Доданың алғашқы кезеңдерін бірқатар медальмен түйіндеген спортшыларымыз араға бірнеше күн салып жүлде санын 30-ға жеткізді. Қазір ұлттық құраманың еншісінде 8 алтын, 8 күміс және 14 қола бар.
Атой салған спортшылар
Алғашқы күнгі төрт алтыннан кейін жеңісті жолды аралас жекпе-жек шеберлері жалғады. Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енген спорт түрінде қазақстандықтар бірден өз сөзін айтты. 77 келіде сынға түскен Еркінғали Бүркіталин финалда Бахрейн өкілі Мухаммад Набиевпен кездесті. Үш раундқа созылған айқаста қарсыласынан басым түскен қазақстандық спортшы төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті. Осылайша, Азия ойындарының аралас жекпе-жектен тұңғыш чемпиондарының бірі атанды.
Көп ұзамай жеңіс тұғырына Қадырбек Шынбаев көтерілді. 71 келіге дейінгі салмақтың финалында тәжікстандық Бехруз Хуршедзодамен қолғап түйістірген отандасымыз қарсыласына мүмкіндік берген жоқ. 3:0 есебімен аяқталған айқас Қазақстан қоржынына тағы бір алтын салды. Бұған дейін каратэшілер қос алтын әкелсе, бұл жолы жекпе-жек шеберлері сол дәстүрді жалғады. Оның үстіне Азия ойындарына алғаш қосылған спорт түрінен бірден екі чемпионның шыққаны көңіл қуантып отыр.
Луценко рекорд жаңартты
Ал Алексей Луценко Аичи-Нагояға жай ғана кезекті жүлде үшін келмегенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алғашқы жарыс күнінде жекелей сында топ жарған тәжірибелі велошабандоз бірнеше күннен кейін топтық жарыстың да басты қаһарманына айналды. Мәреге бірінші жеткен Луценко осы Азиададағы екінші алтынын мойнына тақты. Оның командаласы Евгений Федоров та үздіктер қатарынан көрініп, күміс жүлдеге ие болды. Бұл жеңістің салмағы бір алтынмен ғана өлшенбейді. Луценко Азия ойындарындағы алтын медаль санын алтауға жеткізіп, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жазғы Азия ойындарында ең көп чемпион атанған спортшы болды. Бұған дейін бұл көрсеткіш бойынша каноэші Константин Негодяев алда тұрған еді. 34 жастағы спортшының Аичи-Нагоядағы өнері тәжірибенің әлі де шешуші рөл атқаратынын көрсетті. Бір Азиадада жекелей және топтық жарыста қатарынан екі алтын алу – екінің біріне бұйыра бермейтін нәтиже.
Жапониядағы сегізінші алтынның жөні тіпті бөлек. Академиялық ескек есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин ерлер арасындағы рульсіз екі адамдық қайық жарысында мәреге бірінші келді. Қазақстандық жұп 6 минут 25,13 секунд нәтиже көрсетіп, қарсыластарын артта қалдырды.
Бұл жеңіспен бірге Қазақстан спортының тарихына жаңа жол жазылды. Өйткені бұған дейін еліміздің спортшылары академиялық ескек есуден Азия ойындарында алтын алып көрмеген еді. Яковлев пен Чернухин сол олқылықтың орнын толтырып, Қазақстанға осы спорт түріндегі алғашқы Азиада алтынын сыйлады.
Байдарка мен каноэде де жүлдесіз қалған жоқпыз. Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкая 500 метрге жарыста күміс жүлдеге қол жеткізсе, Сергей және Тимофей Емельяновтар екілік каноэде қола алды. Кейін Шмелева, Стелла Суханова, Токарницкая және Эвелина Костенко төрттік байдаркамен жарыста тағы бір қола қосты.
Санаулы ұпай шешкен сын
Азиаданың кейінгі күндерінде күміс жүлделердің де қатары көбейді. Кейбірінде алтынға санаулы ұпай, кейбірінде бір ғана белдесу жетпей қалды.
Спорттық гимнастикада Милад Карими еркін жаттығуда 14,600 ұпай жинады. Чемпиондық атақтан оны небәрі 0,066 ұпай бөліп тұрды. Дегенмен Каримидің күмісі қазақ гимнастикасы үшін елеулі нәтиже. Қазақстан спортшылары Азия ойындарында еркін жаттығудан 32 жылдан бері жүлде ала алмай келген еді. Семсерлесуші Кирилл Проходов та алтынға өте жақын барды. Шпага шебері финалда Париж Олимпиадасының чемпионы жапониялық Коки Каномен кездесті. Қос спортшының тартысы соңына дейін жалғасып, 13:15 есебімен аяқталды. Проходовқа күміс бұйырды. Ушу-саньда шебері Абдурашид Абдуллаев та финалға дейін жетіп, 75 келіде күміс жүлде алды. Жеңіл атлетикада Кристина Морозова жартылай марафон қашықтығындағы спорттық жүрістен екінші орынға тұрақтады.
