«AMANAT» партиясының облыстық филиалы Қостанай қаласындағы MART сауда орталығы алаңында мобильді қоғамдық қабылдау өткізді , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Іс-шара барысында мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Іргелі іс-шараға «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов, партия заңгері, «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының сарапшылары, сондай-ақ Қостанай қаласы әкімдігінің ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, тұрғын үй қатынастары, білім беру бөлімдерінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ облыстық Денсаулық сақтау басқармасының, Ақпараттандыру және мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының, «ҚазАвтоЖол» ҰК, «Отбасы банк» және «Халық Лайф» компанияларының мамандары азаматтарды қабылдады.
Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың арыз-шағымы мен өтініш-тілегі негізінен инфрақұрылым, қала құрылысы, еңбек дауы және әлеуметтік көмек мәселелеріне қатысты болды.
Көшпелі қабылдаудың басты ерекшелігі – түйткілді мәселелердің созбалаңға салынбай, дәл сол жерде оң шешілуі. Мәселен, сауда орталығына кездейсоқ келген қала тұрғыны, І топ мүгедегі Гүлзат Абзалова облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Дамбауловаға жұмыссыздық мәселесімен жүгінді. Оның бухгалтер мамандығы бойынша жоғары білімі бар болғанына қарамастан, еңбек өтілінің жоқтығына байланысты жұмысқа орналаса алмай жүр.
Өтініш білдірушінің дерегі депутаттың тікелей араласуымен Қостанай қалалық Мансап орталығына жолданды. Орталық мамандары Гүлзат Абзаловаға хабарласып, оған қолайлы бос жұмыс орындарын ұсынатынын жеткізді. Егер сәйкес келетін қызмет табылмаған жағдайда, ол ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған арнайы квота аясында мамандығы бойынша жұмысқа орналастырылады. Осылайша, қала тұрғынының мәселесі сол жерде оң шешімін тапты.
«AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов аталған формат өте тиімді екенін және мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұратынын атап өтті.
«Жыл басынан бері «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 1 307 өтініш пен арыз-шағым келіп түсті. Оның 687-сі оң шешімін тауып, 620 өтініш бойынша заң аясында егжей-тегжейлі түсіндіру жұмысы жүргізілді. Айта кеткен жөн, алдағы уақытта тұрғындар көп шоғырланатын базарлар мен ірі сауда орталықтарында осындай мобильді қоғамдық қабылдаулар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар тұрғындардың мәселелеріне дер кезінде назар аударып, жедел әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді», – деді Алмат Досмұхамедов.
Осы қабылдау барысында айтылған барлық өтініш-тілек партия бақылауына алынды. Мемлекеттік органдардың өкілдері өз құзыретіне қатысты мәселелер бойынша арнайы хаттама толтырып, оларды шешу жолдарын қарастырады.









