Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғау тетігін күшейту көзделіп отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ұсынылып отырған өзгерістер қабылданса, қорғау талабы тауар сатып алумен ғана шектелмей, жұмыс пен көрсетілетін қызметтерге де қатысты болмақ. Сондай-ақ сатып алушының құқығын шектейтін шарт талаптарының күші болмайды, оған қоса тұтынушылар құқығы жөніндегі Омбудсмен институты да пайда болады.
«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Никита Шаталовтың айтуынша, тек өткен жылдың өзінде тұтынушылар құқығына қатысты 80 мыңнан астам өтініш түскен. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша депутаттар әзірлеген тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасы жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік етеді.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дәурен Исмаилов ұсынылып отырған өзгерістерді уақыт талабына сай әрі қажет деп бағалайды.
– Жалпы, тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы заңнамаға ұсынылып отырған өзгерістер уақытылы әрі қажет деп санаймын. Бұған қазіргі экономикалық және цифрлық өзгерістер, электрондық сауданың дамуы және тұтынушылардың құқығын қорғау тетіктерін жетілдіру қажеттілігі себеп болып отыр. Бұл өзгерістер қолданыстағы заңнаманың тиімділігін арттырып, азаматтардың құқығы мен заңды мүддесін жақсырақ қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұтынушылар мен кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынастың нақты әрі ашық ережелерін қалыптастыруға ықпал етеді, – деді Дәурен Исмаилов.
Тауар ғана емес, жұмыс пен қызмет те қамтылады
Заң жобасындағы негізгі өзгерістердің бірі – тұтынушыларды қорғаудың бірыңғай базалық деңгейін енгізу. Бұған дейін заң негізінен тауар сатып алуға қатысты болса, енді дәл осындай талаптар нақты жұмыс пен көрсетілетін қызметке де қолданылмақ.
Дәурен Дулатұлының айтуынша, бұл тұтынушылардың құқығын кешенді түрде қорғауға мүмкіндік береді.
– Бірыңғай қорғау талаптарын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге де енгізу тұтынушылардың құқығын жан-жақты әрі тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Бұл сапасыз немесе уақытында орындалмаған жұмысқа, дұрыс көрсетілмеген қызметке, орындаушының өз міндеттемесін орындамауына және тұтынушыға келтірілген залалды өтеуге қатысты мәселелерді шешуге көмектеседі. Сонымен қатар тұтынушы мен қызмет көрсетуші арасындағы қарым-қатынасты ашық етіп, даулы жағдайларды азайтуға және бұзылған құқықты қорғаудың түсінікті әрі бірыңғай тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Тұтынушы құқығын шектейтін шарттардың күші болмайды
Тағы бір өзгеріс шарт талаптарына қатысты. Егер келісімшарттағы талаптар сатып алушының заңнамада көзделген құқығын шектейтін болса, олардың күші болмайды.
Мәселен, орындаушының өзін жауапкершіліктен алдын ала босатуы немесе тұтынушы үшін тиімсіз талаптарды ұсақ қаріппен көрсетуі оны жауапкершіліктен құтқармауға тиіс. Сол сияқты түбіртектің жоғалуы да жосықсыз сатушының жауапкершіліктен жалтаруына негіз болмайды.
– Бұл норманы енгізу тұтынушылардың құқығын қорғаудағы маңызды қадам деп санаймын. Қазір келісімшарттарға тұтынушының заңда көзделген құқығын шектейтін немесе оған қосымша міндеттер мен шектеулер жүктейтін талаптар енгізілетін жағдайлар кездеседі. Мұндай талаптарды жарамсыз деп тану сатушылар мен қызмет көрсетушілердің шарт жасау кезіндегі жауапкершілігін арттырады. Сондай-ақ заң талаптарының біркелкі қолданылуына және тұтынушылар құқығының бұзылуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Бұл тұтынушылар мен кәсіпкерлер арасындағы ашық әрі адал қарым-қатынастың қалыптасуына да ықпал етеді, – деді Дәурен Исмаилов.
Дауды сотқа дейін жеткізген сатушы айыппұл төлеуі мүмкін
Заң жобасында кәсіпкерлерді тұтынушымен туындаған дауды бастапқы кезеңде шешуге ынталандыратын тағы бір тетік қарастырылған.
Егер сатушы мәселені бірден шешуге мүмкіндігі бола тұра, істі барлық кезеңнен өткізіп, сотқа дейін жеткізсе, сатып алушының пайдасына айыппұл төлеу ұсынылып отыр.
Дәурен Исмаилов мұндай тетік бизнесті дауды сотқа жеткізбей шешуге ынталандыруы мүмкін деп есептейді.
– Иә, мұндай тетік кәсіпкерлерді дауды сотқа жеткізбей, мәселені ертерек әрі адал шешуге ынталандыруы мүмкін. Егер сатушы немесе қызмет көрсетуші дауды өз еркімен шешуден негізсіз бас тартса, тұтынушының пайдасына айыппұл өндіріп алу олардың жауапкершілігін арттырады. Бірақ мұндай айыппұлды қолданудың нақты әрі объективті талаптары болуы керек. Бұл жерде тұтынушы мен бизнестің мүддесі тең ескеріліп, кәсіпкерлерді негізсіз жауапкершілікке тартуға жол бермеу маңызды, – деді Дәурен Исмаилов.
Тұтынушылар құқығы жөніндегі омбудсмен пайда болады
Заң жобасында тұтынушылар құқығы жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу де ұсынылып отыр.
Омбудсмен азаматтарға кеңес береді, ортақ мәселелерді мемлекеттік органдардың назарына ұсынады, нарықтың жұмыс істеу қағидаларын әзірлеуге қатысады және тұтынушылардың мүддесін сотта қорғай алады.
– Тұтынушылар құқығы жөніндегі омбудсмен Қазақстандағы қолданыстағы жүйені жетілдіретін қосымша тетік бола алады. Ол тұтынушылар жиі кездесетін жүйелі мәселелерді тәуелсіз қарауға, бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге көмектесуге және заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Бірақ бұл тетіктің қаншалықты тиімді болатыны омбудсменнің өкілеттігіне, мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және кәсіпкерлермен қалай жұмыс істейтініне байланысты. Сондай-ақ оның қызметі азаматтар үшін қолжетімді болуы керек. Жалпы, мұндай институт тұтынушылардың құқығын қорғау сапасы мен тиімділігін арттыруға ықпал етуі мүмкін, – деді ол.
Осылайша, заң жобасында тұтынушылардың құқығын қорғау аясын кеңейтіп қана қоймай, даулардың сотқа жетпей шешілуіне жағдай жасау, шарттардағы тұтынушы құқығын шектейтін талаптардың алдын алу және құқықтарды қорғаудың жаңа институтын енгізу көзделіп отыр. Заң жобасы бойынша жұмыс сарапшылармен, бизнес өкілдерімен және тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйымдармен бірлесіп жалғасып жатыр.









