«Әділет» партиясының депутаты «Шелек-Кеген-Нарынқол» газ құбыры мәселесін көтерді

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Нұрбақыт Теңізбаев фракция депутаттары Жанарбек Әшімжанов, Мадияр Әмірғалиев, Бота Елеусізова, Арман Жансенгіров және Ерлан Сайырмен бірлесе отырып, Алматы және Жетісу облыстарындағы газдандыру мәселесін көтерді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Қаржы министрі Мәди Такиевке жолдаған депутаттық сауалда Нұрбақыт Теңізбаев Мемлекет басшысының газдандыру қарқынын жеделдетіп, халықты табиғи газбен қамту деңгейін 80 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмасына тоқталды.

– Бұл – өте маңызды бастама. Өйткені газдандыру – ауылға газ құбырын тарту ғана емес. Ол ауыл мен қала арасындағы тұрмыс сапасы алшақтығын қысқартуға, экологиялық жағдайды жақсартуға, жергілікті кәсіпті дамытуға және өңірлердің экономикалық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар энергетикалық қауіпсіздікті күшейтіп, ауылдан қалаға көші-қон үдерісін тежеуге мүмкіндік береді, – деді Нұрбақыт Теңізбаев.

Оның айтуынша, бұл бастама «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы «Өңірлер мықты болса – ел мықты» басымдығымен де үндеседі.

– Бүгінде Алматы және Жетісу облыстарын табиғи газбен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге айрықша мән беріп отыр. Сондықтан өңірлердегі газдандыру жұмысына жаңа қарқын беруіміз қажет, – деді депутат.

Нұрбақыт Теңізбаев аталған өңірлерде газдандыру бойынша бірқатар жобаның құжаттамасы дайын екенін айтты.

– Атап айтқанда, Алматы облысында 27, Жетісу облысында 44 газдандыру жобасының құжаттамасы әзірленді. Сонымен қатар таулы және шекаралық аймақта орналасқан Кеген және Райымбек ауданының тұрғындары мен әлеуметтік нысандарын қатты отынға тәуелділіктен арылту үшін стратегиялық маңызы бар «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбырының жобасы әзірленді, – деді ол.

Бұдан бөлек, депутат Қонаев қаласының жаңа аудандары мен инвестициялық нысандарын дамытуға арналған жобаға тоқталды.

– Бұдан бөлек, Қонаев қаласының жаңа аудандары мен инвестициялық нысандарын дамытуды көздейтін «Жаңа Іле» автоматтандырылған газ тарату стансасының (АГТС) жобасы қарастырылған, – деді Нұрбақыт Теңізбаев.

Алайда оның айтуынша, аталған жобаларды іске асырудың ұзаққа созылу қаупі бар.

– Жобалық-сметалық құжаттамалар бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы 2024 жылы алынған. Егер бұл жобаларды мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қарастыру мерзімі кешіктірілсе, құжаттаманың ескіруіне және оларды түзету мен сараптамадан қайта өткізу қажеттілігіне алып келеді. Бұл өз кезегінде жобаның бірнеше есе қымбаттауына және белгіленген мерзімді аяқталмауына әкеледі, – деді депутат.

Осыған байланысты Нұрбақыт Теңізбаев депутаттар атынан министрліктерге үш ұсыныс жолдады.

– Алматы және Жетісу облысында әзірленген газдандыру жобаларының техникалық құжаты ескірмей тұрып, оларды мемлекеттік даму жоспары аясында кезең-кезеңімен іске асыруды; «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбыры мен оған қажетті инфрақұрылымды стратегиялық маңызы бар жобалар қатарына енгізу мәселесін қарастыруды; Қонаев қаласының қарқынды дамуын ескере отырып, «Жаңа Іле» АГТС жобасын өңірдің инфрақұрылымдық даму жоспарына енгізуді ұсынамыз, – деді ол.