Еңбек адамы, ең алдымен, туған елінің жарқын келешегі үшін аянбай жұмыс істейтін адам екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен еді. Осы орайда «Әділет» партиясы ұйымдастырған экскурсия аясында оқушылар матаны дайындау, пішу, тігін машиналарымен жұмыс істеу және өнім сапасын бақылау үдерісіне зер салды.
Сондай-ақ олар кәсіпорындағы жабдықтармен танысып, тігін өндірісінде еңбек етуді көздеген адамға қандай дағдылар қажет екенін ұғынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экскурсиялар жұмысшы мамандықтарымен тікелей танысуға мүмкіндік береді.
– Әрбір дайын өнімнің артында еңбек адамының білімі, тәжірибесі мен шеберлігі тұрады. Сондықтан мұндай экскурсиялар болашақта өз мамандығын таңдайтын оқушылар үшін аса маңызды, – деді «Әділет» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының басшысы Қалия Төренова.
Өз кезегінде, цех қызметкерлері қандай жұмыс атқаратындарын айтып, оқушылармен ой бөлісті. Мәселен, тігінші Ирина Полховская осы салада 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, осы жылдар аралығында құрал-жабдықтар мен технология айтарлықтай өзгергенімен, жұмыс сапасы әрдайым қызметкердің еңбегіне, оның білімі мен шеберлігіне байланысты болып қала береді.
– Тәжірибе уақыт өте келе жиналады. Ең бастысы, адам өз жұмысын жақсы көруі керек. Қазір технологиялар көбейді. Алайда бұл мамандықта адам еңбегін ештеңе алмастыра алмайды, – деді Ирина Полховская.
Тігін цехында өткізілген экскур-сия – Еңбек күніне орай ұйымдастырылған кәсіптік бағдар беру іс-шараларының алғашқысы. Апта соңына дейін түрлі мектеп оқушылары тағы бірқатар кәсіпорын мен өрт сөндіру бөліміне барады.
Бекбол АМАНГЕЛДІ









