Бірі – Сүлеймен Шадкам. Иранда туып, Германияның Мюнхен қаласында тұратын этникалық қазақ. Рақымжан Отарбаевпен аға-дос болып, бір-бірімен тонның ішкі бауындай жақсы араласқан. Екіншісі – қаламгердің шығармаларын зерттеп жүрген әдебиеттанушы Ардақ Үсейінова.
«Рақымжан Отарбаевты бұрыннан білетінмін. Ара-тұра жолымыз түйісіп, кездесіп, әңгімелесіп жүретінбіз. Алайда жақын араласып, бір-бірімізді тереңірек таныған кезіміз кейінірек басталды. Алғаш Астанада жүздестік. Кейін Атырауға барған сапарларымда жиі кездесіп, етене араласып кеттік. Сөйтіп, сыйластығымыз шынайы достыққа ұласты, – деп бастады әңгімесін Сүлеймен аға. – Менің Рақымжанға деген ықыласымды оятқан оның жазушылығы емес, адамдық болмысы еді. Сөзі де, ісі де, тіпті кейде баладай тентектігі де өзіне жарасып тұратын. Әсіресе ұлтқа деген сүйіспеншілігі, қазақтың намысы мен мүддесіне келгенде ештеңеден тайсалмайтын қайсар мінезі ерекше тәнті етті. Кімнің алдында отырса да, ойын бүкпесіз айтып, шындықты бетке тура жеткізетін. Жалған сөйлеуді, біреуге жағынуды білмейтін. Бір қызығы, екеуміздің жас айырмашылығымыз небәрі төрт ай ғана. Соған қарамастан, мен оны әуелден «аға» деп атап кеттім. Бұл жасына қарап көрсеткен құрметім емес, азаматтық тұлғасына, кісілік келбетіне деген шынайы ілтипатым еді. Кейін сол «аға» деген сөз арамыздағы сыйластықтың ажырамас бір бөлшегіне айналды».
Жарасымды достық
Сүлеймен Шадкам жазушының шығармаларын шетел оқырмандарына аударуға себепші болды. «Бірде оған туындыларын неміс тіліне аудартып, Германияда жарыққа шығаруға атсалысқым келетінін айттым. Ұсынысымды естігенде ерекше қуанды. Өйткені қаламгер үшін шығармасының өзге тілде сөйлеп, басқа халықтың рухани қазынасына айналуы үлкен мәртебе ғой. Осы бастама екеуміздің достығымызды бұрынғыдан да бекемдей түсті. Әрине, көркем шығарманы бір тілден екінші тілге аудару оңай шаруа емес. Ол үшін екі тілді білумен қатар әдебиеттің табиғатын, жазушының ойлау жүйесін, сөз саптау ерекшелігін терең түсінетін маман қажет. Сондықтан бұл іске кәсіби аудармашыларды тарттық. Неміс тіліне тәржімаланған мәтінді осы тілді жетік меңгерген, кезінде дәріс берген білікті маманға қайта тексерттік. Басты мақсатымыз шығарманың көркемдік қуатын, автордың айтар ойын жоғалтпай, неміс оқырманына барынша шынайы жеткізу болатын. Сол кезеңде Рақымжанның шығармаларын жарыққа шығару ісінің өзіндік қиындықтары да аз болған жоқ. Соған қарамастан бастаған ісімізді аяқсыз қалдырмауға тырыстық. Кейін Рақымжанды Германияға да алып бардым. Ондағы жазушылармен, аудармашылармен таныстырып, шығармашылық байланыс орнатуына мүмкіндік жасадық. Бұл сапардың біз үшін маңызы зор болды. Өйткені Рақымжанның шығармашылығын қазақ әдебиетінің шеңберінде ғана қалдырмай, әлемдік оқырманға танытуды мақсат еттік», – дейді кейіпкеріміз.
Қаламгер Германияға барса, Сүлеймен Шадкам Атырауға жиі келіп тұрды. Екі достың аралас-құраластығы осылай жарасымды күйде жалғасып жатты.
«Рақымжанның мен ерекше қадірлеген қасиеті – оның қазаққа деген жанашырлығы. Ол ұлттық салт-дәстүрге, қазақы тәрбие мен рухани құндылықтарға айрықша мән беретін. Халқының бүгіні мен ертеңіне бейжай қарай алмайтын. Қазақтың мүддесіне нұқсан келетін қандай да бір жағдайды көрсе, іштей күйініп, ашық пікірін білдіретін. Ұрпақтың келешегіне алаңдап, елдің еңсесін көтеретін мәселелерді үнемі ой елегінен өткізіп жүретін. Біз бір-бірімізге жиі хабарласып тұрдық. Бірақ Рақымжанға телефон шалсаң, бірден ала бермейді. Ол жазу үстеліне отырғанда сырт дүниеден оңашаланып, шығармасына түгелдей беріліп кететін. Ондай кезде мазалаудың өзі артық. Қолы босағанда өзі қайта қоңырау шалады. Сөйтіп, үзілген әңгімеміз қайта жалғанатын. Рақымжанның бойында менмендік те, жасандылық та болған жоқ. Бірақ шындыққа келгенде ешкімнің ығына жығылмайтын. Өзінің басынан өткен әділетсіздіктерді де жасырмай айтатын. Бірде Америкаға барған сапарынан кейін жұмыстан босатылғанын әңгімелегені есімде. Шындықты айтқаны үшін түрлі кедергіге тап болғанын да білетінбіз. Алайда қандай қиындық көрсе де, оның сағын сындырып, алған бетінен қайтара алған ешкім болған жоқ. Ол өз ұстанымына адал қалды. Айтатын сөзін айтты, қорғайтын шындығын қорғады», – дейді кейіпкеріміз.
Рақымжан Отарбаевтың көзі тірісінде Шымкентте, Бішкекте театр фестивальдары өтті. Оған Сүлеймен Шадкам да қонақ болып барды. Кейіпкеріміз сол күндердің әсері әлі ұмытылмағанын айтады.
«Бішкектегі фестивальдың жөні тіпті бөлек болды. Қырғыз ағайындар Рақымжанды ерекше ықыласпен қарсы алып, шығармашылығына зор құрмет көрсетті. Фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұндай құрметке кез келген қаламгер ие бола бермейді. Бұл оның ұзақ жылғы еңбегінің, табандылығы мен талантының жемісі еді. Қаншама кедергіні еңсеріп, өз жолынан жаңылмаған азаматтың шығармашылық жеңісін көріп, шын жүректен қуандық. Оның арманы мұнымен шектелмейтін. Рақымжан өз пьесаларының Еуропа сахналарында қойылғанын қалады. Біз де осы бағытта неміс мамандарымен байланыс орнатып, біраз жұмысты қолға ала бастаған едік. Өкінішке қарай, бұл жоспарларымызды толық жүзеге асыруға уақыт жетпеді. Оның қазасы мен үшін өте ауыр тиді. Ақпанның 20-сында жер қойнына тапсырдық. Сол күннің менің өмірімде ерекше орны бар. Өйткені дәл сол күн – менің туған күнім. Бұрын бұл күнді өмірге келген күнім ретінде қарсы алсам, енді Рақымжандай аяулы азаматты ақтық сапарға шығарып салған күн ретінде де еске аламын. Сондықтан ақпанның 20-сы келген сайын көңілімде бір мұң оянады. Қуаныш пен қайғы қатар өрілген бұл күн жадымнан ешқашан өшпейді.
Рақымжанның өзіне ғана тән қызық қылығы да аз емес еді. Әсіресе шаш үлгісі ерекше болатын. Кейде оның шашына қарап әзілдейтінбіз. Біздің балалар да таңғалып, оның өзгеше жүріс-тұрысына қызыға қарайтын. Бірақ Рақымжан ондайға еш қысылмайтын. Өзінің қалыптасқан әдеті, ешкімге ұқсамайтын болмысы бар еді. Сырт көзге тосындау көрінетін сол мінезінің өзі оған жарасып тұратын. Оның тентектігі де, ашуы да, ақкөңілдігі де табиғи болатын. Бүгінде өткен күндерді ой елегінен өткізсем, Рақымжандай азаматпен жолым түйісіп, сыйлас дос болғанымды тағдырдың үлкен сыйы деп білемін».
Әлі хат күтіп жүрмін…
«Алғаш Рақымжан Отарбаевты біздің өңірден шығып, республикаға таралатын «Жамбыл» әдеби-танымдық журналына жарияланған «Дүние ғайып» повесі арқылы таныдым, – дейді Ардақ Үсейінова. – Жазушы Сібірдің ақ түтек бораны мен сықырлаған сары аязында Янкрынатқа жол тартқан Айнан мен Емронның арасындағы диалог, екі түрлі болмыстың ішкі қайшылығы арқылы өреді ғой оқиғаны. Бірден назар аудартқаны – ақ ит пен қызыл иттің жетек ауыстыруы. Автор ақ пен қызыл итті символға айналдырып, астарлап бір ой түйгенін ә дегеннен түсінгеніммен, шешімін таппай ұзақ ойландым.
