Жүрек-қантамыры ауруларын ерте анықтау, пациенттерді үздіксіз емдеу және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру – денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе ауруды амбулаториялық деңгейде бақылау, қажетті мамандармен қамтамасыз ету және дәрі-дәрмекпен тұрақты қамту мәселелері өзекті болып тұр. Себебі жүрек-қантамыры аурулары бар азаматтардың басым бөлігі емханада бақылауда болып, емді ұзақ уақыт бойы үздіксіз қабылдауы керек, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, қанайналым жүйесі аурулары бар 1,9 миллион пациент медициналық бақылауда тұрған. Бұл ересек тұрғындардың 14,4 пайызына тең. Оның ішінде 114 мың жағдай алғаш рет анықталған. Сонымен қатар пациенттердің 90 пайызы амбулаториялық деңгейде ем қабылдайды.
Алайда салада шешімін күткен мәселелер азаймай тұр. Мәселен елде кардиологиялық қызметке қажеттілік 4 014 маманды құрағанымен, іс жүзінде елімізде 661 маман ғана жұмыс істейді. Медициналық жабдықтардың тозу деңгейі шамамен 40 пайызға жеткен. Ал алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында бастапқы кардиодиагностикаға қажетті жабдықтар толық емес.
Дәрі-дәрмекпен қамту да өзекті мәселе болып отыр. Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету қажеттіліктің 40–50 пайызын ғана өтейді ал жеткізудегі іркілістер салдарынан препараттар жылына 8–10 ай ғана қолжетімді болады. Жүрек-қантамыры ауруларын бақылауда ұстау үшін дәрілерді тұрақты түрде қабылдау маңызды.
Осы аталған мәселелерді Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Данбаева Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жолдаған депутаттық сауалында көтерді.
Депутаттың айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасында жүрек-қантамыры ауруларының деңгейін 5 пайызға төмендету міндеті белгіленген. Бұл мақсатқа жету үшін медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін жетілдіріп, пациенттің нақты денсаулығына бағдарланған жүйеге көшу қажет.
«Бағдарламада саланы қағаз жүзіндегі есеппен емес, науқастың нақты денсаулығымен бағалайтын адамға бағдарланған модельге көшу міндеті айқындалған», – деді Жұлдыз Данбаева.
Осыған байланысты депутат алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейіндегі диагностиканы жетілдіруді, мамандардың біліктілігін арттыруды және созылмалы жүрек аурулары бар пациенттерге көрсетілетін көмектің аясын кеңейту қажет екенін жеткізді. Атап айтқанда, ірі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының базасында әр 150 мың тұрғынға бір инвазивті емес диагностика орталығын құру, терапевтер мен жалпы практика дәрігерлерін қайта даярлауды ұсынды.
Бұдан бөлек, депутат алғашқы медициналық-санитариялық көмек стандартына созылмалы жүрек жеткіліксіздігі мен атеросклероз кабинеттерін енгізуді және барлық өңірде кардиореабилитацияның толық циклін ұйымдастыруды ұсынды. Сондай-ақ 18 жастан бастап халықты скринингтен өткізуге арналған жасанды интеллект бағдарламаларын және пациенттердің жағдайын қашықтан мониторингтеу жүйесін енгізу қажет екеніне тоқталды.
Негізгі міндет – дерттің алдын алу
Qazaq Expert Club сарапшысы Гүлнафис Жүсіпәлиеваның пікірінше, кардиологиялық аурулармен күресте мәселе тек профилактиканың әлсіздігінде емес. Ауруды анықтаумен қатар, одан кейінгі бақылау мен емнің нәтижесіне де басымдық беру қажет.
«Қан қысымы жоғары, холестерині көтерілген пациент анықталса, оны жай ғана есепке қоймай, емнің тиімділігін тұрақты бақылау қажет. Негізгі міндет – асқынудың алдын алу», – дейді сарапшы.
Гүлнафис Жүсіпәлиева халықты скринингтен өткізуді 18 жастан бастау туралы ұсынысты қолдайтынын жеткізді. Алайда оның пікірінше, бұл бастама барлық адамды жаппай тексерумен ғана шектелмеуі керек. Жастар арасында да қауіп факторлары кездесетіндіктен, оларды ерте анықтаумен қатар, қолданыстағы скрининг жүйесінің сапасын арттыру маңызды.
«Басты мәселе – қанша адамды тексергенімізде емес, тексеру нәтижесінде қанша адамның денсаулығын сақтап, аурудың асқынуына жол бермеу керек», – деп атап өтті сарапшы.
Кардиологиялық және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының кардиологиялық қызмет үйлестірушісі Алмат Тұрысбекұлының айтуынша, емханаларда азаматтарды тексеріп, скрининг өткізу, аурудың алғашқы белгілерін анықтау және пациенттерді есепке алу дертті асқынған кезеңге жеткізбей, дер кезінде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
«Қанайналым жүйесі аурулары бар 1,9 миллион адамның медициналық бақылауда болуы – амбулаториялық-емханалық жүйенің маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Пациенттердің барлығы бірдей ауруханаға жатқызуды қажет етпейді. Олардың бір бөлігі емханада бақылауда болып, қажетті емді амбулаториялық деңгейде қабылдай алады. Мұндай жүйенің тиімділігі – ауруды ерте анықтап, науқасты есепке алып қана қоймай, қажет болған жағдайда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және емді үздіксіз жүргізу. Бұл ретте пациенттің денсаулығын тұрақты бақылап, аурудың асқынуының алдын алу маңызды», – дейді Алмат Тұрысбекұлы.
Осылайша, кардиологиялық қызметтің тиімділігі ауруларды анықтау көрсеткішімен ғана емес, пациенттердің кейінгі бақылауы, емнің нәтижесі және асқынудың алдын алу мүмкіндігімен де бағалануы керек. Бұл ретте кадр тапшылығын азайту, диагностикалық мүмкіндіктерді жетілдіру және дәрі-дәрмекпен тұрақты қамтамасыз ету маңызды.
Осыған байланысты депутат Жұлдыз Данбаева кардиологиялық қызметті жаңғырту, кадрлық әлеуетті арттыру және медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында кешенді трансформация бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.









