Астанада Қазақстан Халық партиясының «Әлеуметтік Қазақстан» форумы өтті

Форумда адамға және оның өмір сүру сапасына қатысты мәселелерге басымдық берілді. Конгресте Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов модератор болды.

– Социализм – тең мүмкіндікке және халықтың басым бөлігінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жалғыз жол, – деді Н. Шоқанов. – Капитализм өзін-өзі сарқыды.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы капиталистік партия өкілдерінің «Құнанбайлар неғұрлым көп болса, соғұрлым біздің елде Абайлардың саны көп болады» деген мәлімдемесіне пікір білдірді.

– Қазір біз Абайдың шығармаларын оқып жатырмыз, Құнанбайдың байлығын есептеп жатқан жоқпыз, – деді Н. Шоқанов.

Іс-шара барысында түрлі кәсіби салалардың сарапшылары мен өкілдері сөз сөйлеп, заманауи әлеуметтік мемлекет қалыптастыру және ХХІ ғасырдағы қазақстандық социализмді дамыту жөніндегі көзқарастарын ортаға салды.

«Береке» мал шаруашылығының жетекшісі Жәнібек Кенжебаев агроөнеркәсіптік кешеннің күнделікті мәселелері туралы баяндады. Гендерлік теңдік жөніндегі сарапшы Әйгерім Құсайынқызы әйелдер үшін «шыны төбе» мәселесіне тоқталды. Инклюзия мәселелері жөніндегі сарапшы Рауана Сағадиева мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді және кедергісіз орта қалыптастыру мәселесін көтерді.

«Қорғау-Астана» қорының жетекшісі Анна Рыль отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға қатысты заңнамалық нормаларды түсіндірді. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дмитрий Ромащенко қоғам үшін ең үздік әлеуметтік лифтінің бірі саналатын мектептегі білім беру туралы баяндама жасады.

Конгресс қорытындысы бойынша Қазақстан Халық партиясы бірқатар меморандумға қол қойып, қазақстандық социализм манифесін жариялады.