Бағдат Сабаз әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Астанада күрестен өтіп жатқан әлем чемпионатында Бағдат Сабаз қола медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының жүлде қоржынын толықтырды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Балуан Грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақта бағын сынаған. Ол шешуші белдесуде Әзербайжан балуаны Хасрат Джафаровты 7:5 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Осыған дейін Бағдат ширек финалда Иран өкілі Саид Эсмаилиге есе жіберген болатын. Алайда қарсыласы финалға шыққандықтан, тағы бір белдесуге мүмкіндігіне ие болды. Бұл кезеңде Қытай балуаны Цзинь Синьсиньді 8:5 есебімен жеңіп, қола медаль үшін күресуге жолдама алды.