CNBC телеарнасының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz қытайлық автоөндірушілердің қиындықтарының себебін түсіндіреді.
Қытайдың жолаушылар көлігі қауымдастығы автомобиль нарығына байланысты жылдық болжамын қайта қарап, 2026 жылдың қорытындысында нарық 14%-ға қысқарады деп мәлімдеді. Жыл соңына дейін шамамен 20,4 миллион автокөлік сатылады деп болжануда. Бұл өткен жылғы 23,7 миллион бірліктен айтарлықтай аз. Ал алғашқы алты айдағы жиынтық сатылым 8,7 миллион көлікті ғана құраған.
Sino Auto Insights негізін қалаушы Ту Ленің айтуынша, «бұл жыл өте ауыр болмақ». Оның пікірінше, сұраныс әлсіреген сайын өндірушілер арасындағы бәсеке одан әрі күшейеді.
Нарық құлдырауының негізгі себептерінің бірі – жанармай бағасының өсуі. Маусымда көлікке жұмсалатын энергия шығыны бір жылда 15,3%-ға артқан. Соның салдарынан жалпы іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерге сұраныс күрт төмендеген. Олардың сатылымы 39%-ға, ал таза бензинмен жүретін көліктер 42%-ға азайған.
Электромобильдер нарығы да қатты қысымға ұшырап отыр. Бейжің субсидияларды қысқартқаннан кейін тұтынушылық сұраныс әлсіреген. Сарапшы Сяо Фэннің сөзімен айтқанда, «мемлекеттік саясат сұранысты тек бір кезеңнен екіншісіне ауыстырады». Яғни, былтырғы жоғары сатылымның бір бөлігі кейінгі сұраныс есебінен қалыптасқан болуы мүмкін.
Көлік өндірушілер үшін жағдайды шикізат пен бөлшектердің қымбаттауы одан әрі күрделендірді. Литий батареялары мен жад чиптерінің бағасы өскендіктен, саладағы орташа рентабельділік 3,4%-ға дейін төмендеген. Қаңтар-мамыр аралығында автосектордың пайдасы 20%-ға азайған.Сарапшылар бұндай қысым нарықты қайта құрып, 2030 жылға қарай Қытайдағы электромобиль өндірушілердің санын жеті-сегіз ірі компанияға дейін қысқартуы мүмкін деп есептейді. Жылына 500 мың көлік сату – шығынсыз жұмыс істеудің ең төменгі шегі, 1 миллион – тұрақты пайдаға жетудің, ал 2 миллион – толық ауқымдық тиімділіктің көрсеткіші саналады.
Қазіргі көшбасшы BYD алғашқы жартыжылдықта 1,8 миллион көлік сатқан. Geely – 1,4 миллион, Leapmotor – 356 мың көлік өткізген. Дегенмен 2027 жылы нарық қайта жанданады деген үміт бар. Бұған ескірген автопаркті жаңарту және экспорттың өсуі ықпал етуі мүмкін. Маусымда Қытайдың жеңіл автомобиль экспорты бір жылда 82,3%-ға өсіп, 877 мың бірлікке жетті. Осылайша, Қытайдың автонарығы ішкі сұраныс жағынан әлсірегенімен, сыртқы нарықта жаңа мүмкіндіктерге үміт артып отыр.










