Өңірдің электр желісі шаруашылығы – ауқымды жүйе. «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның балансында шамамен 21 мың шақырым электр желісі мен 158 қосалқы станса бар. Нысандардың бір бөлігі ондаған жыл бойы пайдаланылып келеді, сондықтан жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуге тиіс. Осы мақсаттарға компанияның инвестициялық бағдарламасы жасақталған. Оның бесжылдық кезеңге арналған жалпы көлемі 3,7 млрд теңгеден асады. 2026 жылға 640,6 млн теңге қарастырылса, қазірге дейін шамамен 338,4 млн теңгесі игерілді.
– Қаражаттың негізгі бөлігі әуе және кабель желілерін реконструкциялауға, қосалқы стансаларды жаңғыртуға, тіректер мен жабдықтарды ауыстыруға бағытталды. Инвестициялық бағдарламаның бекітілген іс-шаралары электр беру желілерін жаңғыртуға және олардың тозу деңгейін төмендетуге бағытталған, – деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Сержан Жаманқұлов.
Биыл жұмыстардың ең үлкен көлемі 10-0,4 кВ кернеулі желілерге тиесілі. 49 шақырымға жуық желіні реконструкциялау жоспарланған, оған 437,7 млн теңге бағытталады. Тағы шамамен 39 млн теңге қосалқы стансаларды жаңғыртуға қарастырылған. Кернеуі 35 және 110 кВ желілерде құны 89 млн теңгеге жуық 116 аралық және анкерлік тірек ауыстырылады. Өлшеу жабдықтары да жаңартылып, электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізілген.
– Бағдарламаның негізгі міндетінің бірі – тозған жабдықтарды жаңарту және электр желілеріндегі апаттарды азайту. Сондай-ақ электр энергиясының техникалық шығындары мен жөндеу және пайдалану шығындарын қысқарту, – деп түсіндірді «Батыс Қазақстан АЭК» ЖШС өндірістік-техникалық қызметінің бастығы Алтынбек Кенжеғалиев.
Тағы бір бағыт – технологиялық байланыс. Радиорелейлік станса орнатуға 49,24 млн теңге қарастырылған. Жабдық қазірдің өзінде орнатылып үлгеріпті. Мысалы, Үлкен Шаған ауылында жергілікті электр желілері 1976 жылы пайдалануға берілген, ал тозу деңгейі 92 пайызға жеткен. Инвестициялық бағдарлама аясында мұнда әуе желілерінің тіректері ауыстырылды. Ескі конструкциялардың орнына 621 жаңа темірбетон тірек орнатылды.
Шағын елді мекендер үшін желілердің жай-күйі аса маңызды. Бір аумақтың зақымдануы бірнеше көшен мен әлеуметтік нысандарды жарықсыз қалдырады. Үлкен Шағандағы жұмыстар – ауқымды бағдарламаның бір бөлігі.
Әйтсе де, электр желілерін жаңғырту ескірген жабдықтарды ауыстыра салу емес. Бүкіл жүйені тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін техникалық база қалыптастыру керек. Ол жүйелі жұмыс пен инвестицияны талап етеді. Ал желісі өте ұзын өңір үшін бұл – кезең-кезеңімен атқарылатын іс.
Нәтижесінде, өңірде заманауи әрі тұрақты электрмен жабдықтау жүйесі қалыптасады. Жаңғыртылған әрбір шақырым желі, орнатылған әрбір тіректің артында нақты тұтынушы, яғни халық тұр. Олар үшін электр энергиясының тұрақты жеткізілуі маңызды бола бермек.
Аида ҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облысы










