«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Русана Сулаймонова Құрылтай отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға медициналық ақпараттық жүйелерді жетілдіру мәселесі бойынша сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Депутат медициналық ақпараттық жүйелер медицина қызметкерлерінің негізгі жұмыс құралдарының біріне айналғанын атап өтті. Алайда пациент туралы мәліметтердің жүйенің әртүрлі бөлімдерінде орналасуы дәрігердің қажетті ақпаратты қайта іздеуіне немесе оны қайта енгізуіне алып келеді.
«Пациенттің маңызды медициналық деректері жүйенің әртүрлі бөлімдерінде орналасқандықтан, дәрігер оларды қайта іздеуге немесе енгізуге мәжбүр. Бірыңғай анамнездің болмауы толық ақпаратты жылдам алуды қиындатып, дәрігердің уақытын алады. Сондықтан медициналық ақпараттық жүйеде пациенттің негізгі медициналық деректері негізінде бірыңғай анамнезді автоматты түрде қалыптастыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Оның ішінде созылмалы аурулары, аллергиясы және басқа да маңызды медициналық деректері қолжетімді болғаны маңызды», – деді Русана Сулаймонова.
Депутат көтерген екінші мәселе – медициналық қызметтердің ақпараттық жүйелер мен интернетке тәуелділігі. Оның айтуынша, техникалық ақау немесе интернеттің болмауы медициналық ұйымдардың жұмысына әсер етуі мүмкін.
«Техникалық ақаулар немесе интернет болмаған жағдайда медициналық қызмет көрсету қиындайды. Бұл әсіресе шалғай ауылдар мен цифрлық мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін өзекті. Сондықтан мұндай жағдайларда медициналық ұйымдардың жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беретін бірыңғай резервтік тәртіп қажет. Сонымен қатар пациентті сәйкестендірудің баламалы тәсілдерін енгізу мүмкіндігін қарастыру маңызды», – деді депутат.
Құрылтай депутаты медицина қызметкерінің атқарған жұмысының толық ескерілмеуі мәселесіне де тоқталды. Осы ретте депутат кейбір көрсеткіштердің дәрігердің әрекетіне ғана емес, пациенттің өзіне де байланысты екенін атап өтті.
«Медицина қызметкері пациентті шақырып, хабарлап, жолдама бергенімен, пациент келмеуі, бас тартуы немесе байланысқа шықпауы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігердің нақты атқарған жұмысы мен пациенттің әрекетін ажыратып қарау қажет. Медициналық ақпараттық жүйеде медицина қызметкерінің нақты атқарған әрекеттерін тіркеу және есепке алу мүмкіндігі болғаны жөн. Пациенттің бас тартуы, қабылдауға келмеуі немесе байланысқа шықпауы медицина қызметкерінің жұмысын бағалауға негізсіз әсер етпеуі тиіс», – деді Русана Сулаймонова.
Осыған байланысты «Әділет» партиясы фракциясының депутаттары медициналық ақпараттық жүйелерді жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныс білдірді.
Атап айтқанда, пациенттің негізгі медициналық деректері негізінде бірыңғай анамнез қалыптастыру, техникалық ақау немесе интернет болмаған жағдайда қолданылатын резервтік тәртіп енгізу және медицина қызметкерінің нақты атқарған әрекеттерін ақпараттық жүйеде тіркеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Сонымен қатар депутаттар Денсаулық сақтау министрлігінен бұл ұсыныстарды іске асыру мүмкіндігі, қажетті техникалық өзгерістер және оларды енгізу мерзімдері туралы ақпарат беруді сұрады.










