Бала – елдің үміті, ең басты құндылығы. Ендеше әр сәби – бір әулеттің ғана емес, тұтас қоғамның аманаты. Сондықтан шыр етіп дүниеге келген әрбір «жаңа қазақстандықтың» өмірін сақтап қалу дәрігердің кәсіби міндеті ғана емес, болашақ алдындағы парызы. Бұл сондай-ақ мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігінің биік не бәкене екенін айқындайтын басты бір өлшем.
Осы орайда Мемлекет басшысы 2026 жылғы 18 маусымда медицина саласының қызметкерлерімен кездесуде халықтың басын өсіру мәселесіне мемлекеттің әрдайым баса назар аударатынын айтып, ана мен баланың денсаулығы бірінші орында тұруға тиіс екенін атап өтті.
– Қазір де осы бағытта ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Нақты нәтижелер бар. Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, сәби өлімі 24 пайызға қысқарды. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл жетістік өздігінен келген жоқ. Кейінгі жеті жылда ел бойынша 1 300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Медициналық сақтандыру саласы да заман талабына сай жаңғыртылды. Президенттің ана мен бала денсаулығына қатар көңіл бөлуінің астарында үлкен мағына жатыр. Ана өлімінің азаюы – жүктілік кезінде ғана емес, оған дейінгі кезеңде де денсаулығына көңіл бөлінгенін көрсетсе, сәби өлімінің төмендеуі бөбектің алғашқы сағаттарындағы және күндеріндегі медициналық көмектің сапасына тікелей байланысты. Кейінгі жылдары бұл бағытта тұтас жүйе қалыптаса бастады.
Мәселен, Үкіметтің ресми дерегінше, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда ана өлімінің көрсеткіші алты есеге төмендеген. Соңғы бес жылдың өзінде бұл көрсеткіш тағы 35%-ға қысқарды. Бүгінде жүкті әйелдердің 90%-дан астамы жүктіліктің 12 аптасына дейін есепке алынады. Бұл – қауіптің алдын ала анықталуы және қажетті медициналық көмек көрсетілуі үшін аса маңызды кезең. Өйткені ана мен бала денсаулығына қатысты көптеген мәселені асқындырып алмай, ертерек байқап, тиісті көмек көрсету маңызды.
Қазіргі заманғы пренаталдық диагностика әдістері жүктілік кезінде, оның ішінде 18-20 апта мерзімінде туа біткен даму кемістіктерінің басым бөлігін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл дәрігерлерге сәби дүниеге келгенге дейін дайындық жүргізіп, қажет болғанда өмірінің алғашқы күндерінде хирургиялық түзетуге жағдай жасайды.
Елде туа біткен аурулардың алдын алу және әйелді дені сау жүктілікке дайындау жүйесі де белсенді дамуда екен. 2025 жылдан бері жүктілікке дейінгі дайындыққа бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске асырылады. Оның аясында әйелдерге емханада 15 тексеру түрі тегін қолжетімді: биыл аналарды қамту деңгейі 54%-ды құрады.
Сонымен қатар ұрықты сақтау орталықтарының базасында «Бір күндік клиника» жобасы қолға алынған. Ол жүкті әйелдерге қажетті зерттеу мен мамандар консультацияларынан бір күн ішінде өтуге мүмкіндік бермек. Бұл бастама пренаталдық скринингпен қамтуды 10%-ға арттыруға, патологияларды анықтау деңгейін 12%-ға көтеруге және балалар мүгедектігінің деңгейін 8%-ға төмендетуге мүмкіндік беріпті.
Тағы бір маңызды бағыт – феталдық хирургия, яғни ұрықтың кейбір патологияларын жатырішілік түзету. Мұндай операциялар Алматы және Астанадағы мамандандырылған орталықтарда жүргізіледі. Бүгінгі күні 39 жатырішілік хирургиялық араласу жасалып, балалардың денсаулығына төнетін ауыр зардаптардың алдын алу, ерте емдеу мүмкіндігі кеңейді.
Кейінгі жылдары елде аз инвазиялық хирургия әдістері де қарқынды дамып келеді. Жаңа туған нәрестелерге жасалатын операциялардың шамамен үштен бірі шағын тіліктер арқылы орындалады. Бұл хирургиялық араласудың жарақаттауын азайтып, балалардың тезірек сауығып кетуіне мүмкіндік береді.
Қазір ауыр туа біткен патологияларды емдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізілді. Туа біткен диафрагмалық жарығы бар балалардың өмір сүру көрсеткіші – 80-90%, өңеш атрезиясында – 85-95%, гастрошизис кезінде 90%-дан жоғары. Бүгінде ауыр дертке шалдыққан жаңа туған нәрестелерге көмекті құрамына неонаталдық хирург, неонатолог, реаниматолог, кардиолог, генетик және басқа да мамандар кіретін мультидисциплиналық топтар көрсетеді. Мұндай тәсіл нәресте өмірінің алғашқы минуттарынан бастап емдеуді бастауға және медициналық шешімдерді баланың жағдайын жан-жақты бағалау негізінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда салмағы небәрі 500 грамнан басталатын нәрестелерді күтіп-баптау тәжірибесі қалыптасты. Мұндай балалардың өмір сүру көрсеткіші соңғы жылдары төрт есеге өскен. 2025 жылы елде шамамен 17 мың шала туған бала дүниеге келіп, олардың барлығына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіліпті.
Босандыруға көмектесу инфрақұрылымын дамыту жалғаспақ. Қазақстанда 273 қалалық және 152 ауылдық әйелдер консультациясы, сондай-ақ облыстық перинаталдық орталықтар жанындағы 24 консультация жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Үкімет болашақ анаға медкөмектің қолжетімділігін арттыру үшін жаңа нысандар ашуға ниетті.
Үкіметтің мәліметі бойынша тәуелсіздік жылдарында нәресте өлімі 7,5 есеге азайған. Жыл сайын туа біткен даму кемістігі бар 1,5 мыңға жуық жаңа туған нәресте жедел ем алады. 2 мыңға жуық балаға ашық жүрекке ота жасайды. Соңғы жылдары балаларға медкөмек көрсетуге бөлінетін қаржы көлемі екі еседен астам өсіп, 264 млрд теңгеден 585 млрд теңгеге дейін жетті. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесі шығындарының шамамен төрттен бірі балалар денсаулығын сақтауға бағытталады екен.
Сала кемшілігі анаға сор болмасын
Әйтсе де, республикада сәбилердің бәрін бірдей аман сақтап қалу мүмкін болмай тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2021-2025 жылдары 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім көрсеткіші 38,5%-ға қысқарды. Өкінішке қарай, елде әртүрлі себеппен әлі де мыңдаған сәби өліп жатыр. 5 жасқа толмай қайтыс болғандардың саны 2021 жылғы 4,4 мың баладан 2025 жылы 2,7 мың балаға дейін біртіндеп азайды. Олардың жартысынан көбі немесе 1,5 мыңы – ұл балалар.
Жаңа туған 1 мың балаға шаққандағы балалар өлімінің коэффициенті тұрақты төмендеу үрдісін көрсетіп отыр: 2021 жылы әрбір бір мың сәбидің ішінен 9,9 сәби жан тапсырса, былтырғы жыл қорытындысында әрбір мың бөбектің 8,1-і дүние салған. Өңірлік тұрғыдан бұл коэффициент балалар денсаулығын сақтау деңгейінде теңсіздіктің барын паш етті. Мысалы, ірі қалаларда бұл көрсеткіш республикалық орташа мәннен (8,1) едәуір төмен. Астанада коэффициент 6,4 баланы, Алматыда 6,6 баланы құрады. Сондай-ақ төмен көрсеткіш Ақмола облысында байқалды: 5,1. Ұлттық статбюро дерегінше, 2025 жылы балалар өлімінің коэффициенті Қызылорда (10,5) және Ұлытау (10,4) облыстарында тым жоғары болды.
Бұл аймақтарда көрсеткіштер республикалық орташа деңгейден шамамен үш есеге жуық асып түсті. Бірақ тұрғын саны аз болғандықтан, абсолюттік мәнде шетінеген сәбилер саны ең аз өңір – сол Ұлытау облысы (37 нәресте). 5 жасқа толмай өлген балалардың ең көп саны Түркістан облысына тіркелді: 455 бала о дүниелік болған. Демек, жалпы оң динамика бар болғанымен, әрбір қыршын кеткен сәби, ерте үзілген өмір денсаулық сақтау жүйесінде кемшілік барын нұсқайды.