Сөйтіп жүргенде Таразда Несіпбек Дәутайұлының 70 жас мерейтойына арналған конференция өтетін болып, оны басқарып-жүргізуге Рақымжан аға Отарбаевтың келетінін естідім. Облыстық баспасөз үйіндегі жұмыс кабинетім Несағаның кабинетіне қарама-қарсы. Аға үш күн бұрын келді. Есіктен кірген-шыққанын, жүрген-тұрғанын бағып отырамын. Қасына барып, кітабына қолтаңбасын қойдырып алуға тәуекелім жетпейді. «Аға» деп жетіп баруға іштей әлдене жібермей тұрады. Жібермей тұрғанға салып, сол күйі амандасуға тәуекел етпесем, мұндай сәт енді қайтып тумастай, алаңдай беремін. Ақыры Несағаға «Рақымжан ағаның кітабын алып едім, қолтаңбасын алуға болар ма екен» дедім бойымдағы бар батылдықты жиып. Аға кабинетіне ертіп кірді. Таныстырды. Қолтаңбасын алдым. Сонда таңғалғаным – Рақымжан ағаның жадының мықтылығы. Қолымдағы «Шыңғыс ханның көз жасы» кітабына енген бір әңгіменің соңы баспада қағазға түспей қалыпты. Бір абзац. «Баспада техникалық қателік кетіпті» деп сол абзацтағы сөйлемді сөзбе-сөз қолмен жазып берді. Түпнұсқасына қараған жоқ, ұзақ ойланып, еске түсіріп те әуре болмады.
Бір жылдан кейін прозадан «Рух» халықаралық байқауы жарияланды. Несаға – әңгіме, Рақымжан аға роман жанры бойынша бәйгеге түсті. Іштей екі жүлденің иегері кім боларын топшылап қойғанмын. Бәрінен бұрын 2-3 жыл бойы қашан жарық көрер екен деп күткен «Бас» романын оқуға мүмкіндік туғанына қатты қуандым. Оқып шықтым. Әсерін сөзбен жеткізе алмаймын. Нәтижесін күтіп жүргенде «Бас» басқа елде жарық көріп қойған шығарма» деген желеумен романды байқаудан алып тастапты. Бұлай көңілім құлазымаған шығар. Мен осындай күйде отырғанда, жазушының халі нешік деп іштей уайым кештім. Жыл соңы жақындап қалған, Рақымжан ағаға хат жазайын деп шештім. Романның ұнағанын, керемет әсер қалдырғанын, ой салған тұстарын, сөзсіз бәйге алатын шығарма екенін жазып, ағаның электронды поштасына жолдап жібердім.
Жіберерімді жіберіп алған соң қарадай қысылып жүрдім. Айдаладағы Тараздан бір қыз баланың хат жазғанын қалай қабылдар екен, мұнымды Несаға естісе не дейді? Ал ол кісінің естімеуі мүмкін емес. Рақымжан аға хатты алса, оқыса, Тараздан деп тұрған соң бірден Несағаға хабарласады. «Осылай да, осылай Рақымжанға хат жазыпсың», – десе, «не деймін?» деген ойдың өзінен ұялып, күнде жұмысқа келе салып кабинетіме зып беріп кіріп кетем де, есікті тарс жауып отырып аламын.
Солай бір апта өтті. Тыныш. Несаға үндемейді. «Е, оқымаған екен ғой, мейлі енді оқымай-ақ қойса» деп жүргенде, бір күні есікті ашып, Несаға кіріп келді. «Өй, Ардақ, сен Рақымжан ағаңа хат жазыпсың ғой. Ағаң телефон соқты. Жүрші кабинетке, жақсылап айтып берейін» деп кері бұрылды. Соңынан ілестім. «Ағаң риза болып жатыр. Жазуы жақсы екен. Ойы бар, айтары бар. Қытайға жол жүріп кетіпті, келген соң «жауап хат жазып жіберемін» дейді. Мұның дұрыс, жақсы шығармаға берген бағаң жазушыға күш береді», – деп тоқтады.
Ал содан кейін күн сайын электронды поштамды сан ақтарып, хат күтейін. Рақымжан аға не айтар екен? Не жазар екен? Өзім биік тұтқан жазушыдан бірауыз пікір есту – ол бір үлкен нығмет қой. Сөйтіп жүргенде жазушы Рақымжан Отарбаев дүниеден өтті деген хабар келді…
Бір жылдан соң ағамның үйіндегі Сәуле жеңешем хабарласып, сол хатты ары қарай кеңейтіп жазып, Рақымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған әдеби-сын байқауына қатыс деген ой айтты. «Жаза алар ма екенмін» деп көңілде дүдәмал күмән тұрса да, жазып шықтым. Қатыстым. Жүлде алдым. Енді Рақымжан ағадан хат келмейтініне көзім жетсе де, көңілім алаңдап, әлі күнге хат күтіп жүрмін»…
Гүлзина БЕКТАС










