Елдос Сметов сегіз жылдан кейін Азия ойындарына қайта оралады

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов сегіз жылдық үзілістен кейін Азия ойындарында қайта бақ сынайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қазақстандық дзюдошы Аичи-Нагояда өтетін құрлықтық додада 60 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғайды.

Бұл Сметовтің спорттық жолындағы үшінші Азия ойындары болмақ. Ол алғаш рет 2014 жылы Инчхонда өткен Азиадаға қатысып, финалда моңғолиялық Ганбат Болдбаатарды жеңіп, чемпион атанған еді.

Төрт жылдан кейін Джакартадағы Азия ойындарында қазақстандық спортшы жүлдеге жете алмады. Ширек финалда Солтүстік Корея өкілі Ан Джэ Ённан жеңіліп, кейін жарақатына байланысты жұбаныш белдесуіне шыққан жоқ. Ал Ханчжоуда өткен 2022 жылғы Азия ойындарына қатыспады.

Содан бері Елдос Сметов Олимпиададағы басты мақсатына жетті. Рио-2016 ойындарында күміс, Токио Олимпиадасында қола алған дзюдошы 2024 жылы Парижде чемпион атанды. Оның еншісінде әлем чемпионатының бір алтын және екі қола жүлдесі де бар.

Париждегі жеңістен кейін Сметов біраз уақыт ірі халықаралық жарыстарға қатыспады. Ол татамиге 2026 жылдың маусымында Циндаода өткен Гран-при кезеңінде оралып, бесінші орын алды.

Енді 34 жастағы қазақстандық дзюдошы араға 12 жыл салып, Азия ойындарының алтын жүлдесіне қайта таласады. Аичи-Нагояда Сметов 30 қыркүйекте татамиге шығады.