Бұған егін орағымен қабаттасып электр энергиясының бірден күрт қымбаттауы себеп болған. Электр тарифінің 48,51 теңгеден бірден 70,18 теңгеге дейін өскенін айтқан кәсіпкерлер «электрдің бағасы ғана өспейді, ұн тарту, нан пісіру, сауда қызметтерінің құны да құбылады» деп алаңдайды. Ал 88 кәсіпкер қол қойған алғашқы өтініштерден кейін мәселе аудан шеңберінен республикалық деңгейдегі күн тәртібіне шықты.
Өңір кәсіпкерлерінің мәліметінше, Ақмола облысында бірқатар бизнес субъектісі үшін электр энергиясының тарифі 48,51 теңгеден 70,18 теңгеге дейін өскен. Бұл – шамамен 44,7 пайыздық өсім. Ал жекелеген шаруашылықтарда өсім басқа деңгейде көрініп отыр. Мәселен, «Камышенка» шаруашылығының атқарушы директоры Уәлихан Ілдебаев кәсіпорнында тарифтің 48 теңгеден 65 теңгеге дейін көтерілгенін айтқан. Яғни мұнда өсім шамамен 35 пайыз. Бұл екі көрсеткіш бір-біріне қайшы көрінгенімен, кәсіпкерлердің дені тарифтің әртүрлі санаттағы тұтынушыларға әртүрлі қолданылып отырғаны жөнінде мәселе көтерді. Демек, әңгімені «тариф 35 пайызға өсті» немесе «44,7 пайызға өсті» деп бір ғана санмен шектеу дұрыс емес. Нақты мәселе – қай кәсіпорынға қандай тариф, қандай санат бойынша және қандай негіздемемен белгіленді?
Бұл сұрақтың жауабы ашық әрі түсінікті болуға тиіс. Өйткені кәсіпкер үшін тариф кестесіндегі бір теңгенің өзі бухгалтерлік есепте миллиондарға айналуы әбден мүмкін. Мәселен, Ақмола облысының Астрахан ауданындағы «Гендик В.В.» шаруа қожалығының жетекшісі Вероника Гендик өз есебін нақты цифрмен көрсеткен. Шаруа қожалығының иесі электр энергиясының бұлай күрт көтерілуі аса қомақты шығын әкелетінін айтып шырылдап отыр.
– Біздің шаруашылықтың жылдық электр тұтынуы шамамен 130 308 кВт·сағат. Бұрынғы 48,511 теңге тарифпен жылдық шығын шамамен 6,32 миллион теңге болса, 70,180 теңгелік тариф кезінде бұл сома 9,14 млн теңгеге жуықтайды. Арадағы айырма – жылына шамамен 2,83 млн теңгеге шығып отыр. Осылайша, шаруашылықтың қосымша қаржылық жүктемесі тек электр энергиясының өскен тарифі есебінен ғана 2,83 миллион теңгеге жетеді. Оған қоса, егін орағы кезінде электр энергиясын тұтыну көлемі де айтарлықтай өседі, – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Вероника Владимировна.
Астық орағы кезінде электр тұтыну көлемі бірден ұлғаятыны анық. Өткен жылы аталған шаруашылық тамызда 24 222 кВт/сағат, қыркүйекте 43 498 кВт/сағат электр энергиясын пайдаланған. Яғни электр энергиясы ең қажет кезеңде оның бағасы да аспанға шыққан. Бұл – ауыл шаруашылығы үшін жай ғана арифметика емес, өзіндік құнның есебі. Жиналған астықты реттеу үшін кептіргіш жұмыс істейді. Желдеткіш айналады. Тазалау қондырғысы іске қосылады. Қойма мен элеватор тоқтамайды. Мұның бәрі электр энергиясын қажет етеді. Ал оның құны өнімнің өзіндік құнына кірмей қалмайды.
Бұл түйткіл бір өңірді ғана емес, тұтас республикаға да аса елеулі қиындық келтіруі әбден мүмкін дейді сарапшылар. Биыл облыста жалпы егіс алқабының көлемі 5,6 млн гектарға жеткен. Оның 4,5 млн гектары дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға тиесілі. Майлы дақылдардың алқабы да айтарлықтай ұлғайып, 715 мың гектарға дейін жеткізілген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне қарағанда, өңірде жаңа өнімді қабылдауға 67 астық қабылдау кәсіпорны мен жалпы сыйымдылығы 7,3 млн тоннаны құрайтын 1,5 мыңға жуық қойма дайындалған. Яғни электр тарифіндегі өзгеріс бір фермердің шаруашылығында қалып қоймайды.
Астық кептіру тегін емес
Атбасар ауданындағы кәсіпкерлердің айтуынша, электр энергиясының қымбаттауы элеваторларға да тікелей аса ауыр соққы болып отыр. Элеватор – астықты қабылдап алып, оны жай ғана қоймаға тығып қоятын орын емес. Мұнда қабылдау, түсіру, тазалау, кептіру, сақтау, тиеу және жөнелту сияқты бір-бірімен байланысқан бірнеше технологиялық процесс бар. Электр энергиясының қымбаттауы осы қызметтердің өзіндік құнын сөзсіз арттырады. Ал элеватордың шығыны артса, оның қызмет құны да қайта қаралады. Кәсіпкерлердің мәліметінше, Атбасар ауданындағы бірқатар элеватор бұрын жасалған шарттарды қайта қарауға және қызмет тарифтерін өзгертуге мәжбүр болып отыр.
Ұн тарту өнеркәсібіндегілер де ащы жанайқайын айтпай қалмады. Кәсіпкерлердің мәліметінше, ұн өндірушілер үшін тариф 39,83 теңгеден 52,20 теңгеге дейін өскен. Бұл да елеулі өсім екені даусыз.
– Диірмен кәсіпорны үшін электр энергиясы қосалқы ресурс емес. Ұн тартатын жабдық, тасымалдау жүйелері, желдету, тазалау және басқа да өндірістік процестің бәрі электр энергиясына тәуелді. Сондықтан тариф өскен кезде кәсіпорынның айналым қаражатына қысым күшейеді. Бұл дайын өнімге, азық-түлік өндірісіне аса қатты әсер етеді. Шаруалар өз өнімдерін айтарлықтай жоғары бағаға көтеруге мәжбүр болады. Бұл бірқатар шаруашылықтың жұмысшыларының қысқартылуына, тіпті іргелі дейтін ауыл шаруашылық кәсіпорындарының жабылуына да әкеліп соғады, – дейді «Атбасар ауданының ұн өндірушілері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Динмагомед Асаев.
Кәсіпкерлердің алаңдауы тек тарифтің өзіне қатысты емес. Олар тарифті белгілеу тәртібінің ашықтығын да сұрап отыр. Атап айтқанда, бизнес өкілдері тарифтің өзгеруі туралы тұтынушыларды алдын ала хабардар ету, жария тыңдаулардың өткізілуі, энергиямен жабдықтау шарттарының талаптары және электр энергиясын тұтынушылардың құқықтары мәселелерін көтерген.
© коллаж: Елдар ҚАБА
Тағы бір өткір мәселе – өндірістік және қосалқы объектілерді бөлу. Кәсіпкерлердің айтуынша, кейбір жағдайда қойма, тиеу-түсіру пункті, зертхана, бақылау-өткізу пункті сияқты нысандар өндірістік объектіден бөлек қарастырылып, тарифті есептеу кезінде басқа санатқа түсірілуі мүмкін. Бизнес өкілдері бұған үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Олардың уәжі түсінікті. Толық өндірістік циклмен жұмыс істейтін кәсіпорын үшін зертхана болмаса, сапаны бақылау жоқ. Қойма болмаса, сақтау жоқ, тиеу-түсіру пункті болмаса, логистика жоқ. Яғни бір ғимарат негізгі өндіріс болса, екіншісі қосалқы нысан деген әкімшілік жіктеу технологиялық процестің тұтастығын әрдайым көрсете бермеуі мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлер бұл талаптардың заңдылығы мен экономикалық негізділігіне құқықтық баға беруді сұрап отыр.
Министрлік өкілдері не дейді?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазіргі позициясынан көрінетіні – Ақмола агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, өндірісті әртараптандыруға, техника жаңартуға және өнімді өткізу инфрақұрылымын күшейтуге басымдық беріліп отыр. Вице-министр Азат Сұлтанов Ақмола фермерлерімен кездесуінде өңірдің ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі жеті айда 5,3 пайызға өскені, ауыл шаруашылығының облыстың жалпы өңірлік өніміндегі үлесі 15 пайызға жеткені айтылды. Сонымен бірге биыл 668 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне 93,8 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржы берілген.
Ал облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы электр энергиясы тарифінің өсуі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қатты әсер ете қоймайды деп есептейтінін жеткізді.
– Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың қазіргі деңгейі шаруалар үшін аса қолайлы болып отыр. Мәселен, «Кең дала 2» бағдарламасымен қосалқы бөлшек, жанармай, тыңайтқыштар басқа да қажеттіліктері үшін жеңілдетілген несиені қараша-желтоқсан айларынан бастап алатын болды. 131 миллиард теңгеден астам қаражат берілді. Оны бірден беруден де босатылды. Бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылып отыр. Биылғы егіннің сапасы да аса жоғары. Бидайдың басым бөлігі 2-3 класты көрсетсе, арпаның да сапасы жоғары болып отыр. Биыл жылдағыдай емес, ылғал көлемі масақтану кезінде қалыпты деңгейден азырақ болса да, өнім көлемі жақсы. Гектарынан орташа 13,5 центнерден айналып отыр. Мұндай ауа райы 1998 жылы және 2010 жылдары болған. Бірақ ол кездері астық өнімділігі небәрі 3,7, 5,8 центнерден ғана болған. Мұның бәрі мемлекеттік қолдаудың дер кезінде берілуінің арқасында дер едім. Қазір шаруалар 51 миллиард теңгеге дейін лизингтік техникаларды 5 пайыздық мөлшермен алып жатыр. Сондықтан электр энергиясы бағасының өсуі шаруаларға онша қатты елеулі кедергі тудырмауға тиіс, – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.
Дегенмен кәсіпкерлердің пікірінше, астық бағасы төмендеп, ал өндіріс шығыны өскен жағдайда кейбір шаруашылықтардың «Кең дала» бағдарламасы бойынша банктер алдындағы және лизингтік міндеттемелерін орындауы қиындауы мүмкін. Бұл әсіресе егіннің өзіндік құны мен нарықтық бағасы бір-біріне кереғар бағыт алған кезде маңызды.
Шаруаның қымбат электр энергиясы үшін төлем жасауына тура келеді. Элеватор қымбаттайды. Диірмен қымбаттайды. Ал астықтың нарықтық бағасы сол қарқынмен өспесе, шығынның бір бөлігі фермердің мойнында қалады.
Міне, мемлекеттік органдардың алдында тұрған ең басты міндет – тарифтің экономикалық негізін ашық көрсету, оның ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік маңызы бар өндірістерге әсерін есептеу және кәсіпкерлердің құқықтары сақталғанына нақты көз жеткізу. Ақмола биыл 5,6 млн гектар жерге егін екті, енді сол егінді шаруалар артық шығынсыз жинап біткені жөн.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы









