Қазақстанда биржалық сауданың жаңа талаптары күшіне енді

Осы міндетті іске асыру үшін Сауда және интеграция министрлігі биржалық сауданың ашықтығын арттыру, бәсекелестікті дамыту және тауар нарықтарында бағаның тиімді қалыптасуына жағдай жасау бағытында жұмыс жүргізіп келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бүгінде Қазақстанда үш тауар биржасы жұмыс істейді. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар биржалық тауарлар «Тауар биржасы «Еуразиялық сауда жүйесі» АҚ және «Тауар биржасы «Каспий» АҚ арқылы саудаланады.

Ұлттық реттеу жүйесі жетіліп жатыр

2024 жылдың 30 желтоқсанында биржалық сауда мен кәсіпкерлік мәселелеріне қатысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң қабылданды.

Өзгерістердің негізгі мақсаты – биржалық сауданы мемлекеттік реттеуді күшейту, бағаны қолдан көтеру мен нарық қатысушыларының сөз байласу тәуекелдерін азайту және барлық қатысушыларға биржалық саудаға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Айта кеткен жөн, биржада стандарттарға сай келмейтін тауарларды сатып алу мүмкіндігі алынып тасталды. Мүшелік жарналарға бірыңғай талаптар енгізілді. Тауар биржаларының қаржылық тұрақтылығына қойылатын талаптар күшейтіліп, резервтік және кепілдік қорларын құру қарастырылды.

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап тауар биржаларының, брокерлер мен клирингтік орталықтардың жұмысына мемлекеттік бақылауды күшейтетін жаңа талаптар қолданысқа енгізілді.

Биржалық брокерлер мен клирингтік орталықтардың қызметіне лицензия алу міндеттелді. Белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда лицензияны уақытша тоқтату немесе одан айыру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар брокерлер мен клирингтік орталықтар қаржылық мониторинг субъектілерінің қатарына енгізілді.

Клирингтік инфрақұрылымды дамытуға да ерекше мән беріліп отыр. Клирингтік механизм биржада жасалған мәмілелер бойынша тараптардың міндеттемелерін анықтап, есеп айырысуды ұйымдастыруға және сатып алушы мен сатушының өз міндеттемелерін орындауына кепілдік беруге мүмкіндік береді.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап клирингтік қызметті реттейтін толық жүйе жұмыс істей бастады. Оның ішінде міндетті лицензиялау және мемлекеттік бақылау қарастырылған.

Сонымен қатар биржалық саудаға адал емес қатысушылардың тізілімін қалыптастыру көзделді. Сауданың ашықтығына және жасалған мәмілелер туралы ақпаратты сақтау тәртібіне қойылатын талаптар да күшейтілді.

Әлеуметтік маңызы бар тауарларды саудалаудың арнайы тәртібі белгіленді. Мұндай тауарлар Үкімет конкурс нәтижесінде айқындаған тауар биржаларында сатылады.

Бұл әлеуметтік маңызы бар тауарлар саудасын тиісті талаптарға жауап беретін биржалық алаңдарға шоғырландыруға және нарық қатысушылары үшін ашық әрі бәсекелі жағдай жасауға мүмкіндік береді.

АХҚО аясында биржалық инфрақұрылым дамып келеді

Ұлттық деңгейдегі өзгерістермен қатар, ұйымдастырылған сауданы дамытуға қажетті жағдайлар «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) юрисдикциясы аясында да жасалған.

АХҚО-да тауар активтері мен туынды қаржы құралдарымен ұйымдастырылған сауда жүргізуге арналған жеке реттеу жүйесі қалыптасқан.

Тауарлық деривативтермен жасалатын операцияларды реттейтін тиісті талаптар белгіленген. Олар металдар, ауыл шаруашылығы өнімдері, энергия ресурстары және экологиялық құралдармен байланысты қаржы құралдарын да қамтиды. 

Бұл реттеу жүйесі сауда алаңдарына, баға белгілеуге, есеп айырысуға және нарықтағы манипуляциялардың алдын алуға қойылатын талаптарды қамтиды.

Осылайша, Қазақстанда ұйымдастырылған тауар нарықтарының заманауи инфрақұрылымы ұлттық деңгейде де, АХҚО аясында да кезең-кезеңімен дамып келеді.

Бұл биржалық сауда құралдарын кеңейтуге, тауар нарықтарының ашықтығын арттыруға, жаңа қатысушыларды тартуға және халықаралық сауданы дамытуға мүмкіндік береді.

Ескерте кететін жайт, АХҚО аясындағы биржалық инфрақұрылымды дамыту шеңберінде АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті ETSE Ltd. компаниясына көпжақты сауда алаңы (MTF) ретінде қызмет көрсетуге лицензия берді.