CNBC материалына сүйенген Aikyn.kz ұзақ қашықтыққа аялдамасыз ұшу жобасының жолаушыларға қандай артықшылықтар беретінін түсіндіреді.
Нью-Йорк бағыты Qantas-тың Project Sunrise бағдарламасындағы екінші маршруты болады. Алғашқысы – Лондонның Хитроу әуежайы мен Сидней арасындағы тікелей рейс. Оны 2027 жылғы қазанда іске қосу, ал билеттерін сол жылдың ақпанынан сату көзделген. Компания бұл мерзімдерді ресми сайтында жариялаған.
Лондон – Сидней рейсінің ұзақтығы шамамен 20 сағатқа жетіп, әлемдегі ең ұзақ тұрақты коммерциялық рейске айналуы мүмкін. Қазір бұл мәртебе Singapore Airlines орындайтын Нью-Йорк – Сингапур бағытына тиесілі. Бұл әуе сапары 19 сағаттан асады, ал нақты ұшу уақыты бағыт пен жыл мезгіліне қарай өзгеріп тұрады.
Qantas бас директоры Ванесса Хадсонның айтуынша, жаңа бағыттарды ашуға Перт – Лондон рейсіне сұраныстың жоғары болуы себеп болған. Boeing 787 Dreamliner ұшағымен орындалатын бұл сапар 17 сағаттан асады. Соған қарамастан, жолаушылардың бір бөлігі басқа әуежайда ұшақ ауыстырмай ұшуды таңдаған.
«Бұл тәжірибе аялдамасыз ұшуды қалайтын әрі сол үшін қосымша ақы төлеуге дайын жолаушылардың бар екенін көрсетті», – дейді Хадсон CNBC-ге берген сұхбатында.
Жаңа рейстерге арнайы бейімделген Airbus A350-1000ULR ұшақтары пайдаланылмақ. Оларға орнатылатын қосымша 20 мың литрлік отын багы 22 сағатқа дейін аялдамасыз ұшуға мүмкіндік береді. Әуекомпания осындай 12 ұшақ сатып алуды жоспарлап отыр. Qantas бағалауынша, Сиднейден Нью-Йоркке тікелей қатынау қазіргі бір аялдамалы сапармен салыстырғанда жол уақытын үш сағаттан астам қысқартады.Әр ұшақ 238 жолаушыға шақталған. Бірінші класта алты, бизнес-класта 52, премиум-экономда 40, эконом-класта 140 орын болады. Салондағы орындардың 40%-дан астамы жайлылығы жоғары санаттарға бөлінген. Ал Singapore Airlines Нью-Йорк – Сингапур рейсі тек бизнес және премиум-эконом орындар ұсынады.
Жобада жолаушылардың ұзақ сапардан кейінгі жағдайына да назар аударылған. Qantas бірнеше жылдан бері уақыт белдеулерінің ауысуынан болатын шаршауды азайту жолдарын ғалымдармен бірге зерттеп келеді. Сидней университетінің Чарльз Перкинс орталығы қатысқан жұмыста салонның жарығы, тамақтану мен демалыс тәртібі қарастырылған.
«Осындай қашықтыққа ұшудың мәні жолаушылар діттеген жеріне жақсы күйде жеткенде ғана болады. Біз орындайтын рейстердің негізінде осы ұстаным жатыр», – дейді Хадсон.
Ұшақта жарықтандырудың 12 режимі қолданылмақ. Олар жолаушылардың баратын жерінің уақытына бейімделуіне көмектеседі. Сондай-ақ салонда орнынан тұрып, денесін жазуға болатын арнайы кеңістік қарастырылған. Онда жаттығуға арналған тұтқалар, қимылдарды көрсететін экран және су ішуге мүмкіндік болады.










