Ауыл шаруашылығының әлеуеті артты

Қалада егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығы, жылыжай өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу бағыттарына басымдық берілуде. Бүгінде Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы дақылдары 21,1 мың гектар жерге егілген. Нәтижесінде жыл сайын 80 мың тоннадан астам өнім жиналуда. Оның ішінде 6,4 мың гектарға дәнді дақылдар, 3 мың гектарға майлы дақылдар, 9,8 мың гектарға малазықтық дақылдар, 1,8 мың гектарға кө­кө­ніс және бақша өнімдері ор­наластырылған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен «Шымкентте егін жинау науқанының қорытындылары және ауыл шаруашылығын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы» баспасөз конференциясында Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбеков мәлімдеді.

Дәнді дақылдардың негізгі бөлігін бидай мен арпа құрайды. 5,3 мың гектарға бидай, 1,1 мың гектарға арпа егілсе, орташа өнімділік гектарына 15-20 центнерді құрайды. Мақсары егілген 3 мың гектар алқаптың орташа түсімі гектарына 10,8 центнер шамасында. Ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру үшін заманауи технологияларды енгізуге де ерекше көңіл бөлініп отыр. Қала аумағында жалпы көлемі 140 гектар болатын заманауи жылыжай кешендері жұмыс істейді. Оның 93 гектары өнеркәсіптік, 47 гектары фермерлік жылыжайларға тиесілі. Сонымен қатар 53 шаруашылық тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын қолданып, шамамен 340 гектар жерде өндіріс тиімділігін арттыруда. Бұл тәсілдер су ресурстарын үнемдеумен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау да саланың дамуына серпін беруде. 2026 жылы егін шаруашылығын қолдауға жергілікті бюджеттен 863,3 млн теңге қарастырылған. Оның ішін­де минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға 75 млн теңге, жылыжай­лардың коммуналдық шығындарын арзандатуға 767,8 млн теңге, тұқым шаруашылығын дамытуға 20,5 млн теңге бағытталған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көктемгі және күзгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізуі үшін 491 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Оның 312 тоннасы көктемгі, 179 тоннасы күзгі дала жұмыстарына арналған.

Айта кетейік, сонымен қатар сала­ның маңызды бағыттарының бірі – мал шаруашылығы. Бұл бағытта да оң динамика байқалады. Атап айтқанда, сүт өндіру көлемі 5,2 пайызға артып, 45,8 мың тоннаға жеткен. Тауық жұмыртқасын өндіру 1,5 пайызға өсіп, 134,1 млн дананы құрады. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қала аумағында 95,3 мың бас ірі қара, 116 мың бас ұсақ мал, 20,8 мың бас жылқы және 1,1 млн бас құс тіркелген. Жалпы, биылғы жылдың жеті айында Шымкенттің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 34,3 млрд теңгеге жетті. Нақты көлем индексі 104,4 пайызды құрады. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 27,7 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,8 пайызды, ал өсімдік шаруашылығы 6,2 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 116,8 пайызды көрсетті.

Агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы жаңа өндіріс орындарын іске қосуға және қолданыстағы кәсіпорындардың қуатын арттыруға жол ашып отыр. Биыл қуаттылығы жылына 4,3 мың тонна болатын тауарлы сүт фермасы өндірісін кеңейтуде. Сондай-ақ екі заманауи жылыжай кешені мен екі жұмыртқа бағытындағы құс фермасында өндірістік қуатты арттыру жұмыстары жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымы да біртіндеп нығайып келеді. Қалада жалпы сыйымдылығы 125,5 мың тонна болатын 8 заманауи көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді. Олардың жалпы аумағы 72,2 мың шаршы метрді құрайды. Бұл нысандар маусымдық өнімді сақтап, оны жыл бойы тұтынушыларға жеткізуге мүмкіндік береді.

Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі – «СҚО тәжірибесі» бағдарламасы аясында жүзеге асқан, сыйымдылығы 90 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы. Жоба республикалық бюджеттен 1 млрд теңге көлемінде қаржыландырылған. Бағдарлама аясында тағы бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Нур Алем» ЖШС-ның 2,5 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы, «Эгамназаров» жеке кәсіпкерлігінің 4,3 мың тонналық тауарлы сүт фермасы және «Аймар құс» ЖШС-ның жылына 100 млн дана жұмыртқа өндіретін кәсіпорны республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылып, қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту көрсеткіші де көңіл қуантады. Жыл басынан бері салаға 14,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 8,7 млрд теңгесі негізгі капиталға, 2,2 млрд теңгесі тамақ өнімдерін өндіруге, 3,2 млрд теңгесі сусындар өндірісіне бағытталған. Өндіріс көлемінің өсуі экспорттық әлеуеттің артуына да әсер етуде. Қазір Шымкенттің агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің экспорт көлемі 112,2 млн АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің үлесі – 40 млн, мал шаруашылығы – 0,8 млн, ал қайта өңдеу өнімдері 71,4 млн АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден қорғау жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. 2026 жылы саяқ шегіртке тектестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 5,02 млн теңге бөлініп, Абай, әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарындағы 1 382 гектар аумақта тиісті жұмыстар толық жүргізілді.

Жалпы, Шымкенттегі агросаланың бүгінгі беталысы өндіріс көлемін ұлғайтумен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Заманауи технологияларды енгізу, су үнемдеу әдістерін кеңейту, жылыжай шаруашылығын дамыту, өнімді сақтау және қайта өңдеу инфрақұрылымын қалыптастыру саланың жаңа кезеңдегі негізгі бағыттарына айналып отыр.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы