2027 жылдан бастап кейбір отбасылар бала туғанда берілетін жәрдемақыдан қағылады

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мен бала күтіміне арналған төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Енді кейбір отбасылардың мемлекеттік төлем алу құқығы материалдық жағдайына байланысты шектеледі.

Жаңа тәртіпке сәйкес, мемлекет отбасылардың табысын ғана емес, мүлкін, несиелік міндеттемелерін, жұмыспен қамтылуын және басқа да көрсеткіштерін ескереді. Отбасылар әлеуметтік әл-ауқатына қарай A, B, C, D және E санаттарына бөлінеді. Ауқатты деп танылған A және B санатындағы отбасыларға бюджеттен төленетін кейбір жәрдемақылар тағайындалмайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, азаматтардың әлеуметтік жағдайын бағалау үшін алты бағыт бойынша 59 көрсеткіш қолданылады. Бұл ретте отбасының жоғары табысы немесе қымбат көлігі болуы оның автоматты түрде ауқатты санатқа енгізілетінін білдірмейді. Бағалау кезінде бірнеше белгі қатар ескеріледі.

Жаңа талап бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақыға және бала бір жарым жасқа толғанға дейін бюджеттен төленетін ай сайынғы күтім жәрдемақысына қатысты болады. Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін декреттік және бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер бұрынғы тәртіппен сақталады. Яғни, жұмыс істейтін әйелдердің әлеуметтік аударымдары негізінде есептелетін төлемдеріне отбасының әл-ауқат санаты әсер етпейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, қазіргі бағалау бойынша A санатына 329 мың отбасы, B санатына миллионға жуық отбасы кіреді. Дегенмен бұл олардың барлығы бала күтіміне байланысты жәрдемақы алып отыр немесе келесі жылдан бастап төлемнен қағылады деген сөз емес.

Жалпы, 2027 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақының 14 түрін тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік жағдайы ескерілмек. Өзгерістердің мақсаты – бюджеттік көмекті ең алдымен материалдық қолдауға мұқтаж азаматтарға бағыттау.