Қазір Қ.Тұрысов көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықта ұзындығы 1,1 шақырым жол учаскесінде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 7 арнайы техника және 30 жұмысшы еңбек етуде.
Мердігер «Ая-Сервис» ЖШС өкілдерінің айтуынша, құрылыс жұмыстары демалыс және мереке күндеріне қарамастан үздіксіз жүргізілуде. Жоба бойынша нысанды 2026 жылғы 1 қазанға дейін аяқтау көзделген. Сонымен қатар мердігер көлік қозғалысына қолайсыздықты азайту және кептелістердің алдын алу мақсатында жұмысты жеделдетіп, негізгі жұмыстарды 23 қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Жоба аясында жолды кеңейтіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен өткізу қабілетін арттыру көзделген. Нысанның жалпы құны 160 985,297 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар партиялық бақылау барысында Төле би және Ниетқалиев көшелері аралығындағы жол учаскесін жөндеу жұмыстарын 12 қыркүйекке дейін толық аяқтау жөнінде ұсыныстар берілді.
Бұдан бөлек, Әл-Фараби көшесінің Төле би көшесінен Ниетқалиев көшесіне дейінгі аралығында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөнделетін учаскенің ұзындығы – 1,355 шақырым. Мердігер ұйым – «Компания инвест MK» ЖШС.
Партия өкілдері мердігерлерге жұмыстарды белгіленген мерзімде және сапалы орындаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ құрылыс барысын жүйелі бақылауда ұстап, анықталған мәселелердің уақытылы шешілуін қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
«Жол жөндеу жұмыстарының уақытында аяқталуы тұрғындар үшін аса маңызды. Сондықтан біз тек жұмыстың жүргізіліп жатқанына емес, оның сапасы мен нақты мерзіміне де назар аударамыз. Мердігерлерге жұмыстарды мүмкіндігінше жеделдетіп, көлік қозғалысына түсетін салмақты азайту жөнінде ұсыныстар берілді. Нысандар толық аяқталғанға дейін партиялық бақылау жалғасады», – деді Партиялық бақылау жөніндегі инспектор Ерғали Омаров.
«Әділет» партиясының Жамбыл облыстық филиалы Тараз қаласындағы жол жөндеу жобаларының орындалу барысын бақылауды жалғастырады. Тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың сапасы мен мерзіміне тұрақты назар аударылады.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы









