Үнзила Шапақ: «Конституциялық құндылықты азаматтардың санасына орнықтыру қажет»

«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Үнзила Шапақ фракция депутаттары атынан Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Депутат қоғамда конституциялық құндылықтарды орнықтыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, жаңа заңдар мен мемлекеттік институттарды жаңғырту реформалардың орнықтылығы үшін жеткіліксіз.

– Алайда жаңа заңдар мен жаңғырған мемлекеттік институттардың өзі жеткіліксіз. Реформалардың орнықтылығы қоғамдағы ортақ құндылықтарға, азаматтардың заңға құрметіне, мемлекетке деген сенімі мен жеке жауапкершілігіне байланысты, – деді Үнзила Шапақ.

Депутат осы уақытқа дейін конституциялық құндылықтарды құқықтық тұрғыдан бекітуге, қорғауға және оларға кепілдік беруге басымдық берілгенін атап өтті.

– Ендігі міндет – сол құндылықтарды азаматтың санасына, мінез-құлқына және күнделікті өміріне орнықтыру. Өйткені Конституцияның қуаты оның нормаларының сақталуымен ғана емес, ондағы құндылықтардың азаматтың ішкі ұстанымына айналуымен де өлшенеді, – деді ол.

Үнзила Шапақ «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында айқындалған құндылықтарға да тоқталды.

– «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында айқындалған әділет, заңға бағыну, жауапкершілік, еңбекқорлық, прогресс және патриотизм қоғамдық қатынастардың нақты қағидаларына айналуы тиіс. «Заң және Тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» бастамаларын да бір-бірінен бөлек науқандар емес, ортақ құндылықтар жүйесінің құрамдас бөліктері ретінде қарастырған жөн, – деді депутат.

Ол әлемдік тәжірибеде конституциялық мәдениет тек құқықтық нормалар арқылы қалыптаспайтынын айтты.

– Германияда конституциялық құндылықтарды қорғау демократиялық құқықтық мемлекеттің маңызды негіздерінің бірі ретінде қалыптасқан. Сингапур ұлттық бірегейлік пен азаматтық жауапкершілікті ортақ құндылық ретінде білім беру жүйесі арқылы орнықтырады. Финляндия азаматтық білім, медиасауаттылық пен сыни ойлау арқылы ортақ құндылықтардың күнделікті өмірде көрініс табуына мән береді. Бұл тәжірибелерге ортақ қағида – құндылықтарды декларация немесе ұран деңгейінде қалдырмай, мемлекеттік саясат пен қоғамдық өмірдің нақты мазмұнына енгізу, – деді Үнзила Шапақ.

Осыған байланысты депутат Мәдениет және ақпарат министрлігіне үш бірдей ұсыныс білдірді.

 

1. Конституциялық құндылықтарды қоғамда орнықтырудың мазмұны мен тәсілдерін жаңартып, оларды білім беру, мәдениет, БАҚ және цифрлық коммуникация салаларында іске асырудың нақты тетіктерін әзірлеуді;

2. Конституциялық құндылықтардың қоғамдық санада қаншалықты орныққанын, азаматтардың оларды қалай қабылдайтынын және күнделікті мінез-құлқында қалай көрініс табатынын тұрақты зерделейтін ғылыми-сараптамалық жүйе қалыптастыруды;

3. Конституциялық құндылықтарды ішкі саясаттың барлық бағыттарына енгізудің бірыңғай тәсілін әзірлеп, мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды жоспарлау және бағалау кезінде олардың құндылықтық мазмұны мен қоғамға ықпалын міндетті өлшем ретінде белгілеуді ұсынамын, – деді депутат.