Бүгінде Қазақстан қоғамы тарихи эволюцияның жаңа белесіне қадам басып, мемлекеттік басқару мен қоғамдық институттардың өзара іс-қимылының жаңа үлгілерін жасақтау үстінде. Жаңа конституциялық реформа аясында мемлекеттік монополия бәсеңсіп, қоғамдық бақылау институттарының салмағы артты. Бұлар азаматтардың мемлекетті басқару ісіне тікелей араласуына кең жол ашып, әлеуметтік әділдіктің тетігіне айналмақ.
Қоғамдық институттардың жаңа түрлері
Тарихқа көз жүгіртсек, бабаларымыз шешім қабылдарда тек ханның не бидің сөзіне иек артпай, халықтың ортақ мүддесін ілгері оздыратын «Құрылтай» мен «Ақсақалдар кеңесі» сияқты институттардың күшіне арқа сүйеген. Халықтың биік рухы мен биліктің асқан әділдігі әдемі үйлесім тауып, өткеннің асыл мұрасын бүгінгі заманның озық талаптарымен ұштастыра білген елдің болашағы ғана баянды болмақ.
Осы орайда күні кеше абыроймен өткен Құрылтай сайлауы да Қазақстанның жаңғыруының нышаны саналады. Елдің Ата заңының аясында дүниеге келген Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі институттары – мемлекет пен қоғам арасындағы сенім мен диалогтың заманауи жаңа тірегі. Бұл мемлекеттік басқарудың тұжырымдамалық сипатын өзгертіп, ел тағдырын шешуде әрбір азаматтың пікірі шешуші мәнге ие болатын жаңа кезеңді айғақтауы керек.
Президент дәйектегендей, қазақ елінің көшбасшылары ел тағдыры талқыға түскен маңызды кезеңде елдік мәселелерді жеке өзі шешпей, Ұлытау төрінде немесе басқа да киелі жерлерде халық өкілдерін жинап, үш Жүздің басын қосып, Құрылтай арқылы бір байламға келген. Ол кезде ру басшылары, ақсақалдар мен батырлар бас қосып, елдің ішкі-сыртқы саясатын ақылдасып анықтайтын. Бүгінгі жаңа үлгідегі бірпалаталы парламент – Құрылтай институты сол бағзы заманғы халықтық демократия мен алқалы билік дәстүрінің заманауи, жоғары деңгейдегі құқықтық көрінісі. Өткеннің көзіндей болған қасиетті құрылтай рухы бүгінгі заманауи құрылым түрінде қайта түлемек.
Сондай-ақ конституциялық жаңғыру аясында алдағы күзде жоғары консультативтік орган – бұрынғы Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына құрылған «Қазақстан Халық Кеңесі» іске белсене кіріспек. Қоғамдық институттың бұл жаңа түрі халқымыздың бірлігі мен келісімінің темірқазығы болады деп күтіледі.
Оның құрамына әр саланың өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен азаматтық сектор мүшелерінің енуі – қоғамның барлық қабатының үніне биліктің құлақ асуының кепілі болуға тиіс. Бұл институт мемлекеттің ішкі саясатының бағыттарын айқындап қана қоймай, Құрылтайға заң жобаларын енгізуге және халықтық референдум өткізу бастамасын көтеруге құқылы. Тарихтан белгілі, хандар жанындағы «Кеңесшілер алқасы» мен билер соты халықтың бірлігі мен тыныштығын сақтауда басты рөл атқарған. Осы арқылы ұлан-байтақ Ұлы даладағы ұлық ұлысымызды ұйыстырып, ұстап қалды. Ынтымағы жарасқан елдің шаңырағы биік десек, Халық кеңесі сияқты парасат алаңдары – соның мызғымас қорғаны болса, құп.
Яғни жаңа Конституциядағы бұл институттардың маңызы – қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде. Заман талабына сай өзгерген Ата заң азаматтардың құқықтарын кеңейтіп қана қоймай, ұлттық бірлік пен тұтастықтың терең тамыр жаюына жол ашпақ. Бабалар аманат еткен бірлік пен әділдік жолы осындай салиқалы институттар арқылы жалғасын тапса игі.
Байырғы ұғымдардың жаңа тынысы
Қоғамның беріктігі кейде азаматтарын бір-бірімен жалғайтын институттарының өміршеңдігінен де танылады. Отбасы, қауым, өкілдік орган, азаматтық қоғам, жергілікті өзін-өзі басқару – бұлар мемлекет пен жеке адам арасындағы көзге көрінбейтін көпірлер. 2026 жылғы 15 наурыздағы референдумда қабылданып, 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция осы алтын арқаулардың құрылымына елеулі өзгеріс енгізді.
Бұл ретте Негізгі заңның 3-бабында «Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары» бекітілді. Оған Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау жатады. Мұның бәрі – билік пен қоғам арасындағы байланысты бекемдеп, азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына жол ашатын жаңа қоғамдық институттардың негізгі мұраты әрі басты қызмет бағыты.
4-бап Қазақстан халқын мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі деп жариялады. Халық төл билігін референдум мен еркін сайлау институттары арқылы тікелей, сондай-ақ мемлекеттік органдар арқылы жанама жүзеге асырады. Ал 5-бап идеологиялық және саяси әралуандылықты мойындап, қоғамдық бірлестіктердің заң алдындағы теңдігін бекітеді және мемлекет пен қоғамдық бірлестіктердің бір-бірінің ісіне заңсыз араласуына жол бермейді.
Демек, қоғамдық институт тек «мемлекетке көмектесетін ұйым» деген тар ұғыммен шектелмейді. Ол – азаматтың ортақ іске араласуының заңды арнасы. Бірлестік құру еркіндігі де Конституцияның 23-бабында азаматтың конституциялық құқығы ретінде бекітілді. Оның іске асуы қоғамдық мүддені білдіруге, кәсіби, мәдени, әлеуметтік немесе өзге ортақ мақсаттар төңірегінде азаматтарды топтастыруға мүмкіндік береді.
Отбасы институты – ұрпақ сабақтастығы
Қоғамдық институттардың ішінде адам тағдырына ең жақыны және мемлекет тағдырына ең терең әсер ететіні – отбасы институты. Отбасы – адамның алғашқы тәрбие мектебі, өзара жауапкершіліктің алғашқы кеңістігі. Ол мемлекет үшін ұрпақ сабақтастығы мен әлеуметтік тұрақтылықтың табиғи негізі. Сондықтан оның құқықтық қорғалуы жеке адамдардың тұрмысын реттеумен ғана шектелмейді, елдің ұзақмерзімді дамуы мен қоғамдық тұтастығына қызмет етеді. Бұл тұрғыда жаңа Конституцияда неке мен отбасы мәселесіне ерекше мән беріліп, оның мықты құқықтық қорғаны қамтамасыз етілген.
Ата заңның 30-бабының 1-тармағында: «Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Осы бір сөйлемінің өзінде үлкен философия жатыр. Өйткені отбасы қорғалса адам қорғалады, адам қорғалса қоғамның өзегі бекемделеді. Қазақтың «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөзі, осылайша конституциялық құқықтың тілімен қайта жаңғырады.
Конституцияның отбасы институтын реттейтін негізгі қағидаттары ер мен әйелдің некедегі тең құқылықтарын айқындап қана қоймай, қоғамның өзегі болған бұл шағын Отанның тұтастығын қорғайды. Мемлекет отбасының өміріне орынсыз араласпауға, оның құқықтары мен заңды мүддесін ілгерілетуге, отбасы мүшелерінің қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайына қажетті құқықтық тетіктерді қалыптастыруға тиіс.
30-баптың 2-тармағы некенің құқықтық табиғатын нақты белгілейді: «неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы». Мұнда бірнеше маңызды конституциялық қағидат қабысқан. Біріншісі – еріктілік: неке адамның еркін таңдауына негізделуі керек. Екіншісі – теңдік: ерлі-зайыптылардың құқықтық мәртебесі бір-бірінен жоғары не төмен қойылмайды, тең болады. Үшіншісі – мемлекеттік тіркеу: белгіленген тәртіппен рәсімделген неке ғана заңдық тұрғыдан танылады. Бұл қағидаттар отбасы институтын дәстүр мен құқықтың тоғысқан тұсы ретінде көрсетеді. Дәстүр шаңырақтың жылуын сақтаса, құқық оның мүшелерінің еркіндігі мен теңдігін қорғайды.
Отбасы институтын конституциялық қорғаудың тағы бір маңызды қыры – ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі. 30-баптың 3-тармағы балаға қамқорлық жасау мен оны тәрбиелеуді ата-ананың етене құқығы әрі міндеті ретінде бекітті. Демек, Конституция баланы отбасының жай ғана мүшесі емес, дербес құқықтары мен мүдделері бар тұлға ретінде қабылдайды.
Бұл ұстаным неке-отбасы заңнамасында да дамытылған: кодекс отбасының кәмелетке толмаған мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін басымдықты қорғауды, балалардың отбасында тәрбиеленуін, олардың өсіп-жетілуі мен әл-ауқатына қамқорлық жасауды мемлекеттің негізгі қағидаттары қатарына жатқызды. Қазақы дүниетанымда бала – әулеттің ғана емес, елдің ертеңі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бүгінгі отбасындағы тәрбие – ертеңгі қоғамның сипаты.
Ал 30-баптың 4-тармағы отбасы ішіндегі ұрпақтар сабақтастығын құқықтық міндет деңгейіне көтеріп отыр. Оған сәйкес, кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті. Бұл норма әлеуметтік мемлекеттің табиғатын отбасы институтымен сабақтастырады. Мұның қазақ қоғамындағы тарихи баламасы бар. Дәстүрлі ортада қарт ата-ананы бағып-қағу заң талабынан бұрын ар-ұяттың, перзенттік парыздың өлшемі саналған. Үлкенді сыйлау, жетімін жылатпау, жесірін қаңғытпау секілді әлеуметтік нормалар қоғамдық ынтымақтың бейресми құқықтық тетіктері қызметін атқарған. Ал бүгін сол жауапкершіліктің белгілі бір бөлігі заманауи құқық нормаларымен бекітіліп отыр.
Өз ауылыңнан басталған демократия
Қоғамдық қатысудың ең нақты өлшемі – адамның өз аула, ауыл не қаласындағы мәселеге нақты ықпал ете алуы. Жаңа Конституцияның 89-бабы жергілікті маңызы бар мәселелерді халықтың өз бетінше шешуін қамтамасыз ететін жергілікті өзін-өзі басқаруды таниды. Ол тұрғындардың тікелей қатысуы арқылы да, мәслихат пен жергілікті қоғамдастықтың өзге органдары арқылы да жүзеге асырылады.
Бұл баптың қарапайым азамат үшін маңызы зор. Себебі демократия тек 5 жылда бір рет – Құрылтай, 7 жылда бір рет Президент сайлауында дауыс берумен шектелмейді. Оның шынайы өлшемі – тұрғынның көшесінің, мектебінің, суының, қоғамдық кеңістігінің мәселесіне пікір білдіруі және сол пікірінің шешімге айналу мүмкіндігі.
Жаңа Ата заңның IX бөлімі «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» деп аталады. Оның 87-91-баптары жергілікті биліктің құрылымын, мәслихаттардың өкілеттігін, атқарушы органдардың қызметін және ең бастысы – жергілікті өзін-өзі басқарудың конституциялық негіздерін айқындайды. Бұл ретте мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару бір ұғым емес. Біріншісінде мемлекет атынан әрекет ететін органдар басым болса, екіншісінің өзегінде жергілікті тұрғындардың өз мәселесін өзі шешуі жатыр.
Осыдан жаңа қоғамдық институттардың басты мағынасын көруге болады. Құрылтай – өкілдік, Қазақстан Халық Кеңесі – диалог, қоғамдық бірлестіктер – ерікті азаматтық әрекет, отбасы – әлеуметтік жауапкершіліктің бас ордасы, жергілікті өзін-өзі басқару – жергілікті демократия, референдум институты – халықтың тікелей, ортақ шешімі. Бұлар бір-бірінен ірге ажыратқан аралдар емес, ортақ қоғамдық орта.
Жаңа Конституцияның тарихи салмағы – дәстүр мен заманауи құқықты сабақтастыруында. Даладағы кеңес пен бүгінгі диалогты ғасырлар бөліп тұрса да, екеуін жалғайтын ортақ ұғым бар: ел тағдырына жауапкершілік. Ол мемлекетке, қоғамға, азаматқа да жүктеледі. Қоғамдық институттардың атауы жаңарғанымен, түпкі мұраты өзгермейді: ел бірлігін сақтау, елдік мәселені ақылмен шешу, әлсізді қорғау, келер ұрпаққа кемел қоғам қалдыру. Себебі Ата заңның өміршеңдігін оның қағидаларын шындыққа айналдыра алған қоғам түзеді.
Айхан ШӘРІП









