы – бір бағытты таңдап, соған фокус қою, – дейді Алексей Пак.
Бір қызығы, волонтерлік жас талғамайды. Ерікті қызметке жас та, жасамыс та қатысады. Ұлттық волонтерлік желінің атқарушы директоры Татьяна Миронюктің айтуынша, қайырымдылықпен студент жастар ғана емес, орта және 60-65 жас аралығындағы қарт адамдар да айналысады әрі волонтерліктің жаңа түрі дамып келеді. Мұғалімдер, заңгерлер, дәрігерлер және басқа да мамандар өзінің кәсіби білімін қоғам игілігі үшін ақысыз ұсынып, қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек қолын созады.
Осылайша, еліміздегі волонтерлік бірреттік акциялар шеңберінен шығып, қоғамдағы азаматтық мәдениеттің тұрақты бір бөлігіне айналып келеді. Бүгінде еріктілер әлеуметтік, экологиялық және білім беру салаларында белсенді қызмет атқарып, қоғамның дамуына өз үлесін қосып жатыр. Волонтерлік жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, түрлі буын өкілін ортақ мақсатқа жұмылдырады. Сондықтан волонтерлік қозғалысты дамыту – жауапты, белсенді әрі жанашыр қоғам қалыптастырудың маңызды қадамдарының бірі болып қала береді.
Нұрай ТІЛЕК,
ЕҰУ-дың 2-курс студенті