Жоғарыда келтірілген дерек-тер – тарихқа шолу, өткен жылдар көрсеткіші. Қазіргі ахуал қандай? Денсауминнің мәліметі бойынша Қазақстанда 2026 жылдың басынан бері ана өлімі 13%-ға төмендеді. Биылғы сегіз айда бір жасқа дейінгі балалардың арасындағы өлім-жітім жағдайларының саны былтырғыдан 115 жағдайға аза-йыпты.
Алдағы міндеттің ауқымы кең
Осымен сала болды-толды деуге болмайды. Ана мен балаға көрсетілетін медкөмектің сапасын одан ары арттыруда атқарылар іс өте көп. Оны осы аптада Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың өзі тізбеледі. Министр өңірлерге қызметтің кадрлық әлеуетін күшейту, жүктілікке дейінгі дайындықты, антенаталдық бақылауды және сыни жағдайларға дайындықты күшейту, сондай-ақ жергілікті жерлердегі патронаж қызметінің тиімділігін арттыру туралы тапсырма берді. Бұл жерде антенаталдық бақылау дегені – әйелдің жүктілік кезіндегі денсаулығын қадағалап, ұрықтың дұрыс дамуын бағалау және ықтимал қатерлердің алдын алу үшін жүргізілетін медициналық тексерулер мен күтім жүйесі.
– Проблемалар шегіне жеткенде, асқынғанда ғана анықталмауға тиіс. Қауіптер жүктілікке дейін және оны жүргізудің әр кезеңінде анықталуы қажет. Әрбір жүкті әйелдің, әсіресе жоғары қауіп тобындағы ананың медициналық маршруты нақты болуы керек: оны кім бақылайды, қандай тексерулерден өтті, қандай мамандар тартылды және оны қайда уақытылы жіберу қажет? Осыны білуіңіз қажет. Ана мен нәресте өліміне қатысты мәселелер күнделікті жеке бақылауыңызда болуға тиіс, – деді Ақмарал Әлназарова әкімдердің салаға жауапты орынбасарлары мен өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына.
Министр емхана деңгейіндегі жұмыстың сапасына ерекше назар аударуды жүктеді. Себебі дәл осы деңгейде жүктіліктің асқынуына әкелуі мүмкін аурулар және қауіп факторлары уақытылы анықталуға тиіс. Тағы бір басым бағыт – перзентханалар мен балалар ауруханаларын кадрлармен қамту. Өңірлерге екі аптаның ішінде акушер-гинекологтарға, неонатологтарға, балалар реаниматологтарына және патронаждық медицина мейіргерлеріне қажеттілікті айқындап, қолданыстағы әлеуметтік қолдау тетіктерін пайдалана отырып, мамандарды тарту жөніндегі шараларды қарастыру тапсырылды.
Перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларындағы инфекциялық қауіпсіздікке, санитариялық талаптардың сақталуына және медициналық ұйымдардың шұғыл көмек көрсетуге дайындығына ерекше назар аударылмақ. Жүкті әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге және қауіп топтарындағы балаларға медициналық сүйемелдеу сапасын арттыру үшін ДСМ бірыңғай чек-парақтарды әзірлеп жатыр. Сол арқылы емханалардың жұмысын мониторингтеуге арналған негізгі көрсеткіштерді онлайн режимде, цифрлық бақылауға алады.
Нәресте өлімін әрі қарай төмендету үшін өңірлер жаңа туған нәрестелерге патронаж жүргізуді күшейтуге және бейінді медкөмекті қолжетімді етуге міндеттелді. Республикалық ғылыми орталықтар мен медициналық ЖОО-лар өңірлерге практикалық көмекті кеңейтеді. Осы мақсатта олардың мамандары өңірлерге шығуға, күрделі жағдайларды сүйемелдеуге және жергілікті медицина қызметкерлерін оқытуға тиіс. Министр барлық өңірге осы қазан айында ана мен бала денсаулығын сақтау қызметтерін нығайтудың нақты жоспарларын бекітуді тапсырды.
Айхан ШӘРІП










