Әрине, мемлекетке қанша гектар жер қайтарылғанын білу маңызды. Бірақ ауылдағы жұрт үшін сол жердің пайдасын көру одан да маңыздырақ. Мал жаятын өріс кеңейді ме, егін егемін деген шаруаға жер тиді ме? Түптеп келгенде, жұртты қызықтыратыны – осы. Сондықтан қайтарылған алқаптың көлемімен бірге, оның кімге берілгеніне, қалай пайдаланылып жатқанына және топырағының жағдайына да қарау керек.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың сөзінше, бүгінде пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз берілген жерді қайтарумен бірге, оны қайта бөлу, жерін игеріп отырған шаруалардың құқығын қорғау және топырақтың жағдайын бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Биылғы нәтиже, расында, жоспардан жоғары. Жыл басынан бері мемлекетке пайдаланылмаған немесе заң талаптарын бұза отырып берілген 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылған. Жылдық меже 1 млн гектар еді. Яғни жоспар 200 мың гектарға, басқаша айтқанда, 20 пайызға асыра орындалды. Дегенмен межеге жеттік деп бақылау тоқтаған жоқ: жерді пайдалану талаптарының сақталуын тексеру жалғасып жатыр.
Биыл аумақтық бөлімшелер мыңнан аса жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 1 млн гектардан астам жердің пайдаланылуын қараған. Нәтижесінде, жер пайдаланушыларға заңбұзушылықтарды жою жөнінде 715 нұсқама берілген. Олар қамтитын аумақ – 884 мың гектар. Ал тағы 211 мың гектарды мәжбүрлеп алып қоюға қатысты істер әзірге сотта қаралып жатыр.
Мұның бәрін мемлекетке қайтарылған жер деп есептеуге болмайды. Нұсқама алған жер пайдаланушы анықталған кемшілікті түзетуге тиіс. Ал сотқа жеткен жер телімдерін алып қою мәселесі бойынша шешім әлі шыққан жоқ. Яғни тексерілген, заңбұзушылық анықталған және мемлекетке қайтарылған жердің әрқайсысы – бөлек көрсеткіш.
Ауылдың өрісі кеңейе түспек
Жалпы, ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмысы 2022 жылы басталған. Министрлік мәліметінше, содан бері мемлекет меншігіне 15,5 млн гектар өткен. Аз аумақ емес. Енді осы жердің қаншасы қайта игеріліп, ауылдағы жұрттың қажетіне жарап жатыр?
«Мәселе жерді мемлекетке қайтарумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат – қайтарылған жерлерді одан әрі тиімді пайдалану, олардан нақты нәтиже алу және ең алдымен ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттілігін қамтамасыз ету», – деп атап өтті Мұрат Теміржанов.
Ал қайтарылған жерлер кімге беріліп жатыр? Биылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, бұрын мемлекетке өткен ауыл шаруашылығы алқаптарының 13,5 млн гектары қайта бөлінген. Соның 5,5 млн гектары ауыл тұрғындарының мал жаюына ортақ пайдалануға берілді. Қалған 8 млн гектарды ауыл шаруашылығы өндірушілері конкурс арқылы алған.
Расымен де, жайылымның көбейгені – ауылдағы ағайын үшін жақсы жаңалық. Дегенмен оның елді мекеннен қаншалықты алыс жатқаны, мал айдап баруға қолайлылығы, шөбінің шығымы да маңызды. Қағаз жүзінде жер жеткілікті болғанымен, ауылдан шалғай немесе оты жұтаң өріс мал ұстаған жұрттың қажетін өтей қоймасы анық.
Өңірлер бұл мәселені әртүрлі жолмен шешіп жатыр. Бір жерде жайылым тұрғындардың пайдалануына бекітілсе, енді бірінде оны пайдалану құқығы беріледі. Елді мекеннің шекарасын кеңейту, жерді резервке қою тәсілдері де қолданылып келеді. Бұған қоса, көлемі 10 мыңнан 50 мың гектарға дейінгі ірі алқаптарды игеруге де басымдық берілмек. Билік мұндай жерлерді шаруашылық айналымына қосу арқылы өндірісті ұлғайтып, ауылда тұрақты жұмыс орындарын ашуды көздейді.
Жер бөлудің жаңа жолы
Бұдан былай жерді қайта бөлудің тәртібі де өзгермек. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы аумақтарын беру конкурстарын толық электронды форматқа көшіру жоспарланған. Жаңартылған жүйе іске қосылғанға дейін Ақмола және Жетісу облыстарында сынақтан өтеді.
– Электронды конкурстар өткізуа дам факторының ықпалын жоюға және жер комиссияларының жұмысынан бас тартуға мүмкіндік береді. Жаңартылған цифрлық жүйені техникалық сынақтан өткізу және оның мүмкіндіктерін бағалау нормалар ресми күшіне енгенге дейін Ақмола және Жетісу облыстарындағы пилоттық жоба аясында жүргізіледі, – деді Мұрат Теміржанов.
Енді мемлекеттік жер алуға ниетті шаруа конкурсқа электронды жүйе арқылы қатысады. Мұндағы мақсат, әрине, түсінікті: жер бөлуді ашық өткізіп, адам ықпалын азайту. Дегенмен бәрі жүйенің қалай жұмыс істейтініне байланысты. Сондықтан сынақ барысында оның қолайлылығы тексеріліп, кем-кетігі болса, толық іске қосылғанға дейін түзетілуі керек.
Жерді қайтарудың да ескеретін тұсы бар. Өйткені алқапты бос қалдырған адам мен оған қаржы құйып, шаруасын жүргізіп отырған азаматқа бірдей қарауға болмайды. Осы мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, әдістемелік ұсынымдар әзірленген.
Онда шаруаның жерді пайдалану міндеттерін адал атқарып жүргенін қандай өлшемдермен бағалау керектігі, мемлекеттік органдардың бірлесіп жұмыс істеу мерзімдері және жер пайдалану құқығын ұзарту тәртібі көрсетілген. Яғни шешім қабылдағанда шаруаның еңбегі де, жерге салған қаражаты да ескерілуге тиіс. Ендігі мәселе – осы талаптардың іс жүзінде қалай орындалатынында.
Тозған алқап күтімге зәру
Жерді қайтарып, қайта бөліп жатырмыз. Ал оның топырағы қандай күйде? Шын мәнінде, алқаптың кімге тиесілі болғаны қаншалықты маңызды болса, құнарын сақтау да соншалықты қажет. Биыл 7 млн гектарда топырақ зерттеліп, 7,5 млн гектардың өсімдік жамылғысына геоботаникалық зерттеу жүргізілген. Бұған қоса, 4 млн гектар агрохимиялық зерттеумен қамтылған. Ал 53,5 млн гектар жер цифрлық тәсілмен бағаланған.
Әрине, бұл сандардың бәрін қосып, осынша жер толық зерттелді деуге келмейді. Өйткені әр зерттеудің мақсаты мен әдісі бөлек, қамтыған аумақтары да қабаттасуы мүмкін. Мәселен, цифрлық бағалау жүргізілген жердің бәрінен топырақ үлгісі алынды деген сөз емес. Сондықтан қанша гектар қамтылғанымен қатар, қандай мәлімет алынғанына да қараған жөн.
Зерттеу барысында қалпына келтіруді қажет ететін 2,7 млн гектар тозған жер анықталған. Демек, жердің бос жатпағаны көңілді жұбатуға жеткіліксіз. Егін егіліп, мал жайылып жүрген алқаптың да құнары кеми беруі мүмкін. Түптеп келгенде, жерді игерудің нәтижесін одан алынған өніммен бірге, топырақтың қаншалықты сақталғанына қарап бағалау керек.
Осы тұста биылғы шілдеде күшіне енген «Топырақты қорғау туралы» заңның орны бөлек. Заң жердің жағдайын бақылауға, тозудың алдын алуға және топырақты қалпына келтіруге құқықтық негіз береді. Министрлік бұл жұмысты жер ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесімен ұштастыруды көздеп отыр.
Дегенмен тозған жерді анықтап, есепке алумен іс бітпейтіні түсінікті. Енді сол 2,7 млн гектарда қандай жұмыс атқарылады? Зерттеу қорытындысы жерді қайта бөлгенде ескеріле ме? Жиналған мәліметтің пайдасы, сайып келгенде, осы шешімдерден көрінуі тиіс. Әйтпесе, топырақтың тозғанын біліп отырып, оны қалпына келтіруді кейінге ысыра берсек, жерді қайтарғанымызбен, құнарын жоғалтып алуымыз мүмкін.
Ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беру мәселесінде де өзгеріс әзірленіп жатыр. Қолданыстағы мораторий 2026 жылы аяқталады. Билік оны 2031 жылдың соңына дейін ұзартуды көздейтін түзетулер дайындаған. Алайда заңнамалық рәсімдер аяқталмайынша, мораторий ұзартылды деп айтуға болмайды.
Осы жағдайда шаруалардың мемлекеттік ауыл шаруашылығы аумақтарына қол жеткізуінің негізгі тетігі жер пайдалану құқығы болып қала береді. Ал 2027 жылдан жоспарланған электронды конкурстар осы құқықты беру тәртібін өзгертпек.
Қазақстандағы жер реформасының келесі нәтижесі қайтарылған гектар санынан кеңірек болуға тиіс. Халыққа берілген жайылымның қолайлылығы, жаңа алқаптағы өндіріс, ауылда ашылған тұрақты жұмыс және тозған топырақтың қалпына келуі – ел күтетін өзгерістер осылар.
Кәмила ДҮЙСЕН









