«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек дүбірлі дода бірліктің, достықтың, татулықтың, өнерге деген жанашырлық пен құрметтің жарқын үлгісі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын мемлекеттік саясатымыздың негізі ретінде бекітіп, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту ісіне баса назар аударып келеді. Соның нәтижесінде Қазақстанда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату өмір сүріп, ортақ құндылықтарды бірге дәріптеуде. Бүгінгі бөгенайы бөлек айтыс – сол көшбасшы идеяның нақты жемісі. Мұнда тілі басқа болғанымен, тілегі бір, рухы үндес өнерпаздар бас қосып отыр. Олар халқымыздың мызғымас бірлігі мен татулығын жырға қосып, қазақтың шұрайлы тілін, сөз өнерінің құдіретін паш етпек, – деді ол.
Осы айтыста Қарағандыдан қосылған кәріс этносының өкілі Валерия Цой бірінші орын иеленді.
Біз де қуанышты хабарды ести сала, Валерияға қоңырау шалдық.
– Мен – Қарағанды қаласындағы Корей этномәдени қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесімін. Кәріс ұлттық аспаптарында ойнаймын, «Самульнори Саён» ансамблінің жетекшісімін. Қарағанды қаласындағы Қазтұтыну одағы университетінің 1-курс студентімін.
Мектеп біріген соң Кореяға оқуға барып келген едім, бірақ үйімді сағынып, бөтендігім сезілген соң қайтып келдім. Жалпы, айтысқа дейін домбыра тарту білмедім, екі айда үйреніп алдым, – дейді Валерия Цой.
Таза қазақша сөйлеген Валерияға «тілді қашан үйрендіңіз?» деген сұрақ қоймасқа болмады. Өйткені өз жерінде, өз елінде тұрып ана тілінде бір сөз білмейтіндер бар емес пе?!
– Атам Қазақстанда тұрған соң қазақ тілін білу керек деп санаған, содан мені қазақ бала- бақшасына береді. Қарағанды қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-интернатта оқыдым. Кейін мектепке барғанда, университетке түскенде де қазақша оқимын деп шештім. Бүгінде Халықаралық қатынастар мамандығына оқып жатырмын.
Ал айтысқа келсем, жобаның авторы Бақытжан Қасымов әркімге өзі жетекші тауып, қарсыластарымызды өздері қойды. Дидар Қами Қарағандыдан болған соң, маған жетекші ретінде тағайындалды. Жоба барысында барынша Дидар ағамен кездесіп, ол да маған домбыра жағын үйретіп отырды, атақты айтыскер, тәжірибесі көп болғандықтан ақылын, кеңестерін айтты. Домбыра үйрететін маманды да тауып берді, – дейді Валерия.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы









