Жапон инженерлері соның бір жолын ұсынды. Ол – тоңазытқыш. Алайда оның ішінде сусын немесе азық-түлік сақтайтын ешқандай сөре жоқ. Оның орнына адам кіріп, отырып салқындайтын арнайы орын ғана бар.
Климат мамандары мен экологтар жердің жылынуын тежеудің жолдарын іздеп жатқанда, технология саласының өкілдері аптап ыстықта жүрген адамның денесін қалай тез әрі тиімді салқындатуға болатынын қарастырды. Осындай ізденістің нәтижесінде айдың басында Жапониядағы сауда автоматтары мен тоңазытқыш жабдықтарын шығаратын SDRS компаниясы Do Hiemon Box деп аталатын ерекше құрылғыны таныстырды. Құрылғының сыртқы пішіні кофе сататын автоматқа немесе тұрмыстық тоңазытқышқа ұқсайды. Артықшылығы – дөңгелектері бар, сондықтан қажет жерге оңай жылжытуға болады. Оның ішінде шамамен 15 градус температура сақталады. Адам кабинаға кіргеннен кейін салқындату жүйесі іске қосылып, ауа ағынының температурасы 5 градусқа дейін төмендейді.
Салқын ауа бүкіл денеге бірдей таралмайды. Ең алдымен дененің қатты қызатын бөліктеріне – мо-йын, желке, иық және арқа тұсына бағытталады. Құрылғыны сынап көргендер бес минуттың ішінде-ақ нәтиже беріп, жеңілдік сезінетінін айтқан. Өндірушілердің айтуынша, шамамен он минуттан кейін дененің шамадан тыс қызуынан туындаған әлсіздік пен қалжырау да бәсеңдейді. Адам кабина ішінде ұзақ отырып, шамадан тыс тоңып қалмауы үшін құрылғы 20 минуттан кейін автоматты түрде өшеді. Осыдан соң адам сыртқа шығып, жұмысын немесе күнделікті тіршілігін жалғастыра алады.
Қазіргі кезде Do Hiemon Box, яғни адамға арналған тоңазытқыштар жеке адамға емес, негізінен заңды тұлғаларға ұсынылып отыр. Оны құрылыс компаниялары, өндіріс орындары, зауыттар, қойма кешендері және ашық аспан астында іс-шара ұйымдастыратын мекемелер сатып ала алады. Яғни құрылғы ең алдымен кондиционер орнатуға мүмкіндік жоқ немесе ыстық жерде ұзақ уақыт жұмыс істеуге мәжбүр болатын адамдарға тиімді. Компания өкілдерінің айтуынша, мұндай құрылғыны жасау идеясына Жапонияда өте кең таралған сауда автоматтары түрткі болыпты. Елдегі көптеген автоматта сусындарды салқын температурада сақтау үшін арнайы тоңазыту жүйесі қолданылады. Инженерлер осы қағиданы адамға арналған шағын салқындату кеңістігіне бейімдеген.
Әрине, мұнда белгілі бір қайшылық та бар. Біз аптап ыстықтан қорғану үшін салқындатқыш құрылғыларды көбірек пайдаланған сайын электр энергиясына сұраныс артады. Ал энергия өндірісінің көбеюі өз кезегінде атмосфераның әрі қарай жылынуына ықпал етуі мүмкін. Соған қарамастан, Do Hiemon Box-тың тиімді тұсы бар. Оның ішкі көлемі ықшам және ол қысқа уақытқа ғана іске қосылады. Соның арқасында ол кәдімгі бөлмеге арналған кондиционермен салыстырғанда электр қуатын шамамен екі есе аз тұтынады. Дегенмен оның адам денсаулығына ұзақмерзімді әсері әзірге толық зерттелген жоқ. Адам ағзасының қатты қызып кетуі денсаулыққа зиян екені белгілі. Бірақ аптап ортада жүрген адамның күн ішінде бірнеше рет қатты салқындап, кейін қайтадан ыстыққа шығуы ағзаға қалай әсер ететіні жайында да нақты тұжырым айту қиын.
Адамды салқындатудың тағы бір бағыты – арнайы киімдер. Әсіресе ауа температурасы өте жоғары елдерде құрылысшыларға, қойма қызметкерлеріне, жол жөндеушілерге және ашық аспан астында еңбек ететін өзге де мамандарға арналған салқындатқыш киімдер көбейіп келеді. Мұндай киімдердің кейбірінде шағын желдеткіштер орнатылады. Олар сырттағы ауаны киімнің ішіне тартып, дене маңында тұрақты ауа қозғалысын қалыптастырады. Сөйтіп, тердің булануы жылдамдап, адам ыстықты жеңілірек көтереді. Солайша «жеке микроклиматын» қалыптастырады. Яғни бұл – шағын жеке кондиционердің бір түрі. Мұның басты артықшылығы адамға жұмысын тоқтатып, арнайы салқындату кабинасына кіріп отырудың қажеті жоқ. Жұмысшы қозғалысын жалғастыра отырып-ақ денесін салқындата алады.
Токиода тамыз айының ортасына дейінгі бір айдың ішінде аптап ыстықтан шамамен 120 адам көз жұмып, жаз бойы 63 мыңға жуық адам шұғыл медициналық көмекке жүгінген. Өткен жылдан бастап Жапонияда аптап ыстықта еңбек ететін қызметкерлерді қорғауға қатысты компанияларға қойылатын талаптар күшейтілген. Мәселен, құрылыс алаңдарында жұмысшыларға желдеткіші бар арнайы киім беру, кондиционер орнатылған демалыс орындарын ұйымдастыру және күн сәулесінен қорғайтын қалқалар қою міндеттелген. Кәдімгі кондиционерлер мен портативті салқындатқыштар белгілі бір деңгейде көмектескенімен, компанияның қойма аумағында жүк көліктері мен ауыр техниканың кіріп-шығуына арналған ашық кеңістіктер көп болғандықтан, бүкіл қойманы бірдей салқындату оңай емес. Міне, осындай әсерлер адам үшін тоңазытқыш жасауға ықпал еткен. Қазір бұл құрылғы Азия, Еуропа және Таяу Шығыстың бірқатар елдеріне шығарылды.
Жапонияда бұл бағыт Do Hiemon Box кабинасымен ғана шектелмейді. Жабдық өндіруші LIXIL компаниясы серіктестерімен бірлесіп Human Refrigerator, яғни «Адамға арналған тоңазытқыш» деп аталатын инновациялық салқындатқыш костюм де жасап шығарды. Ол ең алдымен жазғы аптап кезінде ашық ауада еңбек етуге мәжбүр адамдарға арналған. Олардың қатарында құрылысшылар, курьерлер, жол қызметкерлері және күн астында ұзақ уақыт жұмыс істейтін өзге де мамандар бар. Климаттың өзгеруі жалғасып, әлемнің көптеген өңірінде жазғы температура жоғарылай берсе, мұндай жеке салқындату құралдары тек өндіріс пен құрылыс саласында ғана емес, күнделікті тұрмыста да кеңінен қолданылуы мүмкін.
Бүгінде тосын көрінетін дөңгелегі бар «адамға арналған тоңазытқыш», мойынға тағылатын шағын кондиционер немесе салқындатқыш киім бірнеше жылдан кейін ыстық аймақтардағы үйреншікті құралдардың біріне айналуы ғажап емес.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ









