Жол жөндеу жұмыстары бақыланады

Қазір Қ.Тұрысов көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықта ұзындығы 1,1 шақырым жол учаскесінде ауқымды жаң­ғырту жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 7 арнайы техника және 30 жұмысшы еңбек етуде.

Мердігер «Ая-Сервис» ЖШС өкіл­де­рі­нің айтуынша, құрылыс жұмыстары дема­лыс және мереке күндеріне қара­мас­тан үздіксіз жүргізілуде. Жоба бойынша нысан­ды 2026 жылғы 1 қазанға дейін аяқтау көз­дел­ген. Сонымен қатар мердігер көлік қоз­ғалысына қолайсыздықты азайту және кеп­­телістердің алдын алу мақсатын­да жұ­мыс­ты жеделдетіп, негізгі жұмыс­тар­ды 23 қыр­­күйекке дейін аяқтауды жос­парлап отыр.

Жоба аясында жолды кеңейтіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен өткізу қабілетін арттыру көзделген. Нысанның жалпы құны 160 985,297 млн теңгені құ­райды. Сонымен қатар партиялық бақы­лау барысында Төле би және Ниетқалиев көшелері аралығындағы жол учаскесін жөндеу жұмыстарын 12 қыркүйекке дейін толық аяқтау жөнінде ұсыныстар берілді.

Бұдан бөлек, Әл-Фараби көшесінің Төле би көшесінен Ниетқалиев көшесіне дейінгі аралығында орташа жөндеу жұ­мыстары жүргізілуде. Жөнделетін учаске­нің ұзындығы – 1,355 шақырым. Мердігер ұйым – «Компания инвест MK» ЖШС.

Партия өкілдері мердігерлерге жұмыс­тарды белгіленген мерзімде және сапалы орындаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ құрылыс барысын жүйелі бақылауда ұстап, анықталған мәселелердің уақы­тылы ше­шілуін қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

«Жол жөндеу жұмыстарының уақы­тында аяқталуы тұрғындар үшін аса ма­ңызды. Сондықтан біз тек жұмыстың жүргізіліп жатқанына емес, оның сапасы мен нақты мерзіміне де назар аударамыз. Мердігерлерге жұмыстарды мүмкін­ді­гінше жеделдетіп, көлік қозғалысына түсетін салмақты азайту жөнінде ұсы­ныстар берілді. Нысандар толық аяқтал­ғанға дейін партиялық бақылау жалғаса­ды», – деді Партиялық бақылау жөніндегі инспектор Ерғали Омаров.

«Әділет» партиясының Жамбыл облыстық филиалы Тараз қаласындағы жол жөндеу жобаларының орындалу барысын бақылауды жалғастырады. Тұр­ғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қоз­ға­лысын қамтамасыз етуге бағытталған жұ­мыстардың сапасы мен мерзіміне тұрақ­ты назар аударылады.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы