Қарттарға қамқорлық көрсетті

Жастар Кеңөзек ауылының байырғы тұрғыны Меруерт Әділ­баеваның үйіне арнайы барып, ауласын ретке келтірді. Олар қу­раған шөпті жұлып, айналаны қоқыстан тазартып, қарияның күн­делікті тұрмысына қажетті жұ­мыстарды атқаруға қолғабыс етті.

Акцияның негізгі мақсаты – аға буынға құрмет көрсету, кө­мекке мұқтаж жандарға қолдау білдіру және жастар арасында қа­йырымдылық пен жанашырлық құндылықтарын кеңінен наси­хат­тау. Игі бастама жастардың қо­ғамдық жауапкершілігін арт­тырып қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға да бағытталған.

– «Жастар Рухы» мұндай игі істерге әрдайым белсенді атса­лысады. Кеше Құрманғазы ауда­нында белсенді жастар мүгедектігі бар азаматтың үйінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, ас әзірлеуге көмектесті. Бүгін Атырау қала­сында осы игі істі жалғастырып отырмыз. Мұндай жұмыстар бір күнмен шектелмейді. Жастар көмекке мұқтаж жандарға әрда­йым қол ұшын созуға дайын, – деді «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы «Жастар Ру­хы» жастар қанатының кеңесшісі Бекарыс Закария.

Өз кезегінде Меруерт әжей жастардың қамқорлығы мен ықы­ласына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

– Атыраулық жастар бүгін үйіме ат басын тіреп, ауламды та­залап, үлкен көмек көрсетті. Олар­дың үлкенді сыйлап, мұқтаж жанға қол ұшын созып жүргені көңіл қуантады, – деді Меруерт Әділбайқызы.

Айта кету керек, «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы аясындағы мұндай шаралар үлкенге құрмет көрсетуге, қоғамдағы өзара қолдау мен мейірімділік мәдениетін қа­лыптастыруға мүмкіндік береді. Атыраулық жастар алдағы уақытта да мұндай игі істерді жалғас­тырмақ.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы