Жазушы Оралхан Бөкейдің ізі қалған қара шаңырақ

Осы ауылдағы жазушының ата-анасы тұрған қарашаңырақ бүгінде музейге айналған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мұнда Оралхан Бөкейдің өзі пайдаланған заттар, қолжазбалары, отбасының тұрмыстық бұйымдары мен өмірінен сыр шертетін жәдігерлер сақталған. Әр бөлме, әр бұйымның өз тарихы бар. Сол тарихты бізге музей қызметкері Динара Қайырбаева таныстырып шықты.

Музейге кірген бойда көзге түсетін жәдігердің бірі – жазушы отырған көне диван.

– «Бұл – Оралхан Бөкей отырған диван. 1965 жылы Үлкен Нарын ауданындағы “Еңбек туы” газетінде еңбек еткен кезінде осы үйге келіп тұрған. Музейге келген қонақтарға жазушы осы диванда отырып шығармаларын жазғанын айтып таныстырамыз. Бұл – үйден сақталған түпнұсқа жәдігерлердің бірі», – деді Динара Қайырбаева.

Экспозицияда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай жолдаған құттықтау хаты да қойылған.

Мұнда жазушының бала күнгі досы Нұрлан ақсақалдың суреті де сақталған.

– «Музейге келген қонақтарға бұл кісіні Оралхан Бөкей шығармаларындағы кейіпкерлердің прототиптерінің бірі ретінде таныстырамыз. Олар бала күнінен бірге өскен достар болған», – дейді музей қызметкері.

Жазушының өзі қолданған қаламы мен портфелі де экспозициядан орын алған.

– «Портфельдің ішінде “Қателіктің қасіреті” деп аталатын қолжазба сақталған. Бұл – музей қорындағы ерекше дүниелердің бірі. Қолжазба осы күнге дейін бізде сақтаулы», – деді Динара Қайырбаева.

Музейде Оралхан Бөкей оқыған мектептің тарихына қатысты материалдар да бар.

– «Бұл альбомда жазушы оқыған мектептің тарихы жинақталған. Сондай-ақ ауыл тарихына қатысты көптеген құжат пен сурет енгізілген. Ауыл тұрғындары үшін бұл мектептің орны ерекше. Бұл мектептің өзіндік тарихы бар.  Ол қазақ және орыс балалары қатар білім алсын деп арнайы екі корпусты мектеп  болып ашылған. Кейін Сұлтанмахмұт Торайғыровты арнайы шақырып, осы мектепте сабақ беруге мүмкіндік жасаған. Денсаулығын түзетіп, орыс тілін үйренемін деген ақын келісіп, дәл осы ауылда ұстаздық еткен»», – деді ол.

Келесі бөлме жазушының ата-анасы – Бөкей ақсақал мен Күлия ананың өміріне арналған.

– «Бұл – әкесі Бөкей мен анасы Күлияның жатын бөлмесі. Өздерінің төсектері, Күлия ананың көк сандығы, тігін машинасы мен күнделікті тұрмыста пайдаланған бұйымдары сақталған», – деді музей қызметкері.

Динара Қайырбаеваның айтуынша, Бөкей ақсақал мен Күлия ана ауыл арасында ерекше сыйлы адамдар болған.

– «Бөкей ақсақал сиыр фермасын басқарған. Бір ауыз сөзбен адамның ойын дәл табатын, өте шешен кісі болған екен. Ал Күлия ана наубайханада еңбек еткен, ән айтатын, өнерлі адам болыпты. Ел ішінде бұл кісілердің сөзге шешендігі туралы әлі күнге дейін айтылады», – деді ол.

Экскурсия барысында Күлия ананың көк сандығына қатысты естелік те айтылды.

– «Оралхан Бөкей Алматыдан келген сайын апорт алмасы мен кәмпит әкелетін. Ауылдың балалары ағаларын күтіп жүреді екен. Сонда Күлия ана көк сандықтан алма мен кәмпит алып, бәріне таратып береді. Бұл оқиғаны ауылдың үлкендері әлі күнге дейін айтып отырады», – деді Динара Қайырбаева.

Оралхан Бөкейдің анасның бөлмесіндегі тағы бір көзге түсетін жәдігер – ағаштан ойылған астау.

– «Бұл – Күлия анамыздың өзі қолданған астауы. Осындай ағаш астауға ет салынып, бүкіл отбасы дастарқан басына жиналатын болған. Үйдегі көптеген тұрмыстық бұйым секілді бұл да – әулеттен қалған түпнұсқа жәдігер. Сондықтан музейге келген әрбір қонаққа оның тарихын таныстырамыз», – деді музей қызметкері.

Жазушының балажан мінезі туралы да әсерлі естелік сақталған.

– «Жиендерін ертіп алып, “Зенит” фотоаппаратымен тауға шығып, суретке түсіретін болған. Балалармен бірге ойнап, табиғат аясында көп уақыт өткізгенін туыстары жиі еске алады», – деді ол.

Музейдегі жәдігерлердің арасында соғыстан кейінгі жылдардағы тұрмысқа тән гобелендер, жез ыдыстар, тігін машинасы сияқты бұйымдар да қойылған.

– «Бұл заттардың бәрі – осы әулеттің өз қолданысындағы дүниелер. Сондықтан олардың әрқайсысының біз үшін тарихи маңызы зор», – деді музей қызметкері.

Музей ауласындағы ең ерекше орындардың бірі – жазушы жиі отырған делінетін көк тас.

– «Оралхан Бөкей осы тасқа отырып, Алтайдың тауларына ұзақ қарайтын болған. Туыстарының айтуынша, бұл жерді ерекше жақсы көрген. Сондықтан музейге келген қонақтар бұл тасты да арнайы барып көреді», – деді Динара Қайырбаева.

Бүгінде Оралхан Бөкейдің музейі – жазушының өмірі мен шығармашылығын ғана емес, тұтас бір дәуірдің тынысын танытатын мәдени орын.

Мұнда сақталған әрбір жәдігер, айтылған әрбір естелік қаламгердің туған жерімен байланысын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді.