BBC ақпараты негізінде Aikyn.kz екі ірі мемлекеттің бір-біріне тәуелділігі мен Нью-Дели бұл теңгерімсіздікті қалай азайтқысы келетінін талдайды.
Үндістанның ойыншық өндірісі қытайлық импортты азайту саясатының табысты мысалдардың бірі. Алты жыл бұрын билік импорттық ойыншықтарға баж салығын 20%-дан алдымен 60%-ға, кейін 70%-ға дейін көтерді. Нәтижесінде олардың импорты 2020 жылғы шамамен 300 млн доллардан биыл 100 млн долларға дейін төмендеген. Ал экспорт сол кезеңде 129 млн доллардан 200 млн долларға дейін өсті. Бұған дейін жергілікті ойыншық нарығының 70%-ы Қытайға тиесілі еді.
Бірақ экономиканың басқа салаларында жағдай керісінше. Сарапшылардың бағалауынша, Қытай қазір Үндістанның өнеркәсіптік импортының 30%-дан астамын қолында ұстап отыр. Ел 100-ден астам аса маңызды тауар бойынша Қытайға тәуелді.
«Үндістанның Қытайға экономикалық тәуелділігі тереңдеуде. Ал саяси, қауіпсіздік және инвестициялық қатынастар ең төменгі деңгейде», – дейді Asia Society Policy Institute сарапшысы Кевин Цзунчжэ Ли.
Үндістан смартфондар мен күн энергетикасына арналған дайын өнімдердің импортын азайтып келеді. Бүгінде әлемдегі iPhone өндірісінің төрттен бірінен астамын қамтамасыз етеді. Бірақ бұл өндірістің едәуір бөлігі әлі де құрастыруға негізделген. Компоненттер, өндірістік жабдық, батарея бөлшектері, химиялық заттар мен күн панельдерін жасауға қажетті өнімдердің көп бөлігі Қытайдан келеді.
Observer Research Foundation дерегінше, Үндістанның Қытайдан алатын импортының 36%-ы электр жабдықтары мен электроника, 21,7%-ы машиналар мен механикалық құрылғылар.
«Бұндай жеткізілімдер тоқтаса, бұл тек тұтынуға емес, өндірістің өзіне соққы береді», – дейді ORF сарапшысы Соумья Бхоумик.
Теңгерімсіздікті Қытайдың өндірістік қуатының артуы да күшейтіп отыр. Металлургия, күн панельдері мен электромобильдер саласындағы артық өнім ішкі нарықта толық өтпеген соң, қытайлық компаниялар оны шетелге төмен бағамен шығаруға ұмтылады. Батыс елдері тарифтер мен басқа шектеулер енгізген сайын, бұндай тауарлардың бір бөлігі қарқынды өсіп келе жатқан Үндістан нарығына бағытталады.
Қыркүйекте Делиде өткен BRICS саммиті аясында Нарендра Моди мен Си Цзиньпин «құрылымдық сауда теңгерімсіздігі» мен жеткізу тізбегіндегі проблемаларды шешуге уағдаласты. Бірақ сарапшылар бұл міндет оңай болмайтынын біледі.
Ұзақ мерзімде Үндістанға дайын өнімді импорттауды ғана қысқарту жеткіліксіз. Елге қолжетімді энергия мен несие, тиімді логистика мен жергілікті компонент өндірісін қамтитын қуатты өңдеу өнеркәсібі қажет. Сарапшылардың пікірінше, Қытай Үндістан тауарларына өз нарығын кеңірек ашпаса, 112 млрд долларлық сауда тапшылығын бірнеше жаңа экспорттық саланың есебінен ғана қысқарту мүмкін болмайды.