Стенд атудан Әсем Орынбай, Зоя Пискун және Адель Садақбаевадан құралған әйелдер құрамасы скиттен күміс алды. Әсем мұнымен тоқтаған жоқ. Кейін жекелей сынның финалында да үздік үштікке кіріп, қола медальді қоржынға салды. Жүлденің түсі қола болғанымен, оған жетер жолдың жеңіл болмағанын жекелеген нәтижелерден-ақ байқауға болады. Семсерлесуші Артем Саркисян ширек финалда Париж Олимпиадасының чемпионы оңтүстіккореялық До Гёндонды 15:14 есебімен жеңіп, көпшілікті елең еткізді. Жартылай финалда тағы бір атақты қарсыласы, үш дүркін Олимпиада чемпионы О Сан Укпен жолы түйісті. Бұл жолы кореялық спортшы басым түсіп, Саркисян қола жүлдемен тоқтады.
Каратэде Бэлла Самашева мен Нұрқанат Әжіқанов үшінші орыннан көрінді. Самашеваның жүлдеге жетер жолында Ханчжоу Азия ойындарының чемпионы, өзбекстандық Севинч Рахимованы жеңгенін де атап өткен жөн. Аралас жекпе-жектен Санжар Әділов, ушу-саньдадан Әлижан Аблағатов та Қазақстан қоржынына қола салды. Жеңіл атлетикада Алина Чистякова жетісайыста 5568 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндеді. Сырықпен секіруші Полина Иванова 4,15 метр биіктікті бағындырып, қола жүлдеге қол жеткізді. Нысана көздеуден Ислам Сәтпаев 50 метрден мылтықпен үш қалыпта ату сайысында үшінші нәтиже көрсетті. Ал әйелдер арасындағы командалық шпагада София Николайчук, Ирина Бакалдина, Дарья Самоделкина және Владислава Андреева қола жүлдегер атанды.
Алтыннан айырған аяқкиім
Дегенмен биылғы Азиада Қазақстан спорты үшін жеңістермен қатар, өкінішті оқиғамен де есте қалғалы тұр. Күні кеше әйелдер арасындағы 42,195 шақырымдық марафондық спорттық жүрісте Ясмина Тоқсанбаева 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтижемен мәреге бірінші жеткен еді. Ол екінші келген қытайлық Даньцзэн Цюйцзуннан төрт минутқа жуық уақыт бұрын келді. Алайда Қазақстан қоржынына түсті деген алтынның қуанышы ұзаққа созылмады. Жарыстан кейін Тоқсанбаеваның аяқкиіміне қатысты наразылық түсіп, нәтижесі тексеріске алынды. 28 қыркүйекте Азия Олимпиадалық кеңесі қазақстандық спортшының нәтижесін жойып, жарыстан шеттетілгенін жариялады.
Ресми мәліметте бұған World Athletics-тің спорттық аяқкиімге қатысты техникалық талабын бұзу себеп болғаны көрсетілген. Халықаралық ереже бойынша жарысқа қатысушы спортшының аяқкиімі белгіленген техникалық стандарттарға сай болып, рұқсат етілген үлгілер қатарына енуге тиіс. Ясминаның нәтижесі жойылғаннан кейін бастапқыда екінші келген Даньцзэн Цюйцзун Азия ойындарының чемпионы атанды. Қытайлық Ма Ли күміске көтерілсе, жапониялық Юкико Умено қола жүлдеге ие болды.
Спорт сарапшысы Аслан Қаженов бұл жағдайды спортшының ғана емес, оған жауапты мамандардың да елеулі олқылығы деп бағалайды. Оның айтуынша, мұндай жарыстарда спортшы допинг қолданғаны немесе спорттық жүріс тәртібін бұзғаны үшін жарыстан шеттетілуі мүмкін. Ал Ясмина қашықтықты ереже аясында жүріп өтіп, қарсыластарынан айқын басым түскен.
– Ясмина Тоқсанбаева алтынынан болмайтын қателіктен айырылды. Жарыс алаңына киетін аяқкиім дұрыс таңдалмаған. Қазақ қызы қашықтықты таза өтіп, айқын басымдықпен жеңді. Бірақ қолда тұрған алтыннан айырылып отыр. Жеңіл атлетика федерациясы мұны неге алдын ала ескермеді, спортшы неге талапқа сай аяқкиіммен қамтамасыз етілмеді? Осындай жағдайда жауапты мамандар спортшының мүддесін қорғау үшін жедел әрекет етуге тиіс еді, – дейді Аслан Қаженов.
Сарапшы көтерген сауалдың жаны бар. Азия ойындары секілді ірі додаға спортшы жалғыз бармайды. Оның жанында бапкерлер, федерация өкілдері мен өзге де мамандардан құралған тұтас команда жүреді. Сондықтан жарыс киімінен бастап аяқкиімге дейінгі әрбір ұсақ-түйек халықаралық талаптарға сәйкестігі жағынан алдын ала тексерілуге тиіс.
Жапониядағы Азия ойындарының соңғы нүктесі әзірге қойылған жоқ. Аичи-Нагоядағы аламанның ең қызған шағы енді келді. Алда қазақ жанкүйері айрықша үміт артатын бокс пен дзюдо бар. Алғашқы мақалада бес алтын күтуге негіз бар деп бағаланған боксшылар енді шаршы алаңда сол болжамның қаншалықты дәл екенін көрсетуі керек.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ










