Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған Bir Tolqynda диалог алаңы өтті. Іс-шараны «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы жастар қанаты ұйымдастырды. Жиынға облыстық кәсіподақтар комитетінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-офицері Әлібек Жаппасбаев және «Әділет» құқықтық қызмет көрсету орталығының негізін қалаушы, заңгер Дәулет Ізбасарұлы қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Кездесуде сарапшылар ел дамуының өзекті мәселелері бойынша пікірін білдіріп, жас буын өкілдері өз ұсыныстарын ортаға салды.
Облыстық кәсіподақтар комитетінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев Жолдаудағы бастамалардың жастар болашағы мен өңірлердің дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл-аймақтарды дамыту, еңбек адамының құқығын қорғау, «Таза Қазақстан» акциясы, Ұлттық қор қаражатын ұрпақ игілігіне жарату, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру, шағын және орта бизнесті қолдау, цифрландыру мәселелеріне басымдық берді. Мұның барлығы – келешек ұрпақтың игілігіне, жастарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған бастамалар.
Қазіргі таңда Сыр елі ауқымды құрылыс алаңына айналды. Алдағы жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау Қызылорда қаласымен қатар, аудан орталықтары мен ауылдардың дамуына да тың серпін береді деп сенеміз. Әсіресе ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымның жаңаруы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының алға қойған негізгі мақсат-міндеттерінің түпкі мәні де – елдің ертеңін қалыптастыратын жастардың болашағына жағдай жасау», – деді Мақсұт Нәлібаев.
Жалпы Bir Tolqynda диалог алаңы жастардың мемлекеттік бастамаларға қатысты көзқарасын білдіріп, қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер жас буынның ұсыныстарын тыңдап, ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді бірлесе талқылауға жол ашады.
Жиында ауыл-аймақтарды дамыту, еңбек адамының құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, шағын және орта бизнесті қолдау, цифрландыру, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері қозғалды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы










