Сапалы біліммен қамту – стратегиялық міндет

Акция балалардың жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Мектеп оқушыларының қажеттіліктері білім беру ұйымдары ұсынған арнайы тізім негізінде дайындалды. Оқушыларға қажетті құрал-жабдықтар демеушілер мен партия мүшелерінің қолдауымен жеткізілді. Қызылорда қаласында өткен шараға «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, қалалық мәслихат депутаттары, партия мүшелері, демеушілер мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

«Балаға жасалған қамқорлық – оның бүгінгі қуанышымен қатар, ертеңгі сеніміне де әсер етеді. Осы мақсатта өңір бойынша 1 265 балаға мектеп формасы мен сөмкелер табысталды. Бұл – ортақ қолдаудың нәтижесі. Акцияны іске асыруға атсалыс­қан партия мүшелеріне, депутаттарға және демеу­шілерге алғыс білдіреміз», – деді Жандос Базартай.

Акцияға жергілікті кәсіпкерлер де үлес қосты. Атап айтқанда, өңірге белгілі Dalatex тігін цехы 100-ден астам оқушыға арналған мектеп формаларын демеушілік көмек ретінде дайындады.

Мұндай шараны ұйымдастыруда кәсіпкерлермен қатар  қоғамдық ұйымдардың және белсенді азаматтардың да еңбегі зор.  Осындай әлеуметтік бастамалар  бірінші кезекте балаларды жаңа оқу жылына дайындау ісіне қосымша қолдау болды деп айтуға болады. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін мектеп формасы мен оқу құралдарына  кететін шығынын азайтатын нақты қолдаудың бірі ретінде жоғары маңызға ие.

Сонымен қатар Білім күніне орай «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде өткен салтанатты іс-шараға да қатысып, оқытушылар мен студенттерді жаңа оқу жылымен құттықтады.

Жалпы, Сыр өңіріндегі 90 жылға жуық тарихы бар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті аймақтың білім мен ғылым саласының қалыптасуына елеулі үлес қосып келе жатқан іргелі оқу орындарының бірі саналады. Осы уақыт ішінде университет қабырғасынан ел дамуына қызмет еткен талай білікті маман түлеп ұшып, заман талабына сай кадр даярлау бағытындағы жұмыстар жарасымды жалғасын тауып келеді.

Білім мерекесіне орай партия филиалының төрағасы өңірдегі Қызылорда ашық университетінің жаңа оқу ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне де қатысты. Бұл жаңа нысанның пайдалануға берілуі білім беру мүмкіндіктерін кеңейтіп, оқу үдерісін жетілдіруге және студенттер үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталып отыр.

Салтанатты шарада партияның облыстық филиалының төрағасы білім нысандарының заманауи материалдық-техникалық базасын кеңейтіп, білікті педагог, қолайлы оқу ортасын қалыптастыру және жастардың сапалы білім алуға тең мүмкіндігін арттырудың маңызына тоқталды.

«Білім беру саласын дамыту – мемлекет үшін стратегиялық міндет. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында білім сапасын арттыру, оқу орындарының инфрақұрылымын жетілдіру, педагогтардың кәсіби дамуына жағдай жасау және жастардың білім алуға тең мүмкіндігін қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр. 

Бұл – адами капиталды күшейтіп, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға бағытталған маңызды міндет саналады», – деді Ж.Базартай.

Жалпы, партия тарапынан білімге бағытталған әрбір жүйелі бастаманың саланы дамыту, әлеуетін арттыру бағытында маңызы айрықша. Өйткені бүгінгі оқушы мен студентке жасалған қамқорлық жас ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтіп, келешек білікті маман болып қалыптасуына оң ықпал етері сөзсіз. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы